«Темір құрсауды жарып өту». Иранда қазақтар туралы деректі фильм түсірілді

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/akUx07eTegg114ELRYyvKYrN2e1cbR2LnidbZ04G.png

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Қазақ диаспорасы мекендеген елде жергілікті режиссер қандастар туралы деректі фильм түсіріп, олардың қазіргі салт-дәстүрі мен өткен тарихы жайында баяндайды.

80 миллион халқы бар Иранда аздаған қазақ диаспорасы тұрады. Айналдырған бірнеше мың қазақ миллиондардың жанында теңіздегі тамшы ғана іспетті. Иран көпұлтты мемлекет болғанымен, төлқұжатта адамдардың ұлты көрсетілмейді. Алайда жергілікті халықтан өзге ұлт өкілдері мен басқа діндегілердің салт-дәстүрі мен жол-жоралғысын ұстануына кедергі жоқ. Тек ортақ заңға қайшы келмесе болғаны. Осындай ортада өмір сүріп жатқан Иран қазақтарының бүгінгі тынысын жергілікті режиссердің көзімен көрсететін деректі фильм түсірілді.

МӘЖБҮРЛІ КӨШ

Ирандық режиссер Әмір Хушанг Данаидың «Темір құрсауды жарып өту» деректі фильмі қазақтардың күштеп қоныс аудару тарихынан сыр шертеді.

Фильмде Маңғыстау қазақтарының большевиктердің зорлықшыл саясаты мен ұжымдастыру салдарынан Иранның қазіргі Гүлістан провинциясына қоныс аударуы баяндалады. Бұған дейін «Темір құрсауды жарып өту» фильмі Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің профессорлары, парсы тілі оқытушылары мен ирантанушыларына, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінің профессорлары мен зерттеушілеріне көрсетілді.

Бұған дейін қазақстандық режиссерлер Иран қазақтары туралы бірнеше фильм түсіргені белгілі. Кейінгі жылдары қазақстандық блогерлер де Ирандағы қазақтар арасына барып, олардың қазіргі тұрмыс-тіршілігі туралы әлеуметтік желілерде баяндап жүр.

Алайда ирандық режиссерлердің назарынан бұл тақырып осы уақытқа дейін тыс қалып келген. Ұзақтығы 40 минут болатын «Темір құрсауды жарып өту» деректі фильмі – Иран деректі киносы тарихында алғаш рет осы тақырыпты көтерген туынды.

1929–1933 жылдары Иосиф Сталин басқарған Кеңес Одағы тұсында жүргізілген ұжымдастыру, мал-мүлікті тәркілеу және қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан Қазақстан халқының бір бөлігі Моңғолияға, Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға, Иранға және басқа да елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олардың бірі Ауғанстан, Моңғолия мен Қытайдағы туыстарын паналаса, енді бірі Иран, Үндістан, кейіннен Пәкістан, тіпті Сауд Арабиясы секілді қазақ диаспорасы бұрын болмаған елдерден пана іздеді.

Сол жылдары Маңғыстау қазақтарының бір тобы Иранға қоныс аударды. Бұл жайдан-жай бола салған жоқ. Олар Каспий теңізінің солтүстік-батысынан Түрікменстан жері арқылы ауыр көш жолын бастан өткеріп, сол кездегі Мазандаран уәлаятына, кейіннен Гүлістан аталған аймақтағы Горган, Күмбед және қазіргі Бандар-Түркімен қалаларына қоныстанды.

МАҢҒЫСТАУ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ІЗІМЕН

«Темір құрсауды жарып өту» фильмінің сценарий авторы әрі режиссері Әмір Хушанг Данаи Қазақстанда 22 жылдан бері тұрады. Ол Iran Press ақпарат агенттігі мен Иранның мемлекеттік телерадио ұйымының Қазақстандағы тілшісі. Бұған дейін бірнеше қысқаметражды фильм мен телехикая түсірген. Данаи – Ирандағы белгілі режиссерлер Масуд Кимиаи мен марқұм Әли Хатамидің шығармашылық мектебінен өткен маман.

Қазақстан университеттерінде өткен фильмнің тұсаукесерінде Әмір Хушанг Данаи туындының қалай түсірілгені туралы былай деді:

«Мен соңғы 4–5 жылдан бері Маңғыстау қазақтарына қатысты құжаттарды, мұрағаттық деректер мен ескі фотосуреттерді жинап, зерттеп келемін. Горган, Бандар-Түркімен және Күмбед қалаларындағы қазақ отбасыларының тұрмысын, әдет-ғұрпын түсірдім. Кейін жұмысымды Қазақстанның Ақтау қаласында жалғастырдым. Ал фильмнің кейбір көріністері Алматыда түсірілді», – деді режиссер.

Оның айтуынша, фильмнің монтажы бірнеше рет өзгертілген.

«Парсы тілінде түсірілген фильм алғашында екі түрлі нұсқада монтаждалды. Бірақ мен оларды қабылдамадым. Қазақстанда көрсетілген нұсқа – үшінші монтаждың нәтижесі», – дейді ол.

Фильм Абай университетінде көрсетілген кезде тарих профессорларының бірі: «Бұл фильмді оқу үдерісінде оқу құралы ретінде пайдалануға болады», – деген ұсынысын білдірді.

Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыс тілдері профессоры фильмде бірегей мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер пайдаланылғанын атап өтіп, Ирандағы қазақтардың өмірі жан-жақты көрсетілгеніне жоғары баға берді.

Ирандық режиссер Әмір Хушанг Данаидың «Темір құрсауды жарып өту» фильмінде 1980–1988 жылдардағы Иран–Ирак соғысына қатысқан қазақтар туралы да айтылады. Сондай-ақ Маңғыстауда кеңінен белгілі Ақбөбек–Қайып оқиғасындағы Ақбөбектің Иранға қоныс аударып, өмірінің соңына дейін сонда тұрғаны да сөз болады.

Бір ғасыр бұрынғы мәжбүрлі көштің нәтижесінде Иранда қалған қазақтардың саны бүгінде шамамен 3–4 мың адамды құрайды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін олардың бір бөлігі тарихи Отанына көшіп келді. Алайда атамекенге бейімделе алмай, қайтадан Иранға оралғандар да болды. Бұл мәселе де фильмде көрініс тапқан.


Бір айта кетерлігі, «Темір құрсауды жарып өту» – қазақ диаспорасы туралы сол елдің режиссері түсірген алғашқы деректі фильм. Осы уақытқа дейін мұндай туындыларды негізінен қазақстандық мамандар түсіріп келсе, енді Ирандағы режиссердің де бұл тақырыпқа ден қоюы қазақ диаспорасының тарихына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Жүсіп-Мұған Кедейұлы

Yorumlar
Diğer Haberler