Швейцариядағы келіссөздер. АҚШ пен Иран қандай уағдаластыққа қол жеткізді?

237
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YeZXzFJQLcYSsTSeWQskR7BDrndFBThzkfmilLDW.webp

Бүгін, 22 маусымда АҚШ пен Иран арасындағы делдалдардың қатысуымен өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі Швейцарияда аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Иран делегациясының құрамында парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи болды. АҚШ тарапынан кездесуге вице-президент Джей Ди Вэнс, АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер және арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты. Ал екі ел арасындағы келіссөздерге Пәкістан мен Катар делдал болды.

Al Hadath дереккөздерінің мәліметінше, Иран делегациясы АҚШ президенті Дональд Трамптың қоқан-лоқысына қарсылық білдіріп, келіссөз алаңынан 80 минуттан кейін кетіп қалған. 21 маусым кешінде Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Тегеран Ормұз бұғазын жабатын болса, Иранның «ел ретінде сақталмайтынын» ескерткен.

ТАСС агенттігінің дереккөзі 22 маусымда Швейцарияда АҚШ–Иран меморандумы бойынша жоспарланған техникалық консультациялар өтпейтінін мәлімдеді. Алайда Axios басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Иранның келіссөздерден шыққаны туралы хабарларға қарамастан, кеңестер күні бойы жалғасқанын жазды. Басылым мәліметінше, техникалық топтар келіссөздерді аптаның соңына дейін жалғастыру үшін Швейцарияда қалады.

Келіссөз қорытындысы бойынша Пәкістан мен Катар бірлескен мәлімдеме жасап, «үміт күттіретін ілгерілеу» болғанын және алдағы техникалық консультациялар үшін арнайы тетік құрылғанын хабарлады. Мәлімдемеде кездесу оң әрі сындарлы жағдайда өткендігі айтылған.

Тараптар 60 күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізуге арналған жол картасын бекіткен. Сондай-ақ екі ел арасындағы және Ливандағы жанжалдарды реттеу үшін үйлестіру орталығын құру жөнінде уағдаласқан. Бұл құрылым делдалдардың қатысуымен Ливандағы әскери әрекеттерді тоқтату туралы келісімнің орындалуын бақылауға бағытталады.

17 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан өзара түсіністік туралы меморандумға қашықтан қол қойған болатын. Бастапқыда келіссөздер 19 маусымда Швейцарияның Бюргеншток елді мекенінде өтеді деп жоспарланған, алайда кездесу кейінге шегерілді. Трамп оның бұзылуына Иранды кінәлады. Financial Times пен CNN мәліметінше, келіссөздер Израильдің Ливанға жасаған бірқатар соққыларынан кейін кейінге қалдырылған.

Yorumlar
Diğer Haberler