Иран Ормұз бұғазы арқылы мұнай экспортын қайта бастады

319
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/72EjJM2m4kJ02Q4M17s131TYc1cl54kRGUaww3Tm.jpg

Иран соңғы екі айда алғаш рет мұнай экспортын қайта бастады. Бұл туралы бүгін, 17 маусымда CNN телеарнасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Теңіз тасымалдарын бақылайтын TankerTrackers талдау компаниясының мәліметінше, ирандық танкерлер мұнайдың екі партиясын сәтті экспорттап үлгерген.

Спутниктік суреттермен расталған деректерге сәйкес, Иранның мемлекеттік танкер компаниясына тиесілі екі супертанкер шамамен 3,8 миллион баррель мұнай тасымалдаған.

Kpler дерегінше, танкерлер АҚШ әскери-теңіз күштері орналасқан аймақ арқылы кедергісіз өткен. Бұған дейін Иранның Fars агенттігі де ирандық кемелердің Ормұз бұғазындағы АҚШ блокадасы аймағынан өткенін хабарлаған еді.

Еске салайық, 15 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісімге қол қойылғанын және Ормұз бұғазында кеме қатынасы ішінара қалпына келтірілгенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұғаз толықтай 19 маусымда ашылады деп күтілуде. Трамп сондай-ақ бұғаздың қазірдің өзінде ішінара ашылғанын, кеме қозғалысы біртіндеп жанданып жатқанын айтқан.

Бұған дейін Иран АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыру кезеңінде 60 күндік жеңілдік мерзімін бергені хабарланған. Осы уақыт аралығында Тегеран бұғаз арқылы қауіпсіз өту үшін ақы алмайды. Жобаға сәйкес, теңіз тасымалдарын басқарудағы өкілеттіктер Иран мен Оман арасында қайта бөлінеді, ал өтпелі кезең аяқталған соң Иран тиісті төлемдерді алу құқығына ие болады.

Сонымен қатар бейбіт келісім жобасына атысты тоқтату, кеме қатынасына қойылған шектеулерді алып тастау, Ормұз бұғазының жұмысын толық қалпына келтіру, санкцияларды жою және Иран активтерін бұғаттан шығаруға қатысты тармақтар енгізілген.

Yorumlar
Diğer Haberler