Шағын қаладағы көктем

495
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iz8cSx9482efr7eJOXkrkZiixzxOvzLFenKivsAP.jpg

Жауын жауған түннің ертеңінде онсыз да тозығы жетіп тұрған тротуардың шұңқырын толтырып, үлкенді-кішілі көлшіктер жол бетін көрсетпей жайылып кетіпті. Етікшіден қайтып келе жатқан қыз қолынан жетелеген ағасының төрт-бес жас шамасындағы баласын аяғының дәл астындағы жайылып жатқан үлкен көлшіктен қалай алып өтерін ойланып, бір сәтке тоқтап қалды. Ойын жинақтап үлгерген кезде біреудің қарулы қолы баланы іліп алып, «оппааа» деп көлшіктің арғы жағына қоя салды да, бұларға қарап бір жымиып қойып, әрі қарай жолмен кете барды. Қыз оны таныды. Төртінші қабатта тұратын көршісі болатын. Оған рахмет айтпақ түгілі бас изеуге де үлгермей, соңынан бір сәт қарап тұрды да, содан соң көлшіктен өзі ептеп өтіп, баланы жетелей жөнелді. Екеуі жаңағы адамға риза болып бара жатты.

        Сол күннен бастап бұл кісіге құрмет пайда болып, көрген жерде онымен білінер-білінбес бас изеп өтетін болды. Оның ешкімге ашыла бермейтін мінезі, елмен қарым-қатынасының сиректігі, жалғыз өмір сүруі кейде қызды таң қалдыратын. Бұл үй тұрғындарының ол кісімен қарым-қатынасы жоқ. Бар болғаны, әредікте әйелдер бұл кісі туралы күбір-сыбыр бірдеңелер айтқан болады, бірақ оның бар-жоғына ешкім оншалықты мән бермейді. 

***

       Кешқұрым үйге сыймаған қыз сыртқа шықты, таза ауамен тыныстап, дем алғысы келді. Студент екеніне, ой тоқтатып қалған ақыл-есті қыз екеніне де қарамай, бұл үйдегі жақындары мұны әдейі байқамағансып, басына сөйлейді. Соған сай жауап қайтарса бәлеге қаларын біліп, үндемеуді әдет қылып алған. Әке-шешесі тірі болса бұлардың жанында өмір сүрмес еді!

      Көп қабат үйдің алдындағы ескі, тозығы жеткен орындықта терезелерден түскен жарықты паналап, анда-санда өзі тұратын алтыншы қабаттағы пәтердің терезесіне қарап қойып жалғыз отырған.

     – Жаураған жоқсың ба? – деген бейғам дауыс қыздың ойын шашыратып жіберді. Баяғы – «құтқарушы» көрші екен. Үндемей келіп, қыздың жанына қатарласып отырды да, темекісін тұтатты. Қыз оған білдірмей, көз жасын жеңімен сүрте қойды.

      – Күн суық болып тұр, көктем әлі толық келе қойған жоқ, – деп қойды ол темекісін бір тартып қойып. Қыз неге екенін қайдам, қайтадан жылағысы келіп кетті, өз ойынан арылу үшін көршінің сөзін қостады.

     – Иә, көктем келсе де, суық екен…

     – Сен бесінші қабатта тұрасың ба?  

     – Мм...жооқ, алтыншы қабатта.

     – Көктемнің суығы оңай емес, сыртта көп отырмау керек.

      – Мен үйден жаңа шыққанмын...

        Көрші иығын қусыра, өзің біл дегендей, темекісін тартып бітіп, орнынан тұрды. Кетуге оқталып тұрып, әрі қимай тұрғандай:

     – Менің үйіме кіріп шықсаң қалай? Салған суреттерім бар еді, көресің бе? – деді.

     «Иә, көрейін» – қыздан бұрын оның ішкі дауысы жауап берді.  «Көріп шыққым келеді» дегенді ішінен ойласа да, сырттай тартына түсті.

    – Қазір ме... Білмеймін... – деп еді, ол кісі үндеместен кетуге оқталды.  Не дерін білмеген қыз сөзін аяқтамастан, оның соңынан үндемей ере жөнелді. Осы кезде оған мұңынан арылтар біреу керек болып тұрған. Неге еріп бара жатқанын ойлағысы да келмеді. Бар болғаны көңілін дүрбелеңге салған ауыр ойлардан арылса... Олар бұл адамның пәтеріне тез-ақ жетті. Табалдырықтан аттаған қыз үй ішіне зор ынтамен көз салды. Иесінен басқа ешкімді танымаған, күтпеген күңгірт бөлмелер қызды немқұрайлы қарсы алды. Жұпыны көрінгенімен еш жерден кездестірмеген жайлылықты сезді. Бөлмелердің жарығын толық жағып шыққан үй иесі шала жабылған терезе перделерін дұрыстап жауып, одан соң қызға бас изеді.

      – Кел, кіре ғой..., – олар қапталдағы бөлмеге бас сұқты.

      – Мәссаған! – Қыздың жанары жайнап кетті.

– Мұның бәрін сіз салдыңыз ба?!

       Ол адам қызға орындық қойып берді де, үндемей қылқаламы мен бояуларын жинай бастады. Кірген бөлменің іші шашылып жатыр екен, суретшінің күнделікті қолданған заттары қалай болса солай қойылып, бояудың иісі шығып тұр еді. Бөлменің ішіндегі түрлі түсті, әрқайсысы керемет салынған суреттерге қыздың көзі жүгіріп кетті. Одан соң өзінен-өзі ұялып, ыңғайсыздана қалды. Қимылдаудан қорқып, қазір бірдеңе деп сөйлесе, не қимылдаса көз алдындағы сұлу дүние, көрініс ұшып кететіндей болып, суреттерден көз алмай қарай берді. Анау адам болса бірдеңелермен әлек болып жатып сұрап қояды:

     – Қалай екен? Суреттер ұнады ма?

     – Ұнады, қызықты екен...

     – Рахмет, қазір саған шай әкеліп берем, сен асықпай көре бер... Қаласаң сурет салып жатқанымды көрсең болады, бірақ мен үйрете алмаймын – ол өзінше ыңғайсыздана жымиып қойды. Оны бірінші рет жақыннан, жарықта көргені осы болды. Көздері көкшіл, қастары қалың, бидай өңді, шамасы қырық бес жастардағы жүзі ашық жан екен.

     – Менің үйренуге қызығушылығым жоқ, – деді қыз алғаш рет ұяңдығын жеңіп толық сөйлеп, – Сіз жалғыз тұрасыз ба?

     – Жалғыз тұрамын, – ол абдырай жауап беріп, одан ары сөзін жалғастырғысы келмей шығып кетті. Көп уақыт өтпей екі ыдыспен шай алып келді. Қыз тоңып қалғанын енді сезді, тұла бойы құрысып қалған екен. Екеуі үндемей, картиналарды көріп отырып, шай ішті. Кетуім керек деп ойлады ішінен, бірақ қабырғаға ілінген сөредегі суреттерге қарап, кетпей отыра берді. Бәрінен де қызды көбірек арбап тұрған сонау бір күздің суреті болды. Айнала түгел қызғылт-сары, сарғыш жапырақтар жерде шашылып жатыр. Әдемілік. Тып-тыныш. Суреттің өзінде жаймашуақ тыныштық сезіледі. Ондай жерде ешкім ешкімге ашулана алмайды. Осындай жерде біреудің біреуге ашуы келуші ме еді?! Елестетші, – деп ойланып отырып, өз үйін сағынып, мұңайып кетті. Қайтадан суреттерге қарады. Анау бокалдағы мөлдіреген ішімдіктер зор ынтамен салынса керек. Оны салып отырып суретшінің өзі де шөлдеп, шарап ішкісі келгендей ме, қалай?!

       – Сізді іздеп қалмады ма екен?.. – деген дауыс шошытып жіберді.

      – Шынында да! Кетуім керек... 

***

        Үйіне келе жатып қыз суретші жайлы «Оның өмірі қандай жақсы…» деп ойланды. Оның үйіндегі, өміріндегі жайлылыққа шынында да қызықты! Күндердің бір күнінде сол кісі сияқты өзінің үйінде жалғыз, тыныш және қалаған ісімен айналысып, өмір сүре алар ма екен? Сондай өмірді аңсап кетті. Өмірі дәл осы көршісінің өміріндей болуын аңсады! Үйінің күңгірттігі де, терезе перделері де, шай ішкен шыны ыдысы, сол шынының ішіндегі шайдың жағымды дәмі де дәл сол кісінікіндей болса! Не жұмыс істейді? Егер осындай мүмкіндік болса, ол немен айналысады? Қыз енді өзі жөнінде ойланды, нені жақсы көріп, неге қызығатыны туралы әлі жақсы білмейді екен. Құдайдың құтты күні таң атпастан сабағына жүгіреді, одан соң тапсырмаларды орындау үшін кітапханаға жүгіреді. Өмірі осы – сабақ, үй, үйдегі бітпейтін шаруалар. Ағасының үйіндегі шаруалардың бәрі мұның мойнында...

      Кейін, ара-арасында уақыт тауып суретшінің шеберханасына бас сұғып тұратынды әдетке айналдырып алды. Қыздың күтпеген жерден есік қағып кіріп келгенін суретші елестете алар емес. Үндемей бас изескен болады, анда-санда жымиып қояды... қыз демін ішіне алып, оның беріле салып жатқан картинасына қарап бірер сәт отырады. Суретшінің жасап жатқан ісі де, тұрпаты да жағымды. Қарап отыра бергісі келеді. Жанынан кеткісі келмейді. Бірақ қыздың келгенінен кеткені тез, жарқ етіп кіріп келгені қандай аяқ астынан болса, суретші оның қай кезде жылт етіп шығып кеткенін де сезбей қалады.

    – Биылғы көктемнің бөртегүлдері керемет гүл ашты. Мен сені бөртегүлмен бірге кенепке түсірсем бе деймін, егер сен қозғалмай тыныш отыра алсаң... – деді бір күні қызға шай мен тәтті ұсынған суретші. Ол қыз үшін үнемі тәтті сатып әкеліп қоятын.

   – Мені ме? – Қыз ынтызар кейіппен оның көзіне жадырай қарады. Суретшінің көзқарасынан шын пейілден айтылған сурет салу туралы ұсыныстан басқа ешнәрсе таба алмады.  Демек шын айтып тұр.

    – Иә, сені саламын, көресің ғой, әдемі етіп саламын, сұлу емеспін деші, бірақ мен сені сұлу қыз етіп сала аламын! – деді әзілдеп.

    – Қашан? – Қыздың жанары жайнай түсті.

    “Қарашы мұны, дәл кішкене баладай... Кішкене бала емей...” Суретшінің іші елжіреп, қызға қарап, ойлы кейіппен жымиып отырды.

– Қаласаң ертең-ақ бастаймыз, сенің сабақтарыңа, уақытыңа қараймыз. Басқа мәселе жоқ...

      Қыз ертеңгі күннің келуін, бір шоқ бөртегүл салынған вазаның жанында күлгін түсті, бәлкім ақ түсті көйлек киіп, суретшінің алдында отырғанын елестетіп, ұйқысы қашып, түні бойы дөңбекшіп шықты.

     Бірақ ертеңінде, одан кейінгі күндері де сабақтан, үй шаруаларынан босамай, суретшінің сурет салуы үшін отыруға лайықты уақыт таба алмай жүре берді. Бөртегүл гүлдеген мезгілдің аяқталып бара жатқанын сезді. Олар бұл суретті мамыр айының соңғы күндері әрең бастады. Сурет салу ісі басталған күні қыз ақ көйлекпен келді. Суретші оны үнемі өзі келгенде отыратын жұпыны, бірақ ыңғайлы орындыққа қиғашынан отырғызып, жарасымды аяқтарын қайшыластыра түзеп, қолына бөртегүлдің әдемі гүлдестесін ұстатты. Бұл бөртегүлдер осы жылда кеш гүлдегендері еді.  Суретші қыздың бірде сол жағына, бірде оң жағына өтіп, зер сала қарап, қайтадан алыстан бір қарап, әуреленіп жүріп бір шешімге тоқтады да: “Осылай отыр, артық қимылдама”, – деп жұмысын бастады.

     Шаршай бастағанда екеуіне шай, не кофе алып келеді. Кейде олар болмашы бір нәрсе жайлы сөйлесіп, бір-біріне ұқсамайтын әзілдерді айтып, күлкіге қарық болады. Ол қыз туралы көп білгісі келмегендей, оның университеттегі оқуы, үйдегі тіршілігі туралы сұрамайды. Ал жұмыс кезінде бар назары қызға ауып, керек болса қыздың әр тал шашы да оған маңыздыдай қарап, қылқаламын қолға алады. Бірақ қыз суретті әлі көре алған жоқ. Қанша өтінсе де, суретші оған әлі салынып бітпеген жұмысты көрсетуден бас тартты. “Толық аяқталғанда көресің, қазір емес” –  деп қойды. Жаз келіп қалды.

***

      – Сен анау суретшіге бара бергеніңді тоқтат, ол саған күйеу болып жетістірмейді. Әлде бізді байқамайды, білмейді деп ойлап жүрсің бе?! Болмаса, біржола соның үйіне кіріп ал. Қанша уақыттан бері көршілер әңгіме қылып жатыр, – деді бір күні жеңгесі.

      Қыз өзін де, ол кісіні де арашалап алғысы келіп, ақталайын деді:

    – Сіздер ойлағандай емес... Ол үлкен кісі емес пе?! Бар болғаны: ол көптен бері менің суретімді салып, бітіре алмай жүр.

     – Ааа... Оның саған ешкім емесін білген соң, сені жайыңа қойдық қой. Бірақ сен байқап жүр, жарай ма? Әңгіме онда емес.

     – Енді неде?

     –  Жақында үйге адамдар келеді, сені көру үшін… Жігітпен танысып көр. Әке-шешеңнің аруағы әрқашан разы болуы үшін сені жақсы, жайлы жерге тұрмысқа ұзату – ағаң екеуіміздің міндетіміз. Мені тыңдамасаң да, ағаңның сөзін екі ете алмайсың. Енді жиі-жиі әлгі кісінің үйіне барғаныңды қой. Ұят болады.

     Адамдар, жігітпен танысу деген сөздерден соң қыз суретші жөнінде, суреті жайында ойлауға, жеңгесіне жауап қайтаруға да шамасы келмей, мелшиіп, тұнжырап қалды. Негізі жеңгесі екеуі көп сөйлеспейді. Өзінің жеңгесіне жақпайтынын іші сезеді.

     Біраз күннен соң шынында да бейтаныс адамдар қонақ болып келді. Сән-салтанатты. Бақыт құсын қолдарына қондырып алып осы үйге, осы қызға алып келгендеріне олар сенімді еді.                                                            

***

        Бір жұмадан бері жауын жиі-жиі жаууда. Жақында күз басталады. Суретші әлі салынып бітпеген қыздың суретіне қарап ойланып отыр. Соңғы кезде қыздың көңіл-күйі жоқ, әуелгі кездегідей жиі келмейді. Кей кезде суретті жалғастырайық деп келеді, бірақ енді-енді жұмыс басталғанда өзінен-өзі булығып, көзіне жас келе бастайды… Күздің соңындағы сұр бұлттай түнереді де тұрады. Көзінен мұң байқалады. Мұндай көңіл күймен қайтіп жұмыс істейсің? Суретші іштей әбігерленіп кетеді.

    – Саған не болды, тентек? – Ол қызды осылай еркелетіп қоятын.

     – Біреу ренжітті ме?

– Жоқ…

      Суретші қыздың көңіл-күйін түрлі әдіспен сұрап көрді. Қыз ештеңе айтпады.

      Кейінгі кезде бұл адамның да жүрегі көп ауыратын болды. Анығы, соңғы күндерде қыздың келмей-ақ қоюын ойлап, суретті де ары қарай салмай-ақ қойсам ба деді. Келмесе екен… Келіп тағы себебін айтпай, жүректі ауыртып жыламаса екен деп тілейді. Бірақ бөлменің бір бұрышында тұрған қыздың шала салынған суреті оған үнемі маза бермейді. Қолы босай қалғанда суретке қарап отырып: «Байғұс, әлі өзі де көрмеді. Мен оның ақ көйлегін қызыл көйлек етіп, шаштарын жинап қойғанымды көрсе қуанар еді. Оған шашын жинап қойған жақсы жарасады екен шынында, өзі де жақсы қыз…», – деп ойға кетеді.

***

          Күйеуге ұзатар күні оны әбден жасантып, бояп-сылады. Сол күні қыз бірінші рет әйелдердің сұлулық салонына кіріп көрді. Бір заматта-ақ шашынан кірпігіне дейін өзгеріп шыға келді. Өзін айнадан қарап, басқа бір жат біреуді көргендей, ыңғайсызданып, көңілі толмай тұрды. «Бұл анық мен емеспін…» – деді ішінен күбірлеп.

       «Бұл мен емеспін ғой, басқа біреу сияқтымын. Бұған қарағанда, өзімнің түр-әлпетім дұрыс еді…» – деп кейіді. Бірақ оны ешкім ести қойған жоқ.

    – Бәрі әдемі болды!

     – Бол, тезірек!

– Кешігеміз! – деп тұс-тұстан қыз-келіншектер қоймай жүріп, әрең алып шықты.

      Күйеуге ұзатылып жатқан салтанатты сәтте біртүрлі күйде, өзіне-өзі келе алмай, осының бәрі өңінде емес, түсінде болып жатқан оқиғадай қабылдап, бұған өзінің қатысы жоқтай, жат біреудей шеттеп тұрды. Болашақ күйеу жігіттің елмен араласып, жұртпен қосыла думандатып, ел күлсе қоса күліп, еш тартынбай сөзге араласып жүргеніне қызықты.  Танысып, бұған дейін екі-үш рет кездескен. «Жақсы жігіт. Бірақ…»

     ... Осы «бірақтың» не екенін қыз қазірше өзі де түсіне қойған жоқ.

      Сыртта да ән-би, думан жалғасып, ыдыстарға ішімдіктер құйыла бастады.  Қазір біржола ұзатылады… Бір ыңғайлы сәтті пайдаланған қыз әдейі жанындағыларға естірте:

        – Мен қазір келем. Бір нәрсені ұмытып кетіппін, – деп үйдің кіреберісіне асығыс кіріп кетті. Тура төртінші қабатқа көтеріліп, суретшінің есігін бар күшімен қағып-қағып жіберді. Ол да мұның келерін білгендей есігін тез аша қойды.

– Сен ренжіп қалмасын деп қоштасып кетейін дедім… – Қыз кінәлі жандай жерге қарады.

           Ол қызды үндемей құшақтап, бауырына басты. Қыздың мұрны оның иығына тиді.  Бойжеткелі алғаш рет ер адамның құшағында тұрған қыз суретшіден мейірім сезді. Ащы тер, бояу және иіссу араласқан оның иісі қыздың басын айналдырып жіберді. Бұл иіс құдды әкесінің иісіндей сезіліп, осы кезде суретші емес, өз әкесінің құшағында тұрғандай, өз әкесімен қоштасып тұрғандай еңіреп жылап жіберді. Таңертеңнен бері не қуанарын, не жабырқарын білмей, әркімнің аузына бір қарап, әркімнің ығына жығылып, өң мен түстің арасында жүрген қыз осы сәтте ыза мен өкініштен бірден өзін тастап жіберіп, қанша айдан, қанша күннен бері төгілмеген көз жасын төгіп жіберді. Суретші үндемей ғана қызды құшақтап тұра берді. Ол да жылап тұрғандай, денесі білінер-білінбес дірілдеп тұрды. Қызға салса, қазір суретшінің жанынан ешқайда кетпес еді! Бірақ ақыл тоқтатып қалған адам қыздан өзін біраз алыстатып, жүзіне қарады да, білінер-білінбес жымиып:

– Енді баруың керек. Бет-ауызыңды жуып ал, – деді.

        Қыз өзін айнадан көріп күліп жіберді. Бетбояуларының бәрі көз жасымен жуылып, араласып, беті айғыз-айғыз болыпты. Оны қарап, бәрін байқап тұрған суретші мейірімді, біртүрлі мұңлы жымиды. Бет-ауызын тап-таза етіп жуып, кәдімгідей жеңілдеп қалды. Шығарында ол қызды бір құшақтап, бетінен сүймекші болды, бірақ қыз ұялып жерге қарай қалды. Бетінен емес, самай шашынан сүйіп қалды. Қыз ештеңе айтуға шамасы келмей шыға жөнелді.  

          Суретші оның баспалдақпен төмен түсіп бара жатқан жеңіл қадамдарын тыңдап біраз тұрды. Ол жабырқауды жек көруші еді, жабырқаудан әбден жалықққан. Дәл қазір оған жабырқау мен мұң қаптап келе жатты… 

***

         Қыс жақындап, бір мезгілден екінші мезгілге ауысып жатқан табиғаттың сәні кетіп, жапырағы түсіп біткен ағаштар арбайып, шағын қаланың әр бұрышынан топ-топ болған қарғалардың қарқылдаған хоры естіліп жатыр.  Сыртта суық. Көшеде жаздағыдай жайбарақат, өмірге еркелеген жастар қазір көрінбейді. Адамдар әйтеуір тынымсыз, әр жаққа асығуда. Суретші бүгінгі күнмен емес, ертеңгі күнмен емес, біртүрлі, белгісіз өмір сүріп қалды. Ой-санасы шашырап, ешбір істің аяғына шыға алмай, отырып-ақ шаршап кететін болған. Осы күндерде қызды ғана ойлады. Ойламай қоюға тырысқан сайын көп ойлайды. Бәлкім ағасының үйіне төркіндеп келіп қалар деп күтті. Бірақ қыз көрінбеді. Соңына қайырылмауға, көрінбеуге сөз беріп кеткен бе екен?..

         Бірақ… Құдайдың мейірімі түскен бір ғажайып күнде суретшінің есігі қағылды. Қаққанынан кім екенін таныды. «Сол, сол…» – деді қуанып.

       Орнынан атып тұрып, есікке қалай жетіп барғанын білмей қалды. Есікті аша салып, дәл алдында тұрған қызды қатты құшақтай алды. Оны соншалық сағынған екен! Құдды бір бауырын, жан досын, әке-шешесін зарығып күткен адамдай құсаланыпты.

   – Келдің бе?..

       Олар бір-бірін көргенге қуанып, көздерін жас жуған бойы бір сәт қарап тұрысты.

    – Мен саған біржола келдім, – деді қыз.  

       Басын көтермей, көтерсе дайындап келген сөзін айта алмай қалатындай болып, баяу үнмен:

     – Сені қатты сағындым, саған деген сағыныш басқа біреудің жанында өмір сүруге мүмкіндік бермеді… Маған сенен басқа ешкімнің керегі жоқ, – деді.  

     ...Алда қандай шу, дүрбелең оқиғалар күтіп тұрғанын сезсе де бұл жолы суретшінің қызға ақыл айтқысы келмеді. Өзіне қарағанда қыздың ақылдырақ екеніне шын көңілімен сенгісі келді. «Бәріне шыдаймын, тек сені қайтадан ұзатуға шыдамаспын… Суретіміз де салынып біткен жоқ, маған салса ол суретті өмір бойы салып отыра беруге дайынмын» деді ішінен.

   – Тентек, тентегім менің!  Жаурадың ба? Кіріп, орныңа отыршы, тоңып кетіпсің. Қазір мен саған ыстық шай мен тәтті…

      Берерге асын, айтарға сөзін таппай асты-үстіне түскен суретшінің сүйкімді келбетіне қарап тұрып қыз сол сәтте өзіне бұдан артық бақыттың керек емес екенін сезді…

Махаббат Саидрахманова,

қырғыз жазушысы

Қырғыз тілінен аударған – Саят Қамшыгер

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler