Жамбылдан қола дәуіріне тән мыңнан аса таңбалы тас табылды

317
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/y14E4upr93tpS9KgCqt9QisxcTTovBOxJsYN5C7V.webp

Жамбыл облысындағы Жуалы ауданынан қола дәуірі мен түркі кезеңіне тән мың жарымға жуық таңбалы тастардың қалың шоғыры анықталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.

Ғалымдар бұл көне суреттерді Кіші Қаратау жотасындағы Бұрхансай шатқалынан тапқан. Зерттеушілердің айтуынша, ғылымда петроглифтер деп аталатын бұл ескерткіштер б.з.д. мыңдаған жыл бұрын қашалған болуы мүмкін.

Ұзындығы шамамен 8 шақырымды құрайтын Бұрхансай шатқалы бойынан қола дәуірінен бастап темір дәуірі мен түркі кезеңіне дейінгі тарихи іздер сақталған. Жуалы тауларында алғашқы петроглифтер бұдан 54 жыл бұрын кеңестік археологтар тарапынан анықталған. Ал 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы Күркіреу су ауылы маңында зерттеу жүргізіп, бірқатар таңбалы тастарды тіркеген болатын. Алайда аумақ толық зерттелмеген күйі қалған. 18 жылдан кейін қайта жүргізілген экспедиция барысында 1200-ден астам жаңа жартас суреті табылып отыр.

Тастарда аң бейнелері, әсіресе тау ешкілері мен бұғылар жиі кездеседі. Сонымен қатар бір өркешті түйе бейнелері де көптеп салынған. Ғалымдар бұғы аулау көріністері бұл өңірдің сақ және қаңлы дәуірлерімен байланысын көрсететінін айтады.

Кейбір тастарда жазу да кездескен. Солардың бірінде «Менің ер атым — Аба!» деген сөз қашалған. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жазу көне түркі дәуіріне, шамамен VIII–X ғасырларға тиесілі болуы мүмкін. Қаріптер Талас тармағына жататын көне руна жазуы стилінде қашалған.

Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор Ералы Ақынбектің айтуынша, табылған ескерткіштердің ғылыми маңызы өте жоғары. Дегенмен бұл нысандар әлі күнге дейін ресми түрде жергілікті немесе республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілмеген.

Ғалымдар алдағы уақытта бұл аумақты кеңінен зерттеп, ғылыми айналымға енгізуді және көпшілікке таныстыруды жоспарлап отыр.

«Таңбалар негізінен қола, ерте темір және түркі кезеңдерін қамтиды. Әсіресе жануарлар бейнесі өте көп», – дейді мамандар.

Yorumlar
Diğer Haberler