Гибрид көліктерге салынған қосымша салық. Депутат жауаптыларды жазалауды сұрады

323
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IKlZ8qmXSNKMep7sEpgw4S9bLIqw5h4J26rT8Mz4.webp

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қытайдан әкелінген гибридті автокөліктерге қатысты туындаған резонанстан кейін Мемлекеттік кірістер комитетін қатаң сынға алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Менің депутаттық сауалым жүздеген қазақстандық отбасы мен кәсіпкерлер тап болған күрделі жағдайға байланысты. Бұған мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрі агрессивті әрекеттері себеп болды. Әңгіме BYD DESTROYER 05 маркалы танымал гибридті көліктерге қатысты кедендік баждар мен айыппұлдардың «кері күшпен» жаппай есептелуі туралы болып отыр. Бұл кейс – мемлекет басшысы жүйелі түрде ілгерілетіп отырған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын айқын көрсететін мысал. Мұнда азаматтардың құқығы, құқықтық айқындық және мемлекетке деген сенім барлық мемлекеттік органдар үшін сөзсіз басымдық болуы тиіс», – деді Құспан депутаттық сауалында.

Заңгер Конституцияға сәйкес азаматтардың жағдайын нашарлататын нормаларға кері күш беруге болмайтынын еске салды. Алайда оның сөзінше, іс жүзінде кейбір министрлік, ведомстволар мен өңірлік департаменттер заңды тек бюджет мүддесіне қарай түсіндіріп, қарапайым азаматтардың құқығын елемей отыр.

«Жергілікті шенеуніктер бүгін бір нәрсеге рұқсат беріп, ертең ойларын өзгертіп, кеше өздері бекіткен ережелер бойынша азаматтарды жазалай алады деп есептейді. Мұндай тәжірибе қоғамның мемлекетке деген сенімін әлсіретеді және Президент жүргізіп отырған құқықтық реформалардың мәніне қайшы келеді. Азамат ведомстволық хаостың құрбаны болмауы тиіс», – деді Құспан.

Гибрид көліктерге қатысты жағдайға тоқталған депутаттың айтуынша, азаматтар мен импорттаушылар көлікті кедендік рәсімдеуден бұрын Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгінген. Кеден органдары ресми мемлекеттік сараптама жүргізіп, қозғалтқыш қуатын өлшеп, тауарды жіктеу жөнінде алдын ала ресми шешім берген. Сол құжатқа сәйкес бұл көліктерге кедендік баж 0% болған.

«Азаматтар мемлекетке сеніп, кеден талап еткендей декларацияны толтырып, барлық төлемді төлеп, нөмір алған. Бірақ біраз уақыттан кейін салық және кеден органдары кенеттен өз шешімін өзгертіп, «қателестік» деді. Енді өткен кезеңдер үшін миллиондаған теңге төлеуді талап етіп отыр», – деді заңгер.

Оның айтуынша, бұл есептеулердің негізі ретінде тәуелсіз жаңа сараптама емес, New Energy Vehicles Kazakhstan атты коммерциялық компанияның хаты алынған. Депутат бұл компанияның бәсекелестерді нарықтан ығыстыруға мүдделі екенін айтып, мүдделер қақтығысы бар болуы мүмкін екенін жеткізді.

Сонымен қатар ол мемлекеттік кірістер органдары азаматтардың банктік шоттарын алдын ала ескертусіз бұғаттап, заңды түрде шағымдану құқығын пайдалануға мүмкіндік бермегенін атап өтті.

«400-ден астам отбасы, 5 мыңнан астам азамат зардап шекті. Шоттар бұғатталып, бизнес тоқтады, адамдар ауыр әлеуметтік жағдайға түсті», – деді Құспан.

Ол Қаржы министріне ресми сауал жолдағанын, бірақ мәселені министрлік деңгейінде шешудің орнына оны МКК төрағасының орынбасары деңгейінде қарауды ұсынғанын айтты. Депутат мұны азаматтардың мәселесіне салғырт қарау деп бағалады.

Мәселе қоғамда кең резонанс тудырған. Осыған байланысты ол Парламент пен депутат мәртебесі туралы Конституциялық заңның 27-бабына сүйене отырып, бірқатар шара қабылдауды сұрады:

  • МКК басшылығы мен өңірлік департаменттерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізу;
  • Заңсыз шешімдерді жою және сотқа дейін азаматтардың шоттарын дереу бұғаттан шығару;
  • Салық органдарының бір компанияға артықшылық беріп, бәсекелестікті шектеу фактілерін тексеру.

Сондай-ақ ол бұл жағдайға жол берген лауазымды тұлғаларды қатаң жауапкершілікке тартуды талап етті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Қытайдан әкелінген гибрид көліктер иелеріне қосымша салықтар есептелгені туралы ақпарат тараған еді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде шоттардың бұғатталғаны туралы хабарламалар тараған, алайда МКК бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler