Жалақы дауы. Шайдоров министрлікке жауап берді

368
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jIPg7Itc1RN5SHTTTU4TYmo18UKSDskqnCXYGqNH.webp

Мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақы төлемдері мен келісімшартқа қатысты Туризм және спорт министрлігінің түсініктемесіне жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Спортшы қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, мемлекеттік органдармен «дауласқысы келмейтінін», алайда жағдайға түсінік беруді маңызды санайтынын мәлімдеді.

Шайдоровтың айтуынша, ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алып, еңбек сіңірген спорт шебері атағына қойылатын талапты орындағанымен, осы уақытқа дейін тиісті куәлікті алмаған.

«Маған қызыл кілем төселген салтанатты рәсімнің қажеті жоқ. Куәлікті пошта арқылы конвертпен жіберсе де алуға дайынмын. Бұл куәлік – он жылдық еңбегімнің нәтижесі. Олимпиада ойындарындағы жеңіс үшін берілетін сыйақыға келсек, бұл рәсімнің белгілі бір уақытты қажет ететінін білемін және осы бағытта жұмыс жүріп жатқанына сенімдімін. Бұл мәселеге қатысты менің ешқандай шағымым жоқ», – деді ол.

Спортшы өмір бойы төленетін төлемдерге қатысты ақпаратты министрлік дұрыс түсіндірмегенін жеткізді. Шайдоров мұндай төлемдерді алу үшін кемінде 20 жыл еңбек өтілі болуы қажет екенін, ал өзінің жасы небәрі 21-де екенін айтты. Сондықтан мұндай қолдау туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін атап өтті.

«Жалақы мәселесіне келсек. Басқа да көптеген жоғары дәрежелі спортшылар сияқты мен жалақыны Федерация мен Спортты дамыту дирекциясынан аламын. Федерациямен келісімшарт жасалған. Бірақ маған айтылғандай, Спортты қолдау қоры қаржыландыру туралы өтінімді қарап жатқандықтан төлемдер кешіктірілуде. Соның салдарынан мен де, менің командам да бес айдан бері жалақы алған жоқ. Ал Спортты дамыту дирекциясы маған қаңтар айының және 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі кезеңнің жалақысын төледі», – деді Шайдоров.

Ол 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау тек мамыр айының ортасында басталғанын хабарлады, бұл оның өкілдермен жазысқан хаттарымен расталады. Спортшының айтуынша, келісімнің әлі күнге дейін мақұлданбауы БАҚ-та айтылып жүргендей сомамен келіспеушіліктен немесе қатысудан бас тартудан емес, мүлдем басқа себептерге байланысты. Сондай-ақ ол 2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшарт жобасында 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу туралы міндеттеме көрсетілгенін атап өтті.

«Біз заңдық тұрғыдан бұл тармақты қайта қарауды сұрадық. Себебі бұл – қисынсыз әрі мүмкін емес талап. Мен 2026 жылы төрт жылдан кейін өтетін Олимпиадада жеңіске жете алмаймын ғой. Осы мәселелер бойынша заңгерлерге жүгіндік, тармақты қайта қарауды өтіндік. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жүргендей бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Қазір болып жатқан жағдайларды ескере отырып, төлемдер, келісімшарт жасау және басқа да мәселелер әдейі созылып келген сияқты деген ойдамын. Сондықтан бұл туралы ашық айттым», – деп қосты Олимпиада чемпионы.

Шайдоров сүйікті ісімен айналысып жүргендіктен өзін бақытты сезінетінін айтты. Ол ақша басты мақсат емес екендігін, тек бұрын берілген уәделердің орындалуын күтетінін жеткізді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Михаил Шайдоровтың бірнеше ай бойы жалақы алмауына байланысты жағдайды реттеп, кінәлілерді жауапқа тарту қажет екенін айтқан болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler