Журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

116
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JGTx67kvfG5uz9T3bkVTvyMKmCCZeAWbOck7Ndpe.webp

Жалған ақпарат таратты деген күдікпен үйқамағына алынған тілші Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ол «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның директоры Азамат Өсімбековтің қызметіне қатысты таратқан мәліметтерін теріске шығару хатын жариялап, кешірім сұрады, деп хабарлайды “Адырна”.

Журналист ақпараттық-теріске шығару мәлімдемесін 22 мамыр күні желідегі парақшаларында жариялады.

«Мен, Омарова Ботагөз Көшкінбайқызы, кәсіби журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде, осы хат арқылы «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның директоры Азамат Үсімбековтің қызметіне қатысты өзім таратқан мәліметтерді ресми түрде теріске шығарамын», – деп жазды Ботагөз Омарова.

Ол бұған дейін Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысы кезінде компанияның мердігерлер алдындағы қарызы туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқанын айтып, компания өкілдері мен құрылтайшыларынан, сондай-ақ өз оқырмандарынан кешірім сұрады.

Ақпаратты Астана Полиция департаменті растады.

Полиция мәліметінше, Ботагөз Омарова үйқамақтан босатылған.

"Астана Полиция департаменті Б. Омароваға қатысты қылмыстық істі тараптардың татуласуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатты. Бұлтартпау шарасының күші жойылды. Процессуалдық шешімді прокурор бекітті", - деп түсініктеме берді Астана Полиция департаменті.

Еске салсақ, журналист Ботагөз Омарова 20 наурыз күні «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жауап беру үшін полицияға шақырылған. Алайда оның процессуалдық мәртебесі «күдікті» деп ауыстырылып, 21 наурызға қараған түні сот шешімімен екі айға үйқамаққа алынды. Кейін журналистің «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС туралы жариялаған материалдары үшін тергеуге алынғаны мәлім болды.

13 мамыр күні ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Омароваға қатысты тергеу аяқталғанын және жақын арада іс сотқа жолданатынын хабарлаған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler