Ядролық қарусыз әлемге үндеген. Ақынды Нобельге ұсыну мәселесі тағы да көтерілді

191
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DGScHxylpsaNSheowCHquIVi625Li7QXJHKkbTwV.webp

Бішкекте Олжас Сүлейменовке Нобель сыйлығын беру бастамасы қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бастама ақынның 90 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел барысында айтылған.

Бұл туралы Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық Ыстықкөл форумы президенті Асқар Айтматов мәлімдеді. Оның айтуынша, бастама қырғызстандық ғалым Зайнидин Құрманов тарапынан ұсынылған.

"Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну туралы сөз болып отыр", – деді Асқар Айтматов.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ақынның әдебиетке, түркі мәдениетіне және жаһандық антиядролық қозғалысқа қосқан үлесін ерекше атап өтті. Олар Сүлейменовті әлемдік деңгейдегі тұлға әрі қазақ зиялыларының ең танымал өкілдерінің бірі ретінде бағалады.

Кездесу барысында "Невада – Семей" қозғалысының тарихи рөліне де назар аударылды. Қатысушылар бұл бастама Семей ядролық полигонын жабуға ықпал етіп, ядролық қарусыз әлем жолындағы күрестің символына айналғанын айтты. Сондай-ақ спикерлер "Аз и Я" еңбегінің кеңестік кезеңдегі мәдени-тарихи маңызын еске алды.

Іс-шара барысында Олжас Сүлейменов онлайн форматта сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдірді және баршаға бейбітшілік пен амандық тіледі. Конференцияға Қазақстан мен Қырғызстанның дипломаттары, ғалымдары, қоғам қайраткерлері және мәдени ұйым өкілдері қатысты.

Айта кетейік, 2025 жылы Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ұсыну  туралы «Байтақ» жасылдар партиясының есептік конференциясында жарияланған еді.

Yorumlar
Diğer Haberler