«Олжас Сүлейменовті қудалаудан Дінмұхамед Қонаев арашалап қалған»

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4CRjEmAdraoM5TNJAnshBFxhmIZMAZ69plGFtRjD.jpg

Фото: Қазақ әдебиеті

90 жасқа толған Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтің мерейтойы ел көлемінде аталып өтіп жатыр. Ақынның жастық шағында қудалауға ұшырау қаупі болғаны туралы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kz сайтына сілтеп. 

Оның айтуынша, 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» кітабы қоғамда үлкен резонанс тудырған. Еңбек түркологтар мен лингвистердің жоғары бағасына ие болғанымен, кейін сынға ұшырап, кітаптың жүз мың данасы айналымнан алынған.

Алайда Олжас Сүлейменовті жазадан және қастандықтан қорғап қалған Дінмұхамед Қонаев болған.

«1975 жылы “Аз и Я” кітабы жарық көріп, бүкіл әлемді шулатты. Кітаптың он бетін оқыған соң-ақ әлемнің ғалымдары, түркологтары мен лингвистері таңданысын жасыра алмады. Кейін үрейленіп, “мына Олжасты тоқтату керек” деген әңгімелер айтыла бастады. Жүз мың данамен шыққан кітап бір күнде жойылып, айналымнан алынды», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Бүгінде 90 жасқа толған, абыз ақсақал атанған Олжас Сүлейменов – елге сіңірген еңбегі зор, халық құрметіне бөленген тұлға. Оның терең ойлы, өткір шығармалары қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ақын өз өлеңдері арқылы қазақ елін бүкіл Одаққа, әлемге танытты. Алтын жалды арғымаққа, күміс қанатты ақсұңқарға теңелген арда азаматтың мерейтойы бүгінде ел көлемінде аталып өтіп жатыр.

«Сонда жасы қырықтан енді асқан ақынға бір ғана адам араша түсті. Ол – Дінмұхамед Қонаев. Одақтың пысықтары “Олжас Сүлейменовті құрту керек” деп шулаған кезде, Брежневке мән-жайды түсіндіріп, Олжасты аман алып қалған – Қонаев. Ал кейін Дінмұхамед Қонаевтың басына қиын күн туып, пленумда жұрт жарыса сөз сөйлеп, көбі одан теріс айналғанда, жанынан табылған да – Олжас Сүлейменов еді. Ол жалғыз қалған Қонаевтың қасына барып отырды. Сол кезеңде бүкіл әлем Олжасты тани бастады. Ол әлемге “арғымақ”, “жігіт”, “айналайын” секілді қазақы ұғымдарды танытып, жылы сезім ұялатты», – деді Одақ төрағасы.

Yorumlar
Diğer Haberler