Бүгін – Қазақстанда «Түркі жазуы» күні

107
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uEp1FWIPIAUmKbPPKflFE4J1xKDZqUY31CqMy1QX.png

18 мамыр – Қазақстанда "Түркі жазуы күн"  ретінде атап өтілетін маңызды күндердің бірі. Бұл дата 2014 жылы ҚР Парламентінің шешімімен бекітіліп, Үкімет қаулысымен ресми түрде мерекелік күндер қатарына енгізілді.

Бұл күннің 18 мамырға белгіленуі де ерекше мәнге ие. Дәл осы күні ежелгі түркі мұрасының аса құнды жәдігері – Күлтегін ескерткіші көшірмесі Моңғолия жерінен Астанаға жеткізілген болатын.

Көне түркі жазуы – түркі халықтарының тарихи әрі мәдени мұрасының маңызды бөлігі. Ғылымда ол руникалық немесе сына жазуы деп аталады. Орхон, Селенга және Толы өзендері маңынан табылған тас жазбалар бүгінгі күні Солтүстік Моңғолия аумағында орналасқан. Бұл ескерткіштер Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөк сынды тарихи тұлғаларға арналған.

Көне түркі жазуы алғаш рет XVIII ғасырда зерттеле бастады. Оны Енисей өңірінен неміс ғалымы Даниэль Мессершмидт пен швед офицері Иоганн Страленберг анықтаған. Олар жазудың таңбаларын скандинавиялық руналарға ұқсатып, «руналық жазу» деп атаған.

Ал 1889 жылы зерттеуші Николай Ядринцев Орхон өзені аңғарынан ірі тас жазуларды тауып, бұл жаңалық түркітану ғылымындағы үлкен серпіліске айналды.

Көне түркі мәтіндерінің құпиясын алғаш ашқан дат ғалымы Вильгельм Томсен болса, оны түркі тілінде оқып, ғылыми айналымға енгізген түрколог Василий Радлов еді.

Күлтегін ескерткіші көшірмесінің Астанаға әкелінгені жайлы Тұрсын Жұртбай былай деп еске алады.

"2001 жылы Еуразия университетінің атриумына «Күлтегін жазуының» тас тұғыры әкелінді. Ашылу рәсімінде Шыңғыс Айтматовпен қолтықтаса шыққан Олжас ағамыз: «Мен түркі тілінің тастағы дастаны Күлтегін жазуының құрметіне түркі тілінде, немесе, қазақша сөйлеймін. Қайырымы келмесе, қайырым етерсіздер!» - деп бастап, күрделі ойлардың қабырғасын сындырып, өзіне тән ырғақ-ұйқаспен абызша толғай жөнелгенде таңырқамаған адам қалмады. Әлгі, қазақша білмейді деп күңкілдеп жүргендердің мысы басылып қалды. Мен де таң қалдым әрі сүйіндім, кеудемді мақтаныш кернеді. Шындығында да, сүйінсем – сүйінгендей, мақтансам – масаттанатындай жөнім бар еді,"- деп жазады жазушы Тұрсын Жұртбай.

Yorumlar
Diğer Haberler