Президент түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2sW2BukSVIDBXo6teMnnUt8uVOkFAzDnZI6DLcHi.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Ол білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы Мемлекет басшысы  Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде айтты.

Президенттің сөзінше, өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан ол Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.

"Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді", - деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады.

"Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын", - деді ол.

Yorumlar
Diğer Haberler