"Шаханов – нағыз саясаткер". Олжас Сүлейменов үзеңгілесін еске алды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iRGjlgKpTjCT5xf3myjWj8UccBVLh23XIqijaEnI.png

Фото: adebietportal.kz

Ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту хатын жолдады, деп хабарлайды “Адырна”.

Сүлейменов өз мәлімдемесінде Мұхтар Шахановтың қазақ руханияты мен қоғамдық өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шаханов тек поэзия саласында ғана емес, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерде де батыл үн көтере білген қайраткер болды.

“Көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлт руханиятының ірі тұлғасы Мұхтар Шаханов дүниеден өтті. Біз үшін орны толмас ауыр қаза.

Мұхтар Шаханов – тек поэзия әлемінде ғана емес, ұлт тағдырына қатысты ең күрделі мәселелерде де қайсар үнін жоғалтпаған тұлға еді. Ол ел тағдыры сынға түскен кезеңдерде әрдайым алдыңғы шептен табылып, елдік мүдде жолында табанды күрес жүргізді. Әсіресе Желтоқсан оқиғасы ақиқатын ашудағы қайсарлығы мен әділет жолындағы батыл үні халық жадында мәңгі сақталады. Оның Арал қасіреті жөніндегі жанайқайы – адамзат алдындағы үлкен жауапкершіліктің көрінісі”, - деді ол.

Олжас Сүлейменов екі қайраткердің бірге атқарған саяси қызметіне де тоқталды.

“1991 жылғы 5 қазанда құрылған Қазақстанның халық конгресі партиясы – ел тағдырына бейжай қарамайтын, либералды-демократиялық бағытты ұстанған саяси күш болды. Бұл қозғалыс кездейсоқ пайда болған жоқ, ол халықтың шынайы үніне айналу үшін дүниеге келді. Сол тұста Мұхтар Шаханов екеуміздің осы партияға төрағалық етуіміз – үлкен жауапкершілік еді. Осы тұрғыдан алғанда, Шаханов – нағыз саясаткер. Оның әрбір сөзі халықтың мұңымен үндесіп, жүрегінен шыққан шынайы ой ретінде қабылданды.

Мен «Невада-Семей» қозғалысы арқылы ядролық сынақ полигонын жабуға үн көтерсем, Мұхтар Шаханов Арал трагедиясын тоқтатуға шақырып, табиғат пен адамзат тағдырының біртұтастығын дәлелдеді.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша қазақстандықтарға қайғырып көңіл айтамын”, деп қорытындылады ақын.

 

Yorumlar
Diğer Haberler