Жасөспірім қыздар арасындағы төбелес. Қылмыстық іс қозғалды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Алматы облысының Қаскелең қаласында жасөспірім қыздар арасында болған төбелеске байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жоғары сынып оқушылары колледждегі құрбыларымен бірге 9-сынып оқушысына шабуыл жасаған. Оқиға 10 сәуір күні болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал қыздардың біріне айтылған сөзден кейін туындаған.

Зардап шеккен қызды топ болып ұрып-соғып, оны тізерлетуге мәжбүрлеген. Сонымен қатар болған жағдайды видеоға түсірген. Кейін қыз кешірім сұраған соң босатылып, ата-анасына хабарласқан.

Оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, барлық мән-жай анықталып, процессуалдық тексеріс жүргізілген.

Екі жасөспірім профилактикалық есепке алынып, іс материалдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сонымен қатар, қатысушылардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Полиция оқиғаға қатысы бар басқа да тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

Yorumlar
Diğer Haberler