Бектенов Орта дәлізді дамыту үшін цифрлық интеграцияны жеделдетуді тапсырды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3YjS3GZnCSR04fQ9YgnD1W5n9o0J31JtB95S0QpA.webp

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов транзиттік-көлік саласын дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалуын талқылаған кеңесте профильді ведомстволарға Әзербайжан және Грузиямен цифрлық жүйелерді интеграциялауды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бастама Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға бағытталған, деп хабарлайды "Адырна".

Үкімет мәліметінше, Қазақстан аталған маршрутты стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Қазіргі уақытта ТХКБ бойымен жүк жеткізу мерзімін қысқарту, «Алтынкөл – Поти/Батуми» бағыты бойынша бірыңғай  тариф енгізу, сондай-ақ цифрлық платформаларды өзара біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар теміржол саласында жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырымды құрайтын ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

Кеңесте теңіз тасымалын дамыту мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, Ақтау – Баку бағыты бойынша жүк айналымын арттыру, Ақтау және Құрық порттарының әлеуетін күшейту шаралары талқыланды. Биыл Ақтау портында 1,3 млн текше метр көлемінде түбін тереңдету жұмыстары жүргізілмек.

Премьер-министр Ақтау – Баку бағытына қатынайтын алты контейнерлік кемені сатып алу рәсімдерінің созылып кеткеніне назар аударып, жаңа кемелерді іске қосу процесін жеделдетуді тапсырды.

Үкіметте Орта дәлізді дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Yorumlar
Diğer Haberler