Әскери төлемдерге қатысты түзетулер. Депутат түсініктеме берді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5VkjafqAVDyE7JyvBcAlifnj57xddLywd1eNs5Hf.jpg

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек әскери қызметкерлерге қатысты төлемдер мен өтемақыларды қысқарту туралы ұсыныстарға байланысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, қоғамда тараған ақпараттың тақырыбы бұрмаланып берілген, деп хабарлайды "Адырна".

Депутат өз сөзінде әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын әлсіретуге қарсы екенін атап өтті. Ол Мәжілістегі Қорғаныс комитетінің мүшесі ретінде әскерилердің тұрғын үй төлемдерін қысқартуға немесе алып тастауға қарсылық білдіргенін жеткізді. Бұл мәселе өткен жылдың тамыз айында көтерілген кезде де комитет тарапынан қолдау таппаған.

“Мәжілісте қоғаныс комитетінің мүшесі ретінде әскерилердің үй-жайларына төленетін төлемдердің қысқаруына немесе алып тастауына өз басым қарсымын.  Өткен жылы тамыз айында осы мәселе көтерілгенде комитет болып қарсылық білдірдік.

Мен де Ұлттық әскеріміздің қуатты, айбынды болуына мүдделі азаматтың бірімін”,– деді депутат.

Сонымен қатар, депутат қоғам өкілдерін тек тақырыпқа қарап емес, материалдың мазмұнына толық үңіліп, саралап пікір білдіруге шақырды.

Керімбектің айтуынша, заң жобасында нақты бірқатар өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, әскери және арнайы оқу орындарынан төмен үлгерім себепті шығарылған магистранттар мен докторант офицерлерге берілетін кейбір өтемақыларды алып тастау ұсынылады. Бұған дейін оқуын аяқтамаған тұлғаларға да жол шығындары, соның ішінде әуе билеттері төленіп келген.

Сондай-ақ, егер ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери қызметкер немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болса, қызметтік ауыс кезінде мүлікті тасымалдауға арналған өтемақы тек біреуіне ғана төленеді. Депутаттың пікірінше, отбасы мүлкі ортақ болғандықтан, екі тарапқа бірдей өтемақы төлеу мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдалануға әкеледі.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған нормалар бюджет қаражатын үнемдеуге және оны тиімді бөлуге бағытталған

«Ысырапшылыққа жол жоқ. Заң мен тәртіп барлық салада болуы тиіс», – деді депутат.

Бұған дейін «Адырна» ұлттық порталында жарияланған материалда Болат Керімбек әскери қызметкерлердің отбасыларына арналған төлемдер мен жеңілдіктерді қысқартуды ұсынды деген ақпарат тараған болатын. Алайда кейін депутат бұл бастамалардың әскери қызметкерлерді жалпы қолдауды қысқартуға емес, нақты тиімсіз шығындарды оңтайландыруға бағытталғанын түсіндірді. Заң жобасы мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалану және артық шығындарды азайту мақсатында әзірленген.

Yorumlar
Diğer Haberler