Қостанай облысында сауда орталығында жарылыс болады деген жалған ақпарат таратқан жасөспірім анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған тұлға анықталған. Ол қаладағы сауда орталықтарының бірінде жарылыс дайындалып жатыр деген жалған хабар берген. Алайда бұл ақпарат расталмады.
Іс Қостанай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауына жіберіліп, сот шешімімен жасөспірімге бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленді. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Құқық қорғау органдары жалған терроризм туралы хабар тарату ауыр қылмыс екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.