Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман өзінің өмір тәжірибесін айтып, мемлекеттік тілді дамыту тетіктері, түркі халықтарына ортақ латын әліпбиінің қолданылуы, ғылым саласын дамытудың алғы шарттары бойынша бірқатар ой-пайымдарымен бөлісті.
СТАЛИН ЖЫЛАТҚАН ХАЛЫҚТЫ ЖҰБАТҚАН ҚАЗАҚ
– Асылы апа, сіз көпті көрген тұлғасыз. Басыңыздан өткен қиын-қыстау кеңездер туралы сыр шертсеңіз...
– Әңгімені әріден бастайын. Маған туған жерден гөрі, тұрған жерім ыстық. Әйтсе де, тегің шыққан жерді де құрмет тұтуды ұмытпаған жөн. Әзербайжанның «Аслы-Керем» деген дастаны бар екен. Содан атымды Асылы қойыпты. Тұрған жерімнің туының биік, тұғыры берік, суының тұнық, топрағының тұтас, ауызбіршілігі бекем болғанын қалаймын. Туған жерім қазір Грузияның аумағында қалыпты. Бір жылдары барып Хавет дейтін ауылды аралап көрдім. Ол жақта үйлерді тастан қалайды екен. Терезелері үйді төбесіне дейін салынған. Табиғаты, суы-нуы керемет. Бірақ қабірлерді таптап кеткенді көргенде көңілге мұң, көзіме жас келді. Қанша дегенмен бабалар мәңгілік қоныс тапқан мекен ғой. Қазір ол жерлерде көбіне армяндар жасайды. Ол ауыл Түркияға жақын шекарада орналасқан. Бұрын ағын судың арғы бетінде түріктер таяп келіп «Түркия тарапына өтіңдер, туысқан халықпыз» деп жиі айтыпты. Десе де, кім туған жерінен жырақтағанды қалар дерсің?!
Сталиннің озбыр саясаты басталып, Берияның шолақ белсенділігі ешкімді аямады. 1944 жылы, 14 қазанда сол жердегі халықтарды жан-жаққа жер аударады. Оның алдында сол елдімекен тұсына әзербайжандарға темір жол салдырып, кейін ер адамдарды әскерге алған. Үлкендердің айтуы бойынша, түнгі сағат 3-те америкалық машинамен келген, суық қаруланған әскери адамдар көшуді бұйырады. Мен сол кезде небәрі 3 жаста екенмін. Түн жарымда төсек салулы, құжат жоғалып қалса да, жылған бала, еңіреген ана көз-жасына қарамапты. Тіпті кейбір адамдар қайтып келеміз деген үмітпен бірнеше заттарын тығып кетіпті. Сол түні ит үріп, сиыр мөңіреп, қорада қой қалып қояды. Дүние-мүліктерін түгел алып кетуге рұқсат бермепті. Содан Боржоми деген жерге алып келіп, қаншама үйдің адамдарын мал таситын пойыздың вагондарына артыпты. Әбден үрейленген халық теңізге, өзенге апарып тастай ма деп қорқыпты. Жолда қайтыс болғандарды тастап лақтырып кетіпті. Содан қариялар, балалар, аналар қиналып, азып-тозған көрінеді. Сонда пойыздың басы Астраханға бұрылғанда барып, әлгі күдік сейіліпті. Сөйтіп Қазақстан аумағына кіргеннен бастап Қызылордаға, Шымкентке бір-бір вагоннан ағытып тастап кете беріпті. Біздің отбасын Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас бекетіне алып келіпті. Әр ауылға ат арба, өгіз арба, шанамен 5-10 үйден бөліпті. Сондай қиын-қыстау кезде дархан көңілді, мейірбан қазақ халқы үйі болса бір бөлмесін, бір бөлме болса бұрышын беріп паналатқан. Сондықтан да «Сталин жылатқан халықты, жұбатқан қазақ» әрқашан айтып жүремін...Қазақ еліне мың алғыс!!!
1989 жылы «Мен қазаққа мәңгі қарыздармын» деп мақала жазғанмын. Қиын заманда құқай көріп, жер ауып, қиналып келген өзге этностар да құшағын жайған, бауырына басқан, барымен бөліскен қазақ ұлтына өздерін қарыздар санайды деп ойлаймын. Біздің қазақтың бойына дархандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған. Тектілігімен, дархандығымен менің қазағымды әлемде ешбір ұлтпенен салыстыра алмаймын. Бәрінен маған жоғары тұратын ол – қазақ. Өйткені зұлмат кезде қолын ұшын созды, шөлде саялатты, боранда паналатты. Қазақтың қаны да, жаны да таза. Бұл жұрт – жеті атасын жетік білетін, төріне шығарса да, төбесіне шығармайтын, алысты жақындататын, аразды татуластыратын, текті халық. Құдайдың мейірім-шапағаты түскен ұлт. Қазақ сөзін оңнан солға, солдан оңға қарай оқысаң да қазақ болып шығады. Бүгінге дейін ешкімді алаламай, ұлтына, дініне, нәсіліне бөліп-жармай, тату-тәтті бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келеміз. Мың да бір тәубе! Мұндай шарапатты ешқашан ұмытпау керек. Бірліктің қадір-қасиетін білген абзал.
– Отбасында қандай тәлім-тәрбие көрдіңіз?
– Осында келгеннен соң да қызу тіршілік жалғасады. Анамыз орталыққа барып ас-ауқат әкелеміз деп суыққа тоңып, суық тигізіпті. Содан анам 4 жасымда қайтыс болады. Ата-анамыздан 3 ұл, 3 қыз жалпы 6 бала тарадық. Әкеміз Әлидің кереметтігі – ана да, әке де бола білді. Өзі жас кезінде әскерде болып аяқтарынан жарақаттаныпты. Алтауымызды бағып-қағып өсірді. Сол шақта үлкен әпкем 9 жаста екен. Марқұм Гүлсара әпкеміз мектепке де бармай бізге қарады. Үлкен ағайым екеуі әкеме жәрдемші болды. Көршіміз Айтбике жеңгей үй тіршілігіне жәрдемдесіп тұрды. Осылайша жартымыз оқыдық, қалғаны оқи алмадық. Өзімнен үлкен ағам Мәжіліс мектепті алтын медальға бітіріп, әл-Фараби университетін механика және математика саласында үздік аяқтап, мықты маман атанды. Менен кейінгі сіңлім Әсия биология саласында қызмет істеп, 42 жасында дәрігерлердің олқылығынан дүние салды. Одан қыз ғана бар.
Ол заман елдің тұрмысының ауыр кезі еді ғой. Масақ тердік, балық аулап жедік, сөйтіп өмір сүріп жаттық. Әкем Әли бізді оқы деп те, оқы ма деп те желкелеген жоқ. Әкей «менің тілімді алсаңдар, педагог болыңдар, ұстаздың ешкімге қиянаттығы жоқ» дейтін. Біздер ол уақытта ойын баласымыз. Көшеде қазақша сөйлеп дағдыланып қалсақ керек-ті. Сонда әкеміз «үйде әзербайжанша, сыртта қазақша сөйлей беріңдер, әйтпесе жұрт мені жұртым өз тілін үйретпепті деп күстаналайды ғой» дейтін. Бұл оның ұлылығы мен пайым-парасаты деп білеміз. Ол кісі өмірбақи бізді өсіріп жеткізіп, «сендерді өзге әйелдің қас-қабағына жәутеңдетпеймін» деп екінші рет үйленбеді. Анамыздың ошағын өзгеге айырбастамады. Ол уақыттың адамдарының көңілі шат, ауасы таза, суы тұнық болатын, қайран кездер-ай!
– Өмір жолыңызды қалай қалыптастырдыңыз?
– Ауылдан ұзап, Түркістанға жол тарттым, педагогикалық білім алдым. Ата-анамның айтқан тілегін орындадым десем болады. Ұстаздыққа ден қойдым. Кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, оны қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірдім. Ғылыми ізденіспен шұғылдандым. Қазақтың көрнекті түрколог-ғалымы Немат Келімбетов ағайдың жетекшілігімен ғылыми дәреже қорғадым. Лингвистика саласында еңбектендім. Бізге Немат ағай «өзің жетім қозыдай тіртінектемесең, саған ешкім ештеңе әкеліп бермейді» дейтін. Бұл астарлы ойды, әліге дейін ұғып-түйсініп келеміз. Еңбектеніп, тынбай ізденіс жасап, ең бастысы алға ұмытылыстың арқасында осы күнге жеттік. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Әлі де өмірден, тәжірибеден көрген-түйгенді кездескенде жастарға айтып, үлге өнеге етіп жүрміз. Әне-міне дегенше мерейлі 85 жасқа табан тіредік. Біздің мақсат сынап-мінеу емес, болашақ ұрпақ бейбіт, тату күн кешіп, өз тілінде сөйлеп, патриот болып өссе екен деген игі тілек қана. Біздердің жолымыз осылай қалыптасты.
ТІЛДІ ДАМЫТУДА БІРІЗДІЛІК КЕРЕК
– Қазақ тілін дамуы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Қазір мемлекеттік тілге көңіл бөлініп келеді. Олай болатыны – қазақ ұлтының демографиялық өсімі артты. Мемлекеттік қолдау да бар. Ауыл-аймақтардан қалаға келіп оқып жатқан қазақ тілді балалар қатары көбейді. Қала қазақтанбай, іс өнбейтіні тағы рас. Дейтұрғанмен даладан келген жастар қалаға келіп ассимилияцияға түсіп жататын жағдайлар да бар екендігі жасырын емес. Отбасын құрып кейбірі өз баласын орыс, ағылшын мектептеріне береді. Одан шыққан бала қазақы тәлім-тәрбиеден мақұрым қалып, тілі шұбарланары хақ.
Біз мемлекеттік қазақ тілінде бәріміз сөйлеп тұрсақ, бір-бірімізді қазақша арқылы ұғынып-түйсініп тұрсақ екен. Іс-қағаздар қазақша толтырылып, бұйрық қазақша шығып, өтінім қазақша берілсе деген ниеттемін. Мемлекеттік қызметке орналасатын адам қазақ тілінен жазбаша, ауызша емтихан тапсырып барып, соның нәтижесінде қызметке алынғаны жөн. Өйткені қазақ елінің тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын білмей мемлекетке қызмет етіп жарытпайды. Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтін адам қабылданбауы тиіс. Сонда ғана ол біледі, егер қазақ тілін үйренбесе Қазақстанда нан жоқ, күн көре алмаймын деп ойлап, өзі үшін меңгеріп алады. Яғни, қажеттілік артты деген сөз. Бізге келген АҚШ, Ұлыбританияның елшілері небәрі 3-4 айда тіл сындырып, хакім Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, елді таңқалдырып жүр. Ал өмір бойы қазақ жерінде тұрып қазақша тіл сындырмау ұят іс! Ал сонда қазақ тілінен жиренетіндей басымызға не күн туды? Түркістан автономиясын құруды діттеп, Орталық Азия, түркі елдерін біріктірмекші болған Мұстафа Шоқай «бала қай тілде білім алса, сол тілге қызмет етеді» деген екен. Ендеше бөбекежайлардан бастап бәрін тұтас қазақшаға көшірген абзал.
Тіл білімінде екі ұштылық бар. Мәселен, «рахмет» дегенді сөзді біресе «рақмет» деп шатастырып жазып жүрміз. Үтір, нүкте, сызықша сияқты тыныс белгілерін бірде қоямыз, ендігіде алып тастаймыз. Әр зерттеуші өзінің хал-қадірінше кітап жазып, термин ойлап таба беретін болған. Көшедегі кей жарнаманың орысшасын оқымасаң түсініксіздеу. Аударма жағына жіті назар аудармасақ болмайды.
Сондықтан ел басшысына тікелей бағынатын жоғары мемлекеттік тіл комитетін құрған жөн. Мемлекеттік тілді қадағалайтын, есеп беретін, әрбір мемлекеттік органнан қазақ тілінің орындалуын талап ететін ең жоғары мемлекеттік орган болса ғана, олқылықтар түзелмек. Әйтпесе, министрлік құрамындағы комиттеті екінші біреу тыңдамайды. Құзыретіне бағынбайды. Арнайы өкілеті жоғары, тілді бақылайтын, ықпалды орган болмауынан тілді дамыту ісі ілгерелемейді. Сондай-ақ әр жерде бытырап жүрген қоғамдық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарды бір орталыққа біріктіріп, егер жоғарғы мемлекеттік статус алған жағдайда Тіл комитетіне бағындырсақ құба-құп болар еді. Қалайда қазақ тілінің ортақ концепциясын жасап шығару қажет болып тұр. Тіл туралы арнайы заң қабылдау керек. Сол себепті де елордадан ауылға дейін қазақ тілінің қолданылуы жайында талап енгізілсе, сұраныс артады, ел-жұрт қуанып қалар еді. Шетелден келетін мәртебелі қонақтармен қазақ тілінде сөйлесіп, қазақ тілінде шығарып салуымыз керек. Бұл да біздің дербес ел екендігіміздің айғағы. Өйткені біздің елге келетін әрбір мейман, турист, саяхаттаушы өзін қазақ топырағында жүргендей сезініп, ұлттық мәдениетімізден хабардар болып, өз еліне ғажайып әсер алып оралып, бізге тамсанып қайтса дейміз.
АТА-АНА БАЛАСЫМЕН ҚАЗАҚША ТІЛДЕССЕ, ОРТА ҚАЛЫПТАСАДЫ
– Қазір Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда әртүрлі тілде сөйлеп жүргендері көріп-естіп жүрміз. Бұған қалай қарайсыз?
– Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын осыдан жеті жыл бұрынғы Жолдауында. Расында, дабыра қылмай, өз ішімізде өзіміз қазақша сөйлеп, тілдессек болады ғой. Уағында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «тілсіз халық – балық» деп еді. Тілді құрметтеу өзгеге емес, сіз бен бізге қажет.
Үлкен қалаларда қазақшаның қолданылуы бұрынғыдан тәуір деп айтып өттім ғой. Әйтсе де, «әттеген-ай» жоқ емес. Маған бәзбіреулер «таңнан кешке дейін қазақ тілі туралы айта бересің, бірақ өздерінің ішінде сөйлемейтіндері де жетерлік қой» деп дүрсе қағады. Әйткенмен «Құдай қазақ тілін зор етті, білмейтіндер қор етті» деп тіл қатамын. Ата-ана баласымен қазақша сөйлеспейінше, өз ұлтының өзегіне терең тамыр жібермейінше бәрі бекер. Үйде сен сол отбасының баласысың, сыртқа шыққан да сол ұлттың айбынын арқалайсың. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Өзгенің тіліне, діліне, мәдениетіне еліктеп, адасып қалмайық. Өз ұлтыңның тұнығын лайлап, өзгенің қаңсығын таңсық көргеннен не пайда?!
Ұдайы қайталап айтамын. Қазақ тіліне талап күшеймей, сұраныс артпайды. Оны көрген дала қазағы қалаға келіп, тауы шағылып, амалсыз орысша немесе ағылшынша үйретуге мәжбүр болады. Қазақ тілін меңгермей жатып, өзге тілдерде сайрап шыққандардан не қайыр, не үміт? Жапония 12-13 жасқа дейін, 7-сыныпқа аяқ басқанша жапон тілін, әдебиетін, салт-санасын үйретеді. Одан кейін өзге тілдерді қосады. Француз, неміс бәрі өз тілінде оқып, жазып, дамып, әлемдік технология мен мәдениеттің көшін бастап тұр.
Біз бір нәрсені ұқпай келеміз. Қазақ тілі өзге емес, өзімізге ауадай қажет. Себебі қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ. Қазақ ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр даланы жаудан қорғап, даудан аман сақтап, ұрпақтарына мұра етті. Қазақ даласының асты да, үсті да байлық. Біз – сақ, ғұн, көне Түрік қағанаты, Алтын Орда империяларының заңды мұрагеріміз. Ата-бабаларым ат тұяғымен әлемді түбірлетті. Өркениет пен мәдениеттің шамын жақты. Сан ғасырлар қойнауынан шығып, дәуірлер қазанында қайнаған, даңқты бабалар пәрмен берген тілді ұмыту, бізге тарихтың алдында да айып. Білгенге маржан, әрине!
Ата-заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл деген айға таңба басқандай анық жазылған. Бірақ екінші тұрған ресми тіл – орысшаны қолдануды азайтпай жүрміз. Біз неге өзіміз мемлекеттік статусы бар қазақ тілін қолданбаймыз, соған таңданамыз? Қарап тұрып қарның ашады! Іргедегі елдер арасында тіл мәселесі бізде ғана шешілмеген. Бұл келесі буынның бас ауруына айналып барады. Халық көбінесе қазақша тілдессе де, ресми іс-қағаз орысша жүргізіледі. Қағаз-құжат қазақшаланбай, шаруа шалқаймайды. Осыдан біраз уақыт бұрын көрші Қырғызстан өздерінің мемлекеттік қызметшілеріне қырғыз тілін меңгеруді міндеттейтін заң қабылдап алыпты. Ал біз сол баяғы соқпақпен әлі келеміз. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Бұл елдің иесі де, киесі де қазақ. Қазақтың наны тәтті, тілі ащы ма сонда? Осы отанда тұрып жатқан ұлт пен ұлыстың бәрі қазақшаны біліп, дәстүр-салтын құрметтеуге тиіспіз. Тіл ортақ болмай, жан ортақ болмайды. Бұл ойларды іріту үшін емес, қайта біріктіру үшін, өмірлік тәрижебе сүйеніп айтып отырмыз.
ТҮБІ БІР ТҮРКІГЕ ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ БЕРЕРІ КӨП
– Түркі халықтарының ортақ әліпбиінің болғандығына қалай қарайсыз?
– Құптаймын! Кеңестер одағы тарап, 1991 жылы әр ел өз тілін мемлекеттік статуспен айқындап алды. Көрші бауырлас Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстан әлдеқашан латыншаға көшіп кетті. Ал Түркияның тұңғыш көсемі Ататүрік болса, 1923 жылы түрік жазуын латыншаға көшіріп, Еуропаға жықындатқаны белгілі. Түріктер өздерінің лексиконын әлдеқашан толықтырып, өмірдің бар саласында қолданады. Қазақстан егемендік алған тұста бұл тақырып жиі көтеріліп жатты. ҰҒА академигі, тіл-білімін зерттеуші ғалым Әбдуәли Қайдар «қазақ тілі есіктен сығалап тұрса, біздің мәз-майрам болғанымыздан не пайда?» деген тұғын. Сонау 1994 жылдың өзінде латын әліпбиіне көшіп, түркі интеграциясына жақындай түсу мәселесін көтерген болатын. Сол кездегі мүйізі қарағайдай қазақтың зиялы қауым өкілдері, тіл, діл, дін мәселесін қалыптастыруды көздеп, діттеп, еңбектеніп жатты. Біраз шаруа жасалды да. Дегенмен толыққанды қазақ тілін өз тұғырына қондыра алмай келеміз. Қазақ тілін латыншаға көшірудің ортақ емілесін таппасақ болмайды. Әр жаққа тартпай бұрынғы ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері жасаған қазақша емілені бүгінгі заман талаптарына, интернет, компютерге лайықтап жасап шығайық. Осымен балабақша, мектеп, ЖОО білім, тәлім-тәрбие беріп, барлық салада қолданайық. Міне, осымен мәселе бітеді.
Қазақ тілі – түркі халықтарының ішіндегі араб-парсы өзге тілдерден кірме сөзі аз ең таза, өз құнарын сақталған тіл. Алтай тілдері ішіндегі түркі жұрты бой түзейтін тіл. Бір кездері Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қазақ тілінің күллі түркіге ортақ құнарлы, нәрлі тіл екендігін айтыпты. Демек, әлемдік саясатта орны бар көшбасшылардың бұлай айтуы, тереңнен сырт шертсе керек. Негізі қазақ тілінің көрер жарығы мол.
Түркі халықтарының ортақ әліпбиінің жасалуы өте құптарлық іс. Енді оның қолданылу аясын ойластырып, бәріне ортақ тең ету керек. Сонда Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі жұрты бір жазуда жазып-оқып, үндесе алса, түркі халықтарының ықпалдастығының артқандығы болар еді.
КАНДИДАТТЫҚ, ДОКТОРЛЫҚ ҚОРҒАУДЫ ҒЫЛЫМҒА ҚАЙТА ЕНГІЗЕЙІК
– Сіз ғылымда істеген лингвист-ғалымсыз. Болон жүйесімен қатар бұрынғы кандидаттық, докторлық қорғауды қайта енгізсек қайтеді?
– Әрине, құба-құп болар еді. Біздің ел 2010 жылы Боллон жүйесіне асығыс-үсігіс өтті. Дәстүрлі кандидаттық, докторлық қорғауды жауып тастадық. Бұл қате шешім болды! Сол себепті де ғылымның жағдайы алаңдатады. Бізден басқасының барлығы үш сатылы бакалавр, магистр, PhD-мен қатар, кандидаттық, докторлық қорғауды қатар алып жүр. Екеуін бір-біріне қарсы қоймайық. Бәлкім, шетелге кеткісі келгендер сырттан қорғап келер. Бүйте берсек, нағыз ғылыммен айналысатын ғылыми кадрды жойып аламыз. Олардан жөн- жосықсыз, есеп сұратып, қыспаққа сала бергеннен түк шықпайды. Ғылым – шығармашылық ізденіс. Ғалымдарды түрлі кедергіден қорғап, әлеуметтік жағдайын жасап, пәтер беріп, жалақысын арттырып, әлеуметтік мәселесін шешу керек. Қай ұлт өз ғалымына жанашырлықпен қарайды, сол ұлт нағыз ғылым мен жаңашылдықтың өзегіне айналады. Жиі-жиі ағылшынша, орысша есеп сұратып, тексеру жасап, естен тандыра бермеу қажет. Онсыз да ҰҒА әлі қалпына келмеді. ТМД аумағында академиялардың бәрі мемлекет қамқорлығында. Құрамындағы институттардың баршасы жұмыс істеп тұр. Демек, оларда ғылыми ізденіс, қамқорлық бар деген сөз.
«Мені құртқан көкшолақ...» дегендей, қазақ ғылымы мен білімін құртып жатқан сол – болон жүйесі. Бұл – шетелдің солақай саясаты. Біз тым еліктегіш болып алдық. Біреулер 12 жылдық білім беруге көшпекші. Бір ақылгөй шығып 15 жыл десе, соған да бас шұлғи беруіміз керек пе? Жоқ, жаным! Айдағанға көніп, айтқанға жүре беретін папуастардың елі емеспіз. Ұлтқа қызмет қылар, ел тізгіндер болмағандықтан, ғылым мен білімнің шырағданы жанбай тұр. Ұлттық ғылым академиясының институттары өзіне қайтып, тұтас ғылыми орталық Ғылым ордасының өзі, бюджеті, күші болса дейміз. Сонда ғана ғылымға жастар келіп, ғылыми жаңалықтар ашылып, жетістіктер болар еді.
Қазақтың басы істейтін, білгір ғалымдары әлдеқашан шетелге, бизнеске және т.б. мекемелерге кетті. Ғылыми кадр азайды. Ұсақ-түйек мәдени орталықтардан академияның айырмашылығы болмай қалды. Осыған қалай жаның ашымайды? Көңілде «неге» деген сұрақ көп. Ғылым саласы адамдарының бала-шағасын асыраймын, кредит-ипотеканы жабамын деп университетте, колледжде, тағы басқа мекемелерде қосымша істеп жүргендігі жанға батады. Бір тақырыпты жоба ретінде 5 жылға бекіттіріп, содан қомақты айлық алып, күнкөріске алаңдамай, ғалымдар жұмыс жасайтын күнге жетейікші. Әгәрәки, ғалым қу тіршілікті ойлап, әрі-бері шапқылап жүрсе, онда ғылымның күні қараң. Ғылым адамын мазаламайық. Қайта ғалымдардың әлеуметтік жағдайын шешіп, түрлі әкімшілік кедергілерді алып тастайық. Қазақ «ғалымның хаты өлмейді» деп текке тәмсілдемеген.
Бұрын алдыменен ғылым кандидаттығын қорғайтын. Кейін докторлық диссертациясын сәтті қорғаса, өз саласы бойынша ғылым докторы атанатын. Баяғыда ғылыми жұмыс белгілі бір тәртіппен, рет-ретімен жүзеге асатын. Ілгеріде, тіпті ғылымға бейімі бар, өмірін ғылымға арнаған адамдар монография жазып, ғылыми ізденіс жасаса, ғылыми атақ беріпті. Көрдіңіз бе, әр нәрсенің өз жөні болған. Қазіргідей ағылшын білмесең, ғылымнан аулақ жүр демейтін. Бірінші кезекте ғылыми потенциалға қарайтын. Сөйтіп барып тақырып бекіту, ғылыми ізденіс жасау, қорғау жүзеге асатын.
Әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігіне қарау керек. Мәселен, тарихтан қорғағанда сіз өзге тарихшыларды оқисыз, дейтұрғанмен өзіңіздің ғана тарихыңызды дәйектеп жазасыз. Тілді де салыстырып айтасыз, бірақ қазақтың тілінің ерекшеліктерін тізіп дәлелдеуге тырысарыңыз анық. Міне, бұл ұлттық ғылым.
Қазақ тілінен ғылыми дәреже қорғаймын деген жанға тақырып жетерлік. Көнеден келе жатқан кейбір сөздер архаизмге айналып барады. Кейде ұқпай, сөздіктен мағынасын оқимыз. Қазақтың қолданыстан шығып қалған төл сөздерін баршаға білдіру керек. Қазақтың тілі – бай тіл. Кез келген ұлттың тілі өзге тілден сөз алады. Тілді өзге кірме сөздермен байытқанымыз жөн-ақ, бірақ өз қалыбымызды бұзып алмайық. Егер шындыққа келсек, барлық дүние шығыс елдерінің дүниетанымынан алынған. Мақтанып айтамын, ең ақыры күн де шығыстан шығады. Айтарымыз, ғылым қазақша болуы керек.
Елдің ішінде отаншыл азаматтар көп. Әсіресе, қазақтың ауылдан шыққан жастарын қолдайық. Қазақтың білімді, рухты жастарын жоғары лауазымға көтерейік. Кілең шенді-шекпендінің ұрпағын көтеретін заман өтті. Тамыр-таныстықпен келген кадр үмітті ақтамады. Бізге қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін, қазақи менталитеттегі жас ұрпақ қажет. Қазақ елінің болашағы – қазақи азаматтардың қолында. Ал өзінің болашағын қазақпен байланыстыратын әрбір этнос Қазақстанды дамытуға үлес қосуға міндетті. Қиын-қыстау заманда қазақ өзгеге пана болды, жерұйыққа айналды. Ел мен жердің иесі, мемлекет құраушы ұлт – қазаққа қызмет қылатын кез жетті. Жаратқан ием, елімізді төтеннен келген апаттан, бәле-жаладан сақтасын. Қазағымның бірлігі мықты болып, жарқын болашағы алда болсын!
Сұхбаттасқан Олжас Жолдыбай