Жемқорлық кернеген елдердің қатарында. Астананың орны төмендеді

213
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gNXHVy0D8ttilAS1YOhFku9pwtZXW6di906EMvlO.jpg

Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау жаһандық индексіндегі позициясы төмендеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз 100 балдың ішінде 38 балл жинады. Бұл туралы Transparency International Kazakhstan жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Халықаралық ұйым 2025 жылға арналған жыл сайынғы Сыбайлас жемқорлық индексін жариялады. Бұл рейтингке 182 ел мен аумақ кірген. Индекс сарапшылар мен бизнес қауымдастығының бағалауларына негізделіп, мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдау көрсеткішін 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшейді.

«Индекс әртүрлі елдердегі сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау және салыстыру үшін негізгі халықаралық құрал болып қала береді», – делінген хабарламада.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 38 балл жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 баллға төмен.

Еліміз балл саны бойынша Эфиопия және Суринам елдерімен бір қатарда, ал Колумбия, Доминикан Республикасы, Гамбия, Лесото мен Замбиядан бір саты жоғары, Мальдив, Марокко мен Тунистен бір орын төмен тұр.

Transparency International мәліметінде рейтингтегі орыннан гөрі жинаған балл маңыздырақ екені атап өтілді.

«50 балдан төмен нәтиже алған елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер қатарына жатады. Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірінде бұл межеден тек Грузия (50 балл) ғана өтті. Қазақстанды (38 балл) көрші елдермен салыстырсақ: Өзбекстан — 31 балл (124-орын); Қырғызстан — 26 балл (142-орын); Ресей — 22 балл (157-орын); Түрікменстан — 17 балл (167-орын). Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірі 100 балдық шкала бойынша орташа есеппен 34 балл жинады. 19 елдің алтауында көрсеткіш төмендесе, тек жеті елде ғана оң динамика байқалды. Бұл реформалардың баяулағанын және институттардың әлсіздігін көрсетеді», - деп толықтырған Transparency International Kazakhstan.

 

Yorumlar
Diğer Haberler