«Қазақтан» басталған Ұлттық басылым күні

270
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hyTcxya9Xs2knGpFYQnjEq0x4yueW2QV6Nbu0gB2.webp

Бүгін, 2 ақпанда елімізде Ұлттық басылым күні аталып өтіліп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дәл осы күні Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді ұлт зиялылары негізін қалаған "Қазақ" газетінің алғашқы саны жарық көрген еді. Бұл оқиға отандық кәсіби журналистиканың негізін қалаған болатын.

Газет Орынбор қаласында 1915 жылға дейін аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрған. Таралымы — 3000, кей жылдары 8000-ға дейін жеткен. Басылымда ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды материалдар жарияланды.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз құттықтауында газет-журналдардың ашық қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта қазақстандық басылымдар аға буын қалыптастырған сол игі дәстүрді лайықты жалғастырып отыр. Жақында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, олар бүгінде «ренессанс кезеңіне» қадам басты.

Шынында да, бүгінде ұлттық баспасөз интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында аудиториясын кеңейтіп, қайта жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Осылайша, мерзімді басылымдар елдің медиа кеңістігінде маңызды орнын бекемдей түсті. Ұлттық басылымдарды қолдау Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді»,-деді ол.

Айта кетейік, 1991 жылы елімізде бар-жоғы 10 республикалық газет пен журнал ғана шықса, 2026 жылғы қаңтар айындағы дерекке сәйкес, Қазақстанда 5 062 БАҚ тіркелген. Оның ішінде 3 081-і мерзімді басылым: 1 932 газет пен 1 149 журнал.

 

Yorumlar
Diğer Haberler