Қайтпайтын Ғабидолла. Істі болған шенеунік қызметке келді

273
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5uB0tUrBXuPTxkwbD1eEHrfenj2W0WNxZylft57Y.jpg

Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна".

Біраз уақыттан бері көрінбей кеткен әкім күні кеше Түркістан облысында 1000 МВт қуаттылықтағы бу-газ электр станциясын салу мәселесі бойынша жұмысқа қатысты кездесуде бой көрсетті.

Іс-шарадан фотосуреттер мен бейнелер ccgt_turkistan Instagram-парақшаға жүктелді. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ-ға еншілес «Turkestan CCGT» ЖШС-нің ресми парақшасы. Жазбада «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ басқарма төрағасының операциялар жөніндегі орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов және компания басшылығы құрылыс алаңына жұмыс сапарымен барып, стратегиялық жобаның барысын қарап шыққаны айтылған. Алайда, компанияның ресми сайтында жаңа тағайындалу туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Ғабидолла Әбдірахымов мемлекеттік қызметке төрт жылға жуық үзілістен кейін қайта оралды. Оның соңғы атқарған жоғары лауазымы 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы мәдениет және спорт вице-министрі қызметі болатын.

Шенеунік бұған дейін Шымкент қаласының әкімі ретінде кеңінен танылды. Алайда 2019 жылы Лондондағы Пикадилли көшесінде түсірген видеосы қоғамда үлкен сынға ие болып, артынша ол «саяси сенім таусылды» деген тұжырыммен қызметінен босатылды. Сондай-ақ Әбдірахымов Арыстағы жарылыстан кейін наразылыққа шыққан тұрғындармен кездесуде ер адамдарды «әйелдеріне ие болуға» шақырып, даулы мәлімдеме жасаған болатын. 20 жылдан астам мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар ол әр жылдары Президент әкімшілігі мен Үкіметте түрлі басшылық лауазымдарды атқарған.

2023 жылдың басында  Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берілгені мәлім болды. Бұған дейін аталған істі Алматы қалалық полиция департаменті «алаяқтық» бабы бойынша тергеген.

Yorumlar
Diğer Haberler