Қараөзен мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтті

16
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/j337ktxAWgD8qbpXrUzB702pVpLYgqhPx0SeTWzN.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Бала тәрбиесі – аса маңызды мемлекеттік іс. Әрбір ауылдың мектебі қаладағы мектептен кем болмауға тиіс» деп атап өтіп, сондай-ақ «Үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту – басты міндет» деген нақты тапсырма берген болатын.

Аталған тапсырмалардың жүйелі жүзеге асырылуы, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы нәтижесінде ауданымыздағы еңселі білім ордасы Қараөзен мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтіп, мектеп жанындағы интернат та толық жаңарып, заман талабына сай кейіпке еніп, пайдалануға берілді. 

Салтанатты іс-шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Мендіғалиев, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. 

Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы өзінің құттықтау сөзінде өңірде 6 мектеп күрделі жөндеуден өткенін атап өтті. 

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет деген болатын. Оның ішінде, 2025 2027 жылдарға біздің облысымызда 86 мектептің күрделі жөндеуі жоспарланған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында биылғы жылы облыста 6 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, соның бірі Қараөзен мектеп-лицейі. Жалпы Казталов ауданында соңғы 4 жылда 4 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жүргізілген жұмыстар білім сапасының артуына оң ықпалын тигізетініне сенімдімін. Сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстары барысында жаз айларында мектеп жанындағы интернатта төтенше жағдай орын алғаны баршаңызға белгілі. Аталған  кемшілікті жоюды мердігер, «Жайық Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мереке Қонысбайұлы Молдағалиев өз қаражаты есебінен жүргізуді мойнына алған болатын. Бүгінгі күні мектеп интернаты толығымен қалыпқа келтірілді. Міне, осындай азаматтарымыздың бары бізді қуантады. Осы орайда, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы  және ауыл тұрғындары атынан Мереке Қонысбайұлына алғысымызды білдіреміз, — деді ол. 

Қараөзен мектеп-лицейі 1978 жылы пайдалануға беріліп, 2025 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқушылар мен педагогтер үшін заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасы қалыптастырылды. Мектеп-лицейдің жобалық қуаттылығы 350 орынға есептелген. Қазіргі таңда білім беру ұйымында 228 оқушы білім алуда, оның ішінде 14 бала мектепалды даярлық сыныбында тәрбиеленуде. Оқу үдерісін 44 білікті педагог қамтамасыз етеді. Білім сапасының көрсеткіші 72 пайызды құрайды. Білім беру ұйымында оқу процесі екі ауысымда ұйымдастырылған, сынып-комплект саны – 16. 

Ауыл халқы да білім ордасының жаңа кейіпке енуін зор ризашылықпен қабылдады.

— Мемлекет басшысының бастамасымен және өңір басшылығының қолдауымен ауданымызда ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған мектеп – ауданымыздағы іргелі білім беру ошақтарының бірі. Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай толықтай жабдықталуы барша ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Ел болашағы үшін атқарылып жатқан бұл игі іске ұйытқы болған Қазақстан Республикасының Президентіне, облыс және аудан әкімдеріне ауыл ақсақалдары атынан шексіз алғысымызды білдіреміз, — деді Қараөзен ауылының батагөй ақсақалы Болат Бекешов.


Yorumlar
Diğer Haberler