"Украина, Қазақстан және Кавказды беріп қойдық..." Путиннің жер даулау пиғылы әшкереленді

113
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pvbPj33KeBirxDBYKoFTnQDkUDKcRGJ6329El7Wf.webp

Фото: AFP via Getty Images

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университеті жанындағы америкалық үкіметтік емес ұйым –  Ұлттық қауіпсіздік архиві 2001, 2005 және 2008 жылдары Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джордж Буш арасында өткен келіссөздердің құпиясыздандырылған стенограммаларын жариялады. Құжаттарға қарағанда, Кремль басшысы алғашқы кездесудің өзінде-ақ Ресейдің «мыңдаған шақырым аумақтан өз еркімен бас тартқанын» айтып, НАТО-ның кеңеюіне қарсы болған. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Алғашқы құжат 2001 жылғы 16 маусымда Словения астанасы Любляна маңындағы Брдо қамалында өткен Путин мен Буштың алғашқы жеке кездесуіне қатысты. Стенограммаға сәйкес, тараптар кездесуді достық жағдайда бастап, Ресей мен Батыс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірген.

Алайда әңгіме барысында Владимир Путин күтпеген жерден тарихи және аумақтық мәселелерге көшіп, Ресейдің Кеңес Одағы тарағаннан кейін «мыңдаған шаршы шақырым аумақты өз еркімен бергенін» айтқан. Ол Украинаны, Қазақстанды және Кавказ аймағын мысалға келтіріп, мұны сол кездегі партиялық басшылықтың шешімімен байланыстырған.

Сол кездесуде Путин НАТО-ның кеңеюіне қарсылық білдіріп, Ресейдің альянс шешімдеріне ықпал ете алмай отырғанын атап өткен. Сондай-ақ ол 1950 жылдары КСРО-ның НАТО-ға мүше болу туралы өтініші қабылданбағанын еске салған.

 Путиннің айтуынша, посткеңестік кеңістіктегі жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы «тарихи әділетсіздік» ретінде қабылданған. Бұл мәлімдеме Ресей басшысының бұрынғы КСРО аумағын біртұтас ықпал аймағы ретінде қарастырғанын аңғартады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай көзқарас Ресейдің кейінгі жылдардағы сыртқы саясатына, соның ішінде Орталық Азияға қатысты ұстанымына идеологиялық негіз қалыптастырды.

Стенограммаларда Владимир Путин НАТО-ның кеңеюіне бірнеше рет қарсылық білдірген. Ол альянстың бұрынғы кеңестік республикаларға жақындауын Ресей қауіпсіздігіне тікелей қатер ретінде бағалаған.

2008 жылғы Сочидегі кездесуде Путин Украинаны «кеңестік кезеңде жасанды түрде құрылған мемлекет» деп атап, оның НАТО-ға қосылуы Ресей үшін ұзақмерзімді қақтығыс тудыратынын мәлімдеген. Бұл тезистер кейін Украинаға қарсы саясаттың негізгі уәжіне айналды.

Саясаттанушылардың айтуынша, Украинаға қатысты қолданылған аргументтер Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін де маңызды сигнал болды. Өйткені Ресейдің посткеңестік кеңістікті «ерекше ықпал аймағы» ретінде қарастыруы аймақтағы қауіпсіздік пен егемендік мәселелерін күн тәртібіне шығарды.

Жарияланған стенограммалар Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы мәселесінде халықаралық құқықтың маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Қазақстан ресми түрде көпвекторлы саясатты ұстанып, Ресеймен де, Батыс елдерімен де теңгерімді қарым-қатынас орнатуға тырысып келеді.

Сонымен қатар бұл құжаттар Орталық Азия елдері үшін геосаяси сақтықтың, сыртқы саясаттағы прагматизмнің және халықаралық кепілдіктердің маңызын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, Украина тәжірибесі посткеңестік мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға, қауіпсіздік архитектурасын қайта ойластыру қажеттігін аңғартты.

Yorumlar
Diğer Haberler