Риддерде жүргізуші баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

183
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nvySaiWXwzIILUbkC2wtwRyOqTWAvUeY6AbOvPT9.jpg

Риддер қаласында көлік жүргізушісі баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі noks.kz-ке сілтеме жасап.

Оқыс оқиға 23 желтоқсанда көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған.

Алты жастағы бала подъезден жүгіріп шыққан сәтте оны өтіп бара жатқан автокөлік қағып кеткен. Соққыдан бала бірнеше метрге ұшып кеткенімен, өздігінен орнынан тұрған. Жүргізуші көліктен шығып, баламен сөйлескен. Алайда баланың жағдайын «қалыпты» деп бағалап, ешқандай көмек көрсетпестен оқиға орнынан кетіп қалған.

Жылап тұрған баланы және болған жайттың бәрін куәгерлер көрген. Олар дабыл қағып, жергілікті чатта жол апаты туралы хабарлаған. Аулаға орнатылған бейнебақылау камералары оқиғаны толық тіркеп алған. Ақпарат қала ішінде тез тарап, жол апаты орнын тастап кеткен жүргізуші анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«23 желтоқсанда Риддер қаласында Lada X-Ray автокөлігінің жүргізушісі тұрғын үйлердің бірінің маңында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілді. Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтады, көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, олардың нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады»,- деді Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті.

Бала медициналық мекемеге жеткізілген. Қазір оның жағдайы тұрақты.

Yorumlar
Diğer Haberler