"Агрессорды ауыздықтауға шақырамыз". Украина Қазақстан наразылығына жауап берді

927
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HoiO2lRBH3jOR78Yk1zUsoMWrqFWBAmckjUuagXo.jpg

Украина Қазақстанның Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты жолдаған наразылығына жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Елдің сыртқы істер министрлігі өз әрекеттерінің ешқайсысы «Қазақстанға немесе басқа да үшінші тараптарға қарсы бағытталмағанын» атап өтті.

«Украина Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына қатысты Қазақстанның үндеуін назарға алды. Украина тарапынан жасалған ешбір әрекет Қазақстан Республикасына немесе өзге үшінші тұлғаларға қарсы емес екенін ерекше атап өтеміз. Біздің барлық күш-жігеріміз толық масштабты Ресей агрессиясына қарсы тұруға, өзіміздің өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыруға бағытталған. Тағы да атап өткіміз келеді, Қаратеңіз аймағындағы және оның шегінен тыс өңірлердегі тұрақсыздыққа себеп болып отырған жалғыз фактор – Ресей агрессиясы», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Киев Қазақстан тарапынан Ресей Федерациясының Украинадағы бейбіт халыққа, тұрғын үйлерге, азаматтық инфрақұрылымға және энергетикалық жүйеге, соның ішінде украин АЭС-терінің қосалқы станцияларына жасаған соққыларын айыптаған мәлімдемелердің болмағанына назар аударды.

«Біз барлық тарапты мемлекетіміз бен халқымызға қарсы қылмыстық соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін агрессорды мәжбүрлеуге күш салуға шақырамыз. Соңында біз Қазақстан халқына деген құрметімізді жеткізіп, екі ел арасындағы достық және прагматикалық қарым-қатынасты дамытуға ниетті екенімізді растаймыз», – деп қосты Украина СІМ.

Еске салсақ, 29 қарашада Украинаның экипажсыз катерлері Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалының айлақ құрылғысын істен шығарған болатын. Соның салдарынан мұнай тиеу тоқтатылған еді. Осы құбыр арқылы мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа шығаратын Қазақстан бір күн бұрын "мұнай тасымалдаудың балама бағыттарын" қарастырады деген. Ал 30 қарашада Қазақстан сыртқы істер министрлігінің наразылық нотасы жарияланды.

 

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler