Әйгілі әнші Ермек Серкебаев пен танымал кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, бұл шешім қазақ мәдениетінің әлемдік мұраға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
«ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында Қазақстан тарапынан берілген бірнеше ұсыныс қолдау тапты. Әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаев пен көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары 2026-2027 жылдары халықаралық ұйым аясында аталып өтетін атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Бұл – ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан қазақстандық қайраткерлердің халықаралық деңгейде лайықты мойындалуының бір белгісі», - деп жазды Қарин.
ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер күнтізбесі — Ұйым тарапынан қолдау тапқан және халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын атаулы күндер мен мерейтойлардың, маңызды оқиғалардың ресми тізімі.
ЮНЕСКО дерегінше, ұйым 1956 жылдан бері 1234 атаулы күнді атап өтуге атсалысқан. Соның 31-і Қазақстанның бастамасымен күнтізбеге енген. Бұған дейін Абай Құнанбайұлының 150 жылдық, Шымкент қаласының 2200 жылдық, Алматы қаласының 1000 жылдық, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойлары және басқа да атаулы күндер ЮНЕСКО қолдауымен халықаралық деңгейде тойланған еді.