Екі жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

436
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/I1zCvFb2bnF0Q0EkYe0Lrgh2GM2jZsZcV2lQdE4L.png

Елімізде тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін бірден екі тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы «Отбасы банктің» баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Отбасы банк 2025 жылдың 17 қарашасынан бастап тұрғын үй төлемдерін алушылардан несие өтінімдерін қабылдауды бастайды. Бұлар – Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, ТЖМ, Мемлекеттік күзет қызметі, әскери прокуратура және басқа да мекемелердің қызметкерлері мен әскери қызметшілер»,–делінген хабарламада.

Банк мәліметінше, бөлімшеге алдын ала барудың қажеті жоқ. Несие беру үдерісі ведомстволар ұсынатын дайын тізімдер бойынша жүргізіледі. Тізімдер жасалғаннан кейін ғана қызметкерлер банкке барып, өз аты-жөнінің базаға енгенін тексеріп, өтінім бере алады.

Жаңа тұрғын үй алғысы келетіндер «Наурыз Әскери» бағдарламасына қатыса алады.

«Бұл бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі – 9%*. Тіпті бастапқы жарнасыз да қатысуға болады. Егер бастапқы жарна 0%-дан 20%-ға дейін болса, онда несие сомасының ең жоғары мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 миллион теңге, ал басқа өңірлер үшін – 30 миллион теңге болады.

Егер бастапқы жарна 20%-дан 50%-ға дейін болса, банк ең жоғары несие сомасын 80 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр»,- деп жазды банк.

Екіншілік нарықтан үй алғысы келетіндер үшін «Әскери баспана» бағдарламасы ұсынылады:

• несие мөлшерлемесі – 18%;

• бастапқы жарна – 20–50%;

• несие сомасы – 50 млн тг-ге дейін;

• тұрғын үйді қатысушы өзі таңдайды.

Отбасы банктің мәліметінше, тұрғын үй төлемін алатын 44 103 азамат банк арқылы баспаналы болған. Бұл мақсатқа 870,5 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде әскери бағдарламалар бойынша 18 мың несие беріліп, жалпы сомасы 428 млрд теңгені құрады.

 

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler