Елімізде жаңа идеология құжаты өмірге келді

1174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sBKyhMcXUKPFi2AmHzlSTVOeUi5u4R0gwLwzaKzx.png

Елімізде қаншама жылдар бойы Ұлттық идеология туралы әңгімелер үзбей айтылып келеді. Бірақ осыған дейін оның айшықты жобасы жасалынбады. Себебі, бұған дейін біз мемлекет пен қоғам  дамуының әртүрлі иновациялық-технологиялық жобаларын өмірге әкелгенмен,  елімізде Конституцияда атап көрсетілгендей «Қазақстан – унитарлы мемлекет» қағидатына жеткілікті назар аударылмай келді. Керісінше, Қазақстанның ішкі саясатында «көпұлтты мемлекет» ережесі берік орнықты. Нәтижесінде, біз Ұлтаралық қатынаста «көпұлттылық» қағидатын алға шығарып, оны идеологиялық ұстанымның басты өзегіне айналдырдық...  Осы және өзге мәселелер бойынша сіздерге белгілі философ Әбдірашит Бәкірұлының ой толғамдарын ұсынамыз. 

Тарихтың объективті даму заңдары туралы

Бірақ, адамдар тарихты қаншама өз қалауымен жасаймыз деп тырысса да, тарих ешқашан өзінің объективті мазмұнынан, өзінің даму заңдылықтарынан айнымайды. Уақыт өте ол қоғамда орын алып отырған «тарихи субъективизмді», яғни, «адамдардың қалауын» өз тезіне салады. Соның бірегейі – қоғамның идеологиялық дұрыс жолын табуы болып табылады.

Жаңа идеологиялық өріс туралы

Одан өзге, қоғамдағы үздіксіз болып жатқан өзгерістер мен жаңарулар – белгілі бір тарихи кезеңде жаңа «идеологиялық өрісті» өмірге әкеледі. Қоғам да, мемлекет те, билік те осы «өзгерістер уақытын» өткізіп алмай, өзінің болашақ даму бағытына, идеологиялық ұстанымдарына, қоғамның «өмір сүру ережесіне» заманға және құқықтық нормаларға сай өзгерістер енгізуі қажет. Олай болмаған жағдайда, қоғам мен мемлекеттің дамуы кенеттен, не болмаса, ұзаққа созылған қателіктерден қайшылықты күйге тап болып, тоқырауға бет алады.

Сол себептен де, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы № 1081 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты маңызды құжат қабылданды. Бұл құжат қазіргі «Әділетті Қазақстан» аттымен тарихқа енген мемлекеттік даму бағытына жаңа серпін беруге, осыған дейін көлеңкелі күйде болып келген даму принциптерін (қағидаттарын, құндылықтарын) жаңа қырынан қабылап, оны болашақ идеологияның тұғырына (идеологиялық өріс) айналдыру мақсатын көздеген деп айтуға болады.

Ескі мен жаңаның принципті айырамшылығы туралы

Бұрынғы жүйе, қоғам санасына мемлекет формасын «көпұлтты  мемлекет» деп сіңіргендіктен, мемлекеттік дамудың барлық жауапкершілігі де «көпұлттылық» форматында қабылданды. Бұл, өз тарапынан, астарлы түрде «конституциялық қайшылыққа» бастайтын тетік болатын. Себебі, біздегі мемлекетқұраушы ұлт – қазақ ұлты болғандықтан, олар өзінің «Унитарлы мемлекет», яғни, «бір ұлт – бір мемлекет» атты конституциялық құқын талап етумен болды. Бұл талап мемлекеттік тіл мәселесі мен мәдени дамуында жағдайды шиеленістіре бастады, ақыры оны  саясилануға алып келді.  Ол, өз кезегінде, осы мәселелер төңірегінде туындаған қоғамдық оқиғалар легіне ұласты. Тіптен, адамзатқа ортақ құдайға қатысты дін мәселесі де біршама «саясилана» бастағанын байқауға болады.

Қазір осы мәселені объективті тұрғыда саралай отырып, идеологиялық жаңа ережелер жасаудың қажеттілігі артты. Елімізде президенттің Жарлығымен қабылданған аталған құжаттың пайда болуы сол себептен деуге болады.

Әлемдік геосаясаттағы  күрделі жағдайлардың ықпалы туралы

Әлем белгілі бір ережелермен өмір сүреді. Оның негізін БҰҰ аясында  барлық халықтар мойындаған Халықаралық заңдық нормалар құрайды. Бірақ, соңғы кезде бұл бағытта адамзат үлкен дағдарысты жағдайға тап болуда: мысалы, әлемнің ядролық қаруы бар сегіз ел 1994 жылы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Украина мен Қазақстанға бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, территориялық тұтастығын сақтауға және т.т. кепілдік беріп, мемерандумға қол қойған болатын. Ол осы елдердің парламенттерінде ратификацияланған. Енді, әлемде осы «бейбітщілік Шарты» бұзылды – ядролық Ресей Украинаға «арнайы соғыс операциясын» жариялады. Кескілескен соғыс қимылдарының жүріп жатқанына төрт жылға уақытқа таяп қалды. Енді аз уақыттан кейін ол Екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан асып түсетін болады... 

Әлем «бір ұлт – бір мемлекет» ережесін қатайты. Дүние жүзі мемлекеттерінде «мемлекеттік эгоизм» күшейді. Нәтижесінде, әр жерлерде «локалды мүдделер басымдығы» артып, ол аймақтарда да соғыс өртінің тұтану қаупі арта түсті.

Одан өзге, «экономикалық мүдделер қақтығысы» да кейінгі кезде ашықтан-ашық көрініс таба бастауда. 

Осындай жағдайда, тіптен, кейбір федеративті-көпұлтты мемлекеттердің өздері «бір ұлттық мүдде» саясатына көше бастады. Черчильдің айтқан әйгілі «ағылшын мүддесі» қазір барлық елдерге тарады десе болады...

Бұл жағдайлар бізге өз ішкі саясатымызды ортақ мақсат пен мүддеге бұруды өткір талап ете бастады. Оның үстіне, осы уақытқа дейін елімізде қоғамдық сана сапасы елеулі өзгерістерге ұшырады: халықтың қояр талабы артты, құқықтық тұрғыдағы талаптар күшейе түсті: яғни, «ескі Қазақстан» мен «жаңа Қазақстан» арасында көп айырмашылықтар пайда болды.

Осы негізгі факторлар бізге «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты маңызды құжатты қабылдауға әсер етті. Бүгінгі қысқа шолудағы айтар ойымыздың басты ұсқыны осы. Ішкі саясатқа қатысты аталған құжатта қарастырылған өзге мәселелерге келесі мақалаларда тоқталатын боламыз.

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

 

Yorumlar
Diğer Haberler