«Тәлтіректеген Назарбаев» Мәскеуге кетеді

1095
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/emeFH4JupGqiy0udiDyDhdvd7l468ob5XY3UV5DU.webp

Әйгілі қазақстандық суретші Ербосын Мелдібековтің «Назарбаевтың тәлтіректеуі» атты туындысын Мәскеудегі Garage заманауи өнер музейі сатып алған. Бұл туралы NBK басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна».

Инсталляция алғаш рет Қазақстанда 2024 жылдың ақпанында өткен «Боран – Байқоңыр: Жібек жолы мен Құс жолының арасы» атты жеке көрмесінде жұртшылыққа көрсетілген еді. Көрмені Қайрат Боранбаевтың бастамасымен «Целинный» заманауи мәдениет орталығы ұйымдастырып, оған Серік Толұқпаевтың Aitas Foundation қоры демеушілік жасаған.

Бес қола мүсіннен тұратын бұл жұмыс – Талдықорғанда Елбасы мәртебесінде тұрған кезде орнатылып, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде құлатылған Назарбаев ескерткішінің көшірмесі. Мелдібеков үш секундтық құлау сәтін «уақыты баяу қозғалғандай» кадрларға бөліп бейнелеген. Инсталляцияда Назарбаев бейнесінің тәлтіректеп құлап бара жатып қайтадан көтерілу иллюзиясы беріледі.

Көрме кезінде туынды қоғамдық дау туғызған: ұйымдастырушылардан жұмысты алып тастауды талап еткен. Алайда суретші мен ұйымдастырушы Дастан Қожахметов бұған келіспеген. Соның нәтижесінде Aitas Foundation суретшімен ынтымақтастықты тоқтатқан.

Қазіргі таңда туындыны Garage музейі бірнеше ондаған мың долларға сатып алған, нақты сомасы жария етілмеді.

Yorumlar
Diğer Haberler