Музыкалық аспап шеберлерінің бірлестігі құрылды

1268
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4ef4OcW84skqJPhAjyuLkqYAAULqZDpyBoYYt0j9.jpg

Қосшы қаласында Қазақстан саз аспаптары шеберлерінің бірлестігі ресми түрде құрылып, алғашқы құрылтай жиыны өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Дархан Қыдырәлі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, бұған дейін музыкалық аспап шеберлерінің арнайы бірлестігі болмаған.

«Отыз жыл бойы ортақ жиын өтпегенін, ал кейбір шеберлердің қолөнершілер бірлестігіне тіркеліп жүргенін естігенде таң қалдым. Осы істің басы-қасында жүрген айтыскер ақын Еркебұлан бауырымнан біраз жайтқа қанық болдық. Шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес екен. Ол туралы депутаттық сауалымызда айттық», — деді ол.

Құрылтай жиынында басқарма төрағасы, мүшелері мен ақылдастар алқасы сайланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер өзара тәжірибе алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Жиында Жолаушы Тұрдығұлов, Нарбек Оханов, Сұлтан Мұсаев, Бақытжан Ділманов, Бабыр Арғынов сияқты белгілі шеберлер сөз сөйледі. Ал күйші Жанғали Жүзбай бастаған мәдениет майталмандары жаңа бірлестіктің құрылуын қуана қарсы алып, табыс тіледі.

Бүгінде елімізде 300-ден 500-ге дейін музыкалық аспап шебері бар екен. Сондықтан жаңа бірлестіктің жұмысы тез жанданады деген үміт бар.

Жиынға Бакудегі “Түркі мәдениеті мен мұрасы” қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова арнайы құттықтау хат жолдаған. Қараша айында осы бағытта ірі конференция өткізу жоспарланып отыр.

Жиынға арнайы қатысқан Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов шеберлерді заңнамалық тұрғыда қолдау қажеттігін атап өтті. Ал Мақсат Толықбай сала бойынша қолға алынған нақты бастамалар туралы баяндап, жаңа бірлестік мүшелеріне сәттілік тіледі.

«Бірлесіп, берекелі істі қолға алған шеберлерге табыс тілейміз. Бұл – ұлттық мәдениетімізді жаңғырту жолындағы маңызды қадам», — деді депутат.

Yorumlar
Diğer Haberler