Оралда 50 түп желек отырғызылды

1463
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PUljASPqAKvb4g1fEXNPfkTO36EO45t5DNBezkx1.jpg

Бүгін Оралдағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды шара өтті. 

Оның аясында Шаған өзенінің жағалауына жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың 50 көшеті отырғызылды. Табиғат қорғау шарасына 50-ден астам студент жас пен жергілікті билік өкілдері, еріктілер мен түрлі ұйымдардың мамандары қатысты.

Таңмен таласа «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы экоакцияға қатысушылар қолдарына күрек, тырнауыш алып, көтеріңкі көңіл-күймен жұмысқа кірісті. Бірнеше сағат бойы олар қураған жапырақтарды жинап, қоқысты тазалап, гүлзарлар мен орындықтарды қалыпқа келтірді. Сондай-ақ жасыл желек отырғызды. Жергілікті билік өкілдері облыста тазалық шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.

«Жалпы, биыл тек Орал қаласының өзінде республикалық жоба аясында 18 мыңға жуық ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз», — деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.Бұл күні сенбілік пен көгалдандыру жұмыстары 21 орында жүргізілді. Табиғат қорғау акциясы қар түскенше жалғаспақ.

Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменовтің айтуынша, мәдениет және демалыс саябағындағы ағаштардың басым бөлігі жүз жылдан астам уақыт бойы өсіп тұр. Сондықтан орман алқабын жаңартып, көгалдандыруды жүйелі түрде жүргізу аса маңызды. Белсенді жастардың, «Орал жастары» ұйымы мүшелерінің, студенттер мен еріктілердің қосқан үлесі ерекше атап өтілді.— «Мен бұл жерге топтастарыммен бірге өз ағашымды отырғызуға келдім. Осындай шараларға қатысуымыз маңызды деп санаймын. Ертең осы ағаштардың саясында ата-анам, атам мен әжем демалатын болады. Бұл іске менің де үлесім бар екеніне қуаныштымын», — дейді М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың 1-курс студенті Рабия Төлеуова.

Жастарға басымдық берілген тазалық акциясында студенттер өз қолдарымен жас желектерді отырғызып, олардың болашақта жайқалып, жасыл орманның бір бөлігіне айналуы үшін қамқорлық танытатындарын жеткізді.— Жеке өзім өмірімде 30-40 шақты ағаш отырғыздым. Ауламда, туған қаламның көшелерінде дәл осындай акциялар кезінде отырғыздым. Өзім Атырау қаласының тумасымын, алайда қазір Оралда білім алып жатырмын. Сол себепті осында, оқып жатқан қаламды көгалдандыруды маңызды санаймын, — дейді М. Өтемісов атындағы БҚУ студенті Дамир Иван.

Іс-шараның мақсаты — тек тазалық орнату ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының табиғатқа және қоғамдық кеңістіктерге деген жауапкершілігін арттыру. «Жиналған жер емес, шашылмаған жер таза» екенін еске алған жастар оралдықтарды өз қалаларын аялауға шақырды.— Саябақта қазір алпыстан аса жас жұмыстанып жатыр. Сенбілікке үлес қосуға ниеттенген студенттердің қатары қалың. Біз оларды бөлінген аумақтарға жібердік. Айта кететін жағдай — соңғы кездері жоғары сынып оқушылары да ықылас білдіріп отыр. Болашақта оларды да осындай табиғат жанашырларының қатарына қосу керек деп ойлаймын. Қатысқан барша тұрғындарға алғысымызды білдіреміз. Ортақ күш-жігердің арқасында саябақтың келбеті айтарлықтай жақсарды. Мұндай игі шаралар жақсы дәстүрге айналады деп сенеміз», — дейді БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ансар Ибраев.

Таза ауа, әуезді ән табиғат қорғаушыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушылар саябақты абаттандыру жұмыстарын жалғастыруға уәде беріп, алдағы экологиялық бастамаларға да үлес қосатындарын айтты.

Yorumlar
Diğer Haberler