Жол бойындағы дәретхана – үлкен проблема. Журналист Гүлмира Әбіқай дабыл қақты

2084
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0sbGPXykvYs3kg4DboQMdsXlZ0vsFgfcevvYX3JD.jpg

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамдық дәретханалардың күйін сынға алып, шындықты ашық жазды. Оның айтуынша, Алматыдан Бурабайға сапар кезінде кездескен дәретханалар адам шошырлық жағдайда болған, деп хабарлайды “Адырна”.

Әбіқайдың жазбасында айтылғандай, Балқаш маңындағы алғашқы аялдамада орналасқан дәретхана тек ер адамдарға арналғандай көрінген. Ағаштан жасалған екі есікті әжетханадан тараған иістің өзінен жүрек айниды. Әйелдер үшін арнайы орын қарастырылмаған.

«Сәл ұзап, Балқаш сыртындағы @royalpetrol.kz бекетіне тоқтадық. Дәретхана – 100 теңге. Бірақ кезекте – 100 адам. Байланыс жоқ. Майда теңге әр қалтада қайдан табылсын? Қысылып тұрған жұрт дәретхананың алдында ұрсысып жатыр – соткасын шұқылап, QR ашылмай әлек.

Шыдаған күйі тағы 300 шақырым жүріп, Қарағандыға жеттік. Ол жақтағы алып ЖМҚС – Qazaq Oil. Жағдай былай: су жоқ, дәретхана жабық. Ел-жұрт айналадағы ағаш пен бұтаның арасына жайылып кеткен. Маңайдағы кепкен тезек пен ұшқан қағазға қарасаң, бұл жерде су болмағанына бірнеше жыл болғандай», деп жазды журналист.

Журналистің айтуынша, көптеген жанармай бекеттерінде арнайы техникалық қызметкер жоқ. Дәретханаларды сол жердегі кассир-оператор қыздар өздері жуып-тазалайды. Бұл олардың лауазымдық міндетіне кірмесе де, амалсыздан тазалықпен айналысуға мәжбүр.

"Күніне миллиондап пайда көретін ЖМҚС иелері неге бір тазалықшыға жалақы төлеуге қимайды?" — дейді Әбіқай.

Жол бойындағы ақылы жолдан өтудің өзі 4600 теңге тұрса, неге қарапайым дәретхана, кэмпинг немесе мотель салынбайды деген сұрақ туындайды. Мемлекет тарапынан алынатын авто және жол салығының қайда жұмсалып жатқаны түсініксіз.

"Құзырлы министрлік пен тиісті мекемелер осы жағдайдан хабарсыз деп айту – ақылға қонымсыз", – дейді журналист.

Жол бойында сирек кездесетін салыстырмалы түрде таза дәретханалардың өзінде қағаз немесе қол жуатын сабын болмайды. Бұл санитарлық талаптарды өрескел бұзу ғана емес, сонымен қатар халық денсаулығына тікелей қауіп төндіретін фактор.

Yorumlar
Diğer Haberler