Жамбылда ерекше қорғалатын табиғи парк ашылды

1309
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QxwKiIHg4vTaLxlSs34CkycfPS4avw7nKrM257L7.webp

Жамбыл облысында алғаш рет«Меркі мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» ашылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Қазақпаратқа сілтеп.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл парк — ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие.

Аталмыш жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылған.

Жаңа табиғи парктің аумағы 86 632 гектарды құрайды. Ол таулы және тау бөктеріндегі аумақтарды қамтып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғауға бағытталған.

Ерекше аймақта Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр және Түркістан сілеусіні мекендейді. Соңғы санақ бойынша парк аумағында 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы және 22 сілеусін тіркелген.

Жаңа парк табиғатты қорғаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, экологиялық ағартушылықты күшейтуге және экотуризмді дамытуға мүмкіндік бермек. Туристер үшін тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты бағыттар қарастырылған.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, алдағы уақытта парк аумағында туристік соқпақтар, танымдық бағыттар мен демалыс аймақтары кезең-кезеңімен жасақталып, табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталатын болады.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстандағы ұлттық парктерге 2,8 миллионнан астам адам барған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға жоғары.

Yorumlar
Diğer Haberler