Құрметті ағайын! Жақында ғана депутат Сайыров Пәкістандағы босқын қазақтардың жағдайы жөнінде видеоүндеу жариялады. Мен бұл тақырыптың ресми қозғалғанына қуаныштымын және де тақырыпты әлеужелінің желбуаз әрекетіне айналмай нақты нәтижелі болуына мүдделі адам ретінде шығып отырмын. Бірақ 2021 жылдан бері екі бірдей 7 және 8 екі сайланымда үзбей мандат ұстап отырған депутаттың енді ғана шырт ұйқыдан шошып оянғандай әлеужеліге бас салғаны онша үміт туғызбай отыр. Әсіресе, Пәкстандағы босқын қазақтар есебінен ұпай алу сияқты пиғылдар қылтияды. Осыған қатысты мәселенің шынайы сипатын ашуды жөн санадым.
Содан бері талмастан Ауғанстан қазақтарының мәселесімен айналыстық. Жомарт Жеңіс деген этнограф-ғалым 2023 жылы Ауғанстанға екі рет этнографиялық экспедиция жасап, қыруар жәдігер тауып келді, одан ғылыми бір кітап шығарды.
Ал Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі не ҚР Сыртқы істер министрлігі 60 кілемді әкеліп әкетуге қол ұшын бермей, әлгі қазақ кәсіпкер қыруар қаржысын жолға шығындады. Тарихи отанына үлес қосқысы келген Нәсім Найман 50 мыңдай доллар текке жұмсады. Сол көрмені дипломатиялық жолмен мәдени мұра ретінде тегін өткізіп, ауғандық қазақ кілемшілерін қолдауға, Қазақ-Ауған ара қатысын өрбітуге не кедергі болды? Сол кезде депутат Ерлан Саиыров қайда болды? Ол кезде де тик-ток әлеу желісі болды. Енді шырт ұйқыдан шошып оянуға не себеп, депутат мырза? Хайп қуған блогер емессіз, журналист емессіз. Бірнеше жылғы тәжірибесі бар депутатқа тән байсалды қимыл-әрекет керек емес пе?
Құрметті Мәжіліс депутаты Ерлан Биахметұлы! Сіз елдегі биліктің ең жоғарғы органының мүшесісіз. Сіздің қолыңызға сайлаушылар, яғни қазақ халқы арнайы мандат берді. Ал сіз неге сайлаушылар немесе халқым деудің орнына, блогер құсап «қауым» деп халықты төмендетесіз? Қауымның не екенін сіз жақсы білесіз. Өйткені, социологсыз, политологсыз ғой.
Бұл мәселені шешуге тик-токсыз да, қауымсыз да,қолыңызда толық құзыр мен көзір бар. Оның үстіне президент Тоқаевтың бастамасымен парламентке бұрынғыдан да үлкен құзырет пен еркіндік берілді. Үкіметті де, Сыртқы істер министрлігін де, Миграция комитетін де бұрышқа тұрғызып қоюға толық мүмкіндік бар.
Сіз Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесісіз, парламенттегі «Аманат» партиясынан құралған фракция өкілісіз, одан қалды шетелдегі қазақтармен айналысуға құрылған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бар, осының барлығы бола тұра, неліктен күйбең тіршілігін қамтудан қолы тимей жүрген жұрттан қолдау сұрап отырсыз?Абсурд қой! Әлгі аталған мемлекеттік органдар елдің мәселесін шешпесе, депутаттың сауалын орындамаса, бетімен кеткені ме? Неліктен осы сала бойынша мамандар мен сарапшыларды, қайраткерлерді, белсенділерді жинамайсыз, неге ақылдаспайсыз? Саясат жалғыз шауып бәйге алатын той емес екені белгілі.
Блогер болып әлеужелімен мәселе шешетін болсаңыз, мандаттың сізге не керегі болмақ?Тақырыпты талғажау етіп, хайп жасамай-ақ көтеруге болмай ма? «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген бар. Сіз неге жерге қарайсыз? Бірігіп шешейік. Осы бойынша жүргендермен санасып бірігіп нәтиже шығарайық.
Мен сізге ұрынғым келіп отырған жоқ, бір жағынан мәселені шығарғаныңызға қуанып отырмын, екінші жағынан шеттегі қазақтарды босқын деп БҰҰға мәртебе жасатып алып, мәселе шешейік дегеноспадар идеяңызға күйініп отырмын, ол елді масқаралау ғой! Қазақ елі не үшін, кім үшінмемлекет болып отыр, шетелдегі қазақтарға босқын мәртебесін әперу үшін бе? Жер бетіндегі қазақты жинап-теріп ел болу үшін емес пе?!
Шетелдегі қазақтардың қазақтығын дәлелдеу деген сорақы ережені қашан түзетеміз? Германияға немістер неге ың-шыңсыз жиналды? Израил шетелдік ебрейлерге арнап, неліктен арнайы министрлік құрып кірісті? Ал біз неге шетелдегі 7 миллион қазаққа арнап бір комитет құра алмаймыз? Осының бәрін сауатты етіп көтеретін блогер емес, сайлаушылардан мандат алған сіз секілді депутаттар.
Бұл 300 босқынның бұған дейін кейбірін генетикалық жағынан тексергенмен, онымен қазақ екенін дәлелдей алмаймыз. Пәкістан босқындарының оншақтысы ондай тексеруден де өтті, нәтиже болмады. Оның бәрі далбаса. Екіншіден, біздің миграциялық ережеде шетелдік қазақтарды ДНКмен тексеруге қатысты ешбір бапжоқ. Жалпы шетелдегі қазақтардың жағдайын тиянақты қарап отырған мемлекеттік орган жоқ. Болса бұндай былық болмаған болар еді. Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған «Отандастар»қоры бар, оның да міндеті мен құзыры түсініксіз.
Айтайын дегенім, Ерлан Биахметұлы, бұл мәселе блогерлік постпен шешілмейді. Бұны ресми саясатшыға тән депутат ретінде тиісті жауапты тараптардың бәрін жинап, түпкілікті, жүйелі түрде заңды өзгертіп, шешу керек. Ал біз секілді жанашырлар, мамандар, сарапшылар Сізге қол ұшын беруге әзірміз. Сіздің құлағыңызға ілген Сыртқы істер министрлігінің лағманынан нәтиже болмайды. Өйткені, шетелдік ағайынға қазақтығын дәлелдеу деген шытырман талап босқын қазақтарды қазақ деп тануға жол бермейді. Ол ереже нақты емес, критерилері әрі-сәрі. Бұл мәселені шешуге арнайы заңжоба керек, құрметті депутат. Міне осы іске жұмылайық.
Айтарым осы. Бәрімізге сәттілік!
Құрметпен,Серік Ерғали,
Шетелдік қазақтарды қолдау алқасының мүшесі