4 тамыз күні Грузия астанасы Тбилисиде жоғалып кеткен 27 жастағы Қазақстан азаматы өлі күйінде табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қайғылы жаңалықты Грузияның Қазақстандағы елшілігі растады. Қазіргі уақытта оның өліміне қатысты нақты жағдайлар анықталып жатыр.
Шыңғыс Мұсәділовтің достарының айтуынша, оны соңғы рет 3-тен 4 тамызға қараған түні сағат 03:00–04:00 шамасында Тбилисидегі "Руставели" метро станциясына жақын орналасқан Laila клубының маңында көрген. Сол түннен кейін ол үйіне оралмаған және жұмысқа да келмеген.
Сол уақыттан бастап Шыңғыспен байланыс толық үзілген. Ол қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген.
Жақындары мен достары Тбилиси полициясына арыз түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы оның ерекше белгілерін көрсетіп, ақпарат таратқан. Іздеу бірнеше күнге созылған.
Оның өліміне қатысты нақты себептер мен жағдайлар әзірге жарияланған жоқ. Грузия құқық қорғау органдары бұл мәселеге байланысты ресми түсініктеме бермеген.