230 мың бет. АҚШ Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты құжатты жариялады

1601
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5ATcdpvTvJKPhFXewCHNdIc6Rbi5gFYJPicuSwqX.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі афроамерикалық азаматтардың азаматтық құқықтары үшін күрескен көшбасшы Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты тергеу материалдары мен құжаттарды жариялады. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

«Америкалықтар бұл қастандыққа байланысты федералды үкіметтің тергеуінің толық көлемін көру үшін 60 жылға жуық уақыт күтті.

Біз бұл ел тарихындағы ең маңызды әрі қайғылы оқиғаның барлық тұстарын ашық түрде көрсетуге уәде береміз», –  деді Ұлттық барлау директоры Тулси Габбард мәлімдемесінде.

Габбардтың айтуынша, барлығы 230 мыңнан астам құжат беті «азғантай түзетулермен» жарияланған. Олар АҚШ Ұлттық мұрағат сайтында қолжетімді.

Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен соң, 1960-жылдары қастандықпен өлтірілген Джон Ф. Кеннеди, оның інісі Роберт Ф. Кеннеди және Мартин Лютер Кингке қатысты құжаттарды құпиясыздандыру жөнінде бұйрықтар шығарған болатын.

Айта кетсек, ааматтық құқықтар қорғаушысы әрі шіркеу уағызшысы Мартин Лютер Кинг 1968 жылдың 4 сәуірінде Теннесси штатының Мемфис қаласында өлтірілген. Бұл қылмысқа бұған дейін сотталған Джеймс Эрл Рэй кінәсін мойындағанымен, кейін оны мойындауға мәжбүрлегенін мәлімдеген. Ол 1998 жылы түрмеде қайтыс болды.

Кингтің отбасы Джеймс Эрл Рэйдің кінәлі екеніне және жалғыз өзі қылмыс жасағанына күмән келтіріп келеді. Кингтің көптеген серіктестері де ресми нұсқаға сенбейді.

Мартин Лютер Кингтің балалары – Мартин Лютер Кинг III және Бернис Кинг–  құжаттардың жариялануына қарсы болған.

«Біз әкеміздің мұрасын жоққа шығаруға бағытталған кез келген әрекетті айыптаймыз. Бұл құжаттар жарияланған жағдайда, оны сезіммен, ұстамдылықпен және отбасымыздың әлі де жалғасып жатқан қайғысына құрметпен қарау қажет», – деді олар.

Олар Кингке жүргізілген бақылауды «жеке өмірге қол сұғу» және «ақиқатты әдейі бұрмалау» деп атады.

«Бұл әрекеттер Кингті қарапайым азамат ретінде ар-намысы мен еркіндігінен айырды», делінген мәлімдемеде.

Yorumlar
Diğer Haberler