Ресейде бір күнде 71 адамнан коронавирус табылды

3072
Adyrna.kz Telegram

Ресейде соңғы бір күнде 71 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы премьер-министр Михаил Мишустин хабарлады. Елде вирус жұққандар саны 438 адам болды.

Коронавирус жағдайын бақылау жөніндегі шұғыл штабының дерегінше, дертке жаңадан шалдыққандардың барлығы Мәскеуден анықталған.

Мишустин науқастармен байланыста болғандарды анықтаудың ыңғайлы жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Премьер-министрдің пікірінше, ұялы байланыс операторларының дерегін осы мақсатта пайдалануға болады.

Ол сонымен бірге егде адамдарды үйден шықпауға шақырды.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин 26 наурыз бен 14 сәуір аралығында 65 жастан асқан қала тұрғындары мен созылмалы ауруға шалдыққан адамдар үйде отыруы тиіс деп айтты. Мэрдің ресми сайтында осы туралы арнайы жарлық мәтіні де жарияланды.

Оған сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс немесе төленетін демалысқа жіберуі керек. Тек өте маңызды кәсіпорын мен мекемелер, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ғана жұмысын жалғаса береді.

Үйде карантинде отырғандарға 4 мың рубль (шамамен 50 доллар немесе 22 мың теңге) көлемінде бір реттік көмек беріледі. Жартысы карантиннің басында, жартысы аяғында төленеді. Коммуналдық төлемдерді кешіктірген тұрғындардың төлеміне өсімақы қосылмайды.

23 наурыздан бастап Ресей коронавирусқа байланысты Түркия, Таиландқа қатынайтын ұшақ рейстерін азайтқан. Қазір бұл елдерге тек Мәскеуден ғана ұшуға болады. Бұған дейін "Аэрофлот" әуе компаниясы Еуропаның бірқатар еліне рейстерді шектеген.

Әлемде Covid-19 коронавирусы 336 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 14 мыңнан асып кетті. Вирус 180-нен астам елге тарады. 98 мыңнан астам адам дерттен айыққан.

"Азаттық" радиосы

Комментарии