Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан қыздың анасы президентке үндеу жолдады

1484
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/7f6aaefe-9419-4b69-b1be-2516119b6aec-960x500.jpeg?token=40bf2705b1ba604ec2fcea975afe0638

Былтыр шілдеде Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің 7 қабатынан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның анасы  президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды  «Адырна» тілшісі.

Ақнәрдің анасы Гүлістан Қамит істің әділ тергелуін талап ететінін мәлімдеді. Айтуынша, дәлелдер мен видеоматериалдар қызының бұл әрекетке өз еркімен бармағанын көрсеткен.

«Денесінде азаптаудың ауыр іздері болды. Телефонынан табылған видеоларда қызымды ұрып-соғып, қорлап жатқан сәттер бейнеленген. Қауіпсіздік камераларынан алынған жазбаларда оны терезеден лақтырып жібергені анық көрінеді. Бұл оқиғадан кейін қызымның барлық мүлкі, ақшасы, заттары, тіпті киімдері де жоқ болып шықты. Оның жанында болған екі қыз —Қытай азаматтары. Олардың осы қылмысқа тікелей қатысы болуы мүмкін. Соған қарамастан олар бостандықта жүр. Бірі тіпті елден шығып, қайта оралды. Енді бірі 2025 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан азаматтығын алды. Тергеп-тексеру амалдарын жүргізу барысында ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ»,—деді марқұмның анасы.

Ол президенттен қылмыстық істің бабын ауыстырып, "адам өлтіру" және "заңсыз бостандықтан айыру" баптары бойынша қарастыру туралы бұйрық беруді өтініп, тергеуді Астанаға беруді және күдіктілерді қамауға алуды сұрады.

Еске салайық, Ақнәр Гүлістан 2024 жылғы 20 шілдеде терезеден құлап қаза тапқан болатын. Бойжеткеннің өлімі бойынша ашылған іс «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қаралып жатын. Марқұмның анасы қызын таныстары азаптап, 7-қабаттан лақтырып жіберді дейді.

Комментарии