Қазақ ғылыми ойының алыбы

204

Қ. И. Сәтпаевтың туғанына 120 жыл толуына орай

 

Көрнекті ғалым, қоғамдық қайраткер Қаныш Сәтпаев еліміздің ғылымының тарихында құрметті орын иеленеді. Ол қазақтан шыққан алғашқы ғылым докторы, Шығыс халықтары ғалымдары арасынан ғылым мен техника саласы бойынша КСРО Ғылым академиясының тұғыш академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Ленин сыйлығының алғашқы лауреаты болды. Оның өмірі — ғылымға, туған халқына қызмет етудің жарқын үлгісі. Сәтпаевтың туған күні Қазақстанда Ғылыми қызметкерлер күні ретінде аталатындығы символдық мәнге ие. Таңдаудың осы күнге түсуі кездейсоқ емес: Қаныш Имантайұлы республикада ғылыми қызметті ұйымдастырудың бастауында тұрды, ол алғаш рет 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясына басшы болып тағайындалды.    

Болашақ ғалым 1899 жылғы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 12 шақырым Айрық деген жерде дүниеге келді. Қазірде бұл Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Сәтпаев ауылдық округының Мұса Шорман кенті. Нәрестенің есімін Ғабдол-Ғани деп қойған. Анасы еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атаған... Кейін баланы Қаныш деп кеткен. 

Қаныш алдымен молдадан оқыған, араб тілінде және фарсиша білім алған. Екі жыл бойы алғаш Ақкелін ауылында ашылған қазақ-орыс мектебіне барады. 1911жылы Павлодардағы қазақ-орыс училищесіне түседі. Төрт жылға есептелген білім бағдарламасын үш жылда «үздік» деген бағаға бітіріп, Семейдегі мұғалімдер семинариясына барып түседі. Денсаулығы сыр бергендіктен дипломдық емтихандарды экстернмен тапсыруына тура келеді.  1920-1921 жылдары ол ауылға оралып, қалада жабысқан өкпе ауыруынан қымызбен емделеді. Осында ол 1921 жылы Баянауылға қымызбен емделуге келген Томск технологиялық институтының профессоры М.Усовпен кездейсоқ жолығысып қалады. Бұл кездесу оның геолог, ірі ғалым, көрнекті ғылыми ұйымдастырушы атануына себепші болады. Усов 22 жастағы жігітті өзінің геология жөніндегі әңгімелерімен қатты қызықтырғаны сонша, бұның аяғы сол жылы Сәтпаевтың халық соты ретіндегі қызметін тастап, Томск технологиялық институтына оқуға түсуіне әкеп соғады. 

Қ.Сәтпаевтың биографы, жазушы Медеу Сарсеке Қаныш жайындағы кітабында былай деп жазады: «Технологиялық институт Почтамт және Бульвар көшелерінің қиылысында, қаланың дәл орталығында дерлік жерде еңселене көрінетін дөңгелек төбенің беткейінде тұрған. Жанында университет ғимараттары орналасқан. Ол кезде бұлар бүкіл Сібір бойынша бірден-бір  жоғары оқу орындары еді. Сол себепті Томскіні ертеден-ақ Сібірдің Афинасы атап, ежелгі дүниенің ғылыми астанасына теңдестірген. Ол кездегі Томскінің даңқын сонау ХІХ ғасырда ашылған университетпен бірге 1900 жылы құрылған Технологиялық институт та әуелетіп тұратын». 

     1926 жылы Қ.Сәтпаев  технологиялық институттағы оқуын табыспен аяқтап, тау-кен инженер-геологы дипломын алған бірінші қазақ ретінде Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің қарамағына жіберіледі. Оған "Атбасцветмет" тресінің геология бөлімін басқару сеніп тапсырылады. Жас геологқа маңызды міндет — Жезқазған-Ұлытау алабындағы пайдалы қазбалардың қорын жоспарлы түрде анықтау мақсатымен алғашқы стационарлық геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу жүктеледі.   Бұған дейін ағылшындар мен ХКК жанындағы Геологиялық Комитет Жезқазғанның қазба байлығының қорын мардымсыз деп бағаласа, Сәтпаев бұл аймақта кеннің өте көп мөлшерде көмулі жатқанына қалтқысыз сенді.

1932 жылы ол өзінің «Жезқазған жезді-кенді ауданы және ондағы минерал ресурстар» атты бірінші ғылыми монографиясын жариялайды. Бұл кезде Жезқазған кендерінде бұрын айтылып жүргендей 60 мың тонна жез емес, 2 млн. тоннадан аса  жез бар екендігі анықталған еді. Мұның өзі Қаныш Имантайұлының ғылыми көрегендігінің алғашқы дәлелі болды. 1934 жылы КСРО ҒА сессиясында Қ. Сәтпаев «Жезқазған-Ұлытау алабындағы жез, көмір, темір, марганец кендері және басқа да пайдалы қазбалар» дейтін баяндама жасап, онда Жезқазған кен орнының және бүкіл алаптың бай келешегін жан-жақты негіздеп береді.  В. А. Обручев бастаған Мәскеудің ақбас ғалымдары жас ғалымның табысқа жетпей тынбайтынына көздері жетеді. 1937 жылға таман Жезқазғандағы барланған жез қоры оны әлемдегі аса ірі жез кен орны деп атауға және осында тау-кен кәсіпорны құрылысын салуды негіздеуге мүмкіндік берді. 1938 жылғы 13 ақпанда Ауыр өнеркәсіп халық министрінің Жезқазған тау-кен-металлургия комбинатының құрылысы туралы бұйрығы шықты». 

Қаныш Имантайұлы өзінің көпсалалы қызметінде  геологиялық барлау жұмыстарымен шектеліп қалмай, геология ғылымының барлық бағыттары бойынша көпқабатты толымды жұмыс жүргізді. 1941 жылы ол КСРО ҒА Қазақ филиалы Геология институтының директоры болып тағайындалады, ал жыл аралатып аталған филиалдың – болашақ ҚР ҒА-ның  басшысы болып сайланады. Соғыс уақытының қиын жағдайында Қ. Сәтпаев өзінің қайнаған күш-жігерін қорғаныс ісін ұйымдастыруға жұмсайды. 1943 жылғы күзде Қ. Сәтпаев ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі және ірі ғылыми табыстары үшін КСРО ҒА мүше-корреспонденті болып сайланады. Бұл жылдары ол  Қазақстан Магниткасын, Балқаш кен орны және Атасу тау-кен комбинатын жобалау, салу барысына айрықша көңіл бөледі. 1946 жылы маусым айында ол Қазақстан ҒА-ның бірінші Президенті болып сайланады. Сол жылғы күзден бастап КСРО ҒА-ның толық мүшесі. Қ. Сәтпаев ғылымды басқару және Қазақстанның индустриялық дамуына қамқорлық жасау жөніндегі орасан ұйымдастырушылық қызметін өнеркәсіптік комплекстерге практикалық көмек көрсету ісімен ұштастырып отырады. Соған сәйкес жаңадан ядролық физика, математика, механика, гидрогеология және гидрофизика, мұнай химиясы және табиғи тұздар, химиялық-металлургиялық, таукен-металлургиялық,  ихтиология және балық шаруашылығы, экспериментальдық биология, экономика, философия және құқық, әдебиет және өнер, тілтану салалары бойынша академиялық институттар ашылды. Оның энциклопедиялық білімділігі үлкен ғылымның осынау орталықтарын құруға тікелей қатысуына мүмкіндік жасады. Ол Маңғыстау түбегінің табиғи ресурстарын комплексті зерттеуге және көмірдің, мұнайдың, газдың, қара металлургия кендерінің жаңа кеніштерін ашу ісіне тікелей басшылық жасады, Ертіс-Қарағанды су арнасының құрылысына белсенді түрде қолдау көрсетті. Академик Сәтпаевтың қарымы өте кең болған және ол жаратылыстану ғылымдарының шегінен шығып кететін.  Ол шын мәнінде қазақ тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің, этнографиясының, музыкасы мен фольклорының үлкен білгірі болатын. Оның Орталық Қазақстан аумағында жүргізген археологиялық қазба жұмыстары, педагогика және әдебиет бойынша жазған еңбектері өз алдына бір төбе. Мұхтар Әуезовтың атақты «Абай жолы» эпопеясының маңызын бірінші болып бағалаған да Қанекең. Ол сондай-ақ қазақ фольклорын жинаушы А. Затаевичке  25 халық әнін өзі айтып отырып нотаға түсірткен, сондай-ақ оның қаламынан театрға, өнерге, мәдениетке, жастар тәрбиесіне байланысты бірталай мақала қорытылып шыққан . 

Солай бола тұрса-дағы Қ. Сәтпаевтың ең алдымен геология ғылымы бойынша аса ірі ғалым болғанын айту жөн. Қазақстандағы металлогения мектебі тікелей Сәтпаев атымен байланысты. Қанекеңнің Қазақстан ғылымын шетелге таныту жолындағы еңбегі де төтенше мол. 1947 жылы ол КСРО Жоғарғы Кеңесі делегациясы құрамында Англияға барған сапарында өз елінің ғалымдарының мәртебесін көтеріп тастағаны белгілі. Соның арқасында ол кеңестік парламенттік топ мүшесі ретінде Уинстон Черчиллдің және Англияның премьер-министрі Эттлидің қабылдауында болады. 1958 жылы академик Қ. Сәтпаев бастаған қазақстандық ғалым-геологтар тобына әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдесі жоқ табыс – Орталық Қазақстанның болжамдық металлогендік карталарының әдіснамалық негізін және карталардың өзін жасағаны үшін Ленин сыйлығы беріледі. Бұл жұмыс қазақстандық ғалымдардың және Қ. Сәтпаев мектебінің маңызын бүкіл әлемге танытты. 

Академик Қ. Сәтпаев Қазақстанның халықаралық байланыстарын қалыптастыру және оны дамыту ісіне, қазақ ғалымдарының Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан ғалымдарымен ынтымақтастығын нығайтуға және тереңдетуге көп күш жұмсаған қайраткер. Осы сөздің жарқын дәлелі оның КСРО ҒА төралқасының мүшесі және Тәжікстанның ҒА құрметті мүшесі болып сайлануы болды. 

Әлбетте, Қ. Сәтпаевтың басын бұлт шалған күндер де болмай қалған жоқ. Ондай күндер 1946 жылдың аяқ шенінен басталған. Содан кейінгі жылдары республика Ғылым академиясының биологиялық сипаттағы ғылыми мекемелері тексеруден көз ашпады. 1951 жылы Қ. Сәтпаев партияға кіргенде әлеуметтік тегін жасырды, ұлтшылдарды қорғады және 1917 жылы Алаш-Орда үкіметінде үгітші болғанын бүгіп қалды деген айыптауға ұшырады. Ал Қазақстан КП ОК Бюросы өзінің 1951 жылғы 23 қарашадағы шешімімен оны Қазақ КССР ҒА президенті қызметінен алып, төралқа мүшелігінен босатты. Сонымен бірге оның Геология ғылымдары институты директоры қызметінен кету қаупі туды. Оның басшылық стиліне байланысты сын пікір қарша жауды. Жоғары жаққа одан да басқа мықты арыздар барып, соның салдарынан Институт тексерудің астында қалды. Әйтеуір КСРО ҒА басшылығының қолдауымен академик директорлық қызметін сақтап қалды.   

1954 жылы республика басшылығы ауысқаннан кейін Сәтпаевқа 1951 жылы тағылған айыпқа байланысты іс қайта қаралып, ғалым кінәсіз деп танылды. 1955 жылғы маусым айында Қаныш Имантайұлы қайыра республикалық ҒА президенті болып сайланды. Ал 1956 жылдан бастап ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Қазақстан КП ОК мүшесі. 

Жалпы Қазақстан аумағымен барлығы 2174 өзен ағып өтеді, соның ішінде, Ертіс, Есіл, Орал, Сырдария, Іле және басқалары бұрын кеме жүрген үлкен өзендер. Дегенмен осынау мол судың 5,5 пайызы ғана Орталық Қазақстанның еншісіне тиеді екен. Осы орайда Сәтпаев 1959 жылғы жазда КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы А. Косыгинге кіріп, Орталық Қазақстанды көктей өтетін бір су арнасы керек екендігін дәлелдей отырып, оның құрылысын жетіжылдық жоспарға енгізуге қол жеткізеді. Бүгінде ол канал Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы атымен белгілі. 

Академик Қ. Сәтпаев 1964 жылғы 31 қаңтарда дүниеден озды. Денесі  Алматы қаласына қойылды. Академик жайында аңыз да көп, өлең де көп. Ол қайтыс болған күні бүкіл қазақ елі аза тұтты. Қазақ қана емес, бауырлас халықтар да қайғырды. Сол күндері Алматыға Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен қайғыға ортақтасқан жеделхаттар легі толастамады. Қаза ғалымдардың ғана емес, қарапайым колхозшылардың, жұмысшылардың, инженерлердің қабырғасын аяздай қарыды. 

Бұл күнде Сәтпаев атымен Қарағанды облысында қала, Геологиялық ғылымдар институты, Жезқазған тау-кен металлургия комбинаты, шоқжұлдыздағы кіші планета, минерал, Жоңғар Алатауында мұзарт пен тау шыңы,  гүлсұрып, еліміздің қалалары мен кенттерінде көшелер мен кенттер аталған. Сондай-ақ оның атымен республикалық Ғылым академиясының жаратылыстану ғылымдары бойынша көрнекті табыстары үшін берілетін сыйлығы тағайындалған. Сәтпаевтың Халықаралық қоры құрылған. Атырау, Ақтау, Қарағанды, Павлодар, Ақсу, Алматы, Жезқазған, Степногор қалаларында және Баянауылда ескерткіш тұрғызылған...  

           Биыл,  2019 жылы елімізде көрнекті ғалым, геолог Қаныш Сәтпаевтың туғанына 120 жыл толу мерекесі кең көлемде аталып өтті. 4 сәуір күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, ғалымның 120 жылдық тойы және Ғылым күні аясында «Қ. Сәтпаев: Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғылымды ұйымдастырушы, көрнекті ғалым және қоғамдық қайраткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Мәслихатты ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Академик Қ. Сәтпаевтың мемориалдық музейі және Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды. Конференцияда ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы С. Оздоев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті,  ЮНЕСКО-ның Қазақстан және Орталық Азия елдері бойынша кластерлік бюросының жаратылыстану бөлімінің басшысы Кристина Товмасян ханым, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдары, еліміздің жетекші ғалымдары және т.б. сөз сөйледі.

           Сондай-ақ биылғы 21 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында көрнекті қазақ ғалымының өмірі мен қызметіне арналған еске алу кеші болып өтті. Ресей ғылым және мәдениет орталығы және Сәтпаев музейі бірлесіп ұйымдастырған кеш аясында ғалым өмірінің әрқилы сәттерін қамтыған фотосуреттер, алған марапаттары қойылған көрме ұйымдастырылып, арнайы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Кеш концерттік бағдарламамен аяқталды. 

Еске алу кешіне қатысқан Ресей ғылым және мәдениет орталығының басшысы  Константин Воробьев өз сөзінде кешке келушілерге және сонау Алматыдан Нұр-Сұлтанға келіп, экспозиция ұйымдастырған Сәтпаев музейі ұжымына алғыс айтты. «Сәтпаев негізін салуға қатысқан біздің елдеріміз арасындағы ғылыми ынтымақтастық және адами қарым-қатынастар тарих еншісіне өте қойған жоқ және олар әсіресе бүгінгідей біздің елдеріміз стратегиялық мүдделестер, одақтастар ретінде бірыңғай еуразиялық экономикалық кеңістік құру ісіне жұмыла кірісіп отырған уақытта айрықша маңызды және принципті нәрсе», – деп атап көрсетті ол. 

           Атап өтер және бір жәйт: Халықаралық музей күні қарсаңында Ресей жағының бастамасымен ғалымның  Мемориалдық музейі және Томск политехникалық университеті арасында телекөпір шарасы ұйымдастырылды. Оның барысында  Томск университетінде оқитын қазақстандық студенттердің, ТПУ Музей комплексі және Қ. Сәтпаев мемориалдық музейі қызметкерлерінің, сондай-ақ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарының қатысуымен бейнемәслихат болып өтті. 

 

       Бақытжамал Айтмұхамбетова, 

Академик Қ. Сәтпаев атындағы 

Мемориалдық музейдің директоры

Комментарии
Выбор редакции
Другие новости