Басты бет » Айдарлар » Искусство » ҚАЛИЛА ОМАРОВ. Біздің жастар өзге ұлттан өзін төмен сезінбеуі керек..

ҚАЛИЛА ОМАРОВ. Біздің жастар өзге ұлттан өзін төмен сезінбеуі керек..

Қазақстан Киноматографистер одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық Жамбыл атындағы  сыйлықтардың иегері, елуден астам режиссерлік жұмыстар жүргізген, кинорежиссер-оператор Қалила Нематұлы Омаров пен сұхбат.

Кино әлеміне қалай келдіңіз?!

Бала кезімнен кітап оқуды жаныма жалау еттім. Кітапты жата-жастанып оқығанның арқасында бармақтай ғана балақай болсам да әлемде болып жатқан мәселелерге түйін іздей бастадым. Сол оқыған кітаптарымның ішінен орыс классиктерінің әдебиеті қатты ұнайтын. Балалық шақтан бозбалалыққа аяқ басқан кезім болса керек, қиял қанатына мініп алып, Тургеновтің, Чеховтің, Достаевскийдің, Пушкиннің әңгімелерін оқып, жан-жағыма назар аудара бастадым. Ақыры бидай өңді, өткірлеу келген «Сайраш» есімді сұлу қызға ғашық болып қалдым. Сол қыз үшін тіптен комсомолға да өттім. Балалығым ба, әлде өнердің бір ұшқыны бойымда меңмұндалап тұрды ма, Сайраш туралы ойыма түрлі сюжеттер келетін. Қиял шіркін, сұмдық қой! Бір күні оны мәшине басып кете жаздағанда ер жүрек батырларша келіп құтқарып алғанымды, ал өзімді мәшине қағып ауруханаға түскен жапа шегуші ретінде сезінсем, енді бірде Сайраштың имене басып, ауруханаға тамақ әкелгенің, қайтарда қол бұлғағаның ойша қиялдап әңгіме жазуды бастайтын едім. Бірақ татымды дүние шықпайды. Чеховтарды оқысаң мөлдіретіп тұрып жазылған керемет әңгімеге қарық боласын. Ал өзімдікі оңған дүние емес. Бір күні Максим Горкийдің «Өмірден азап көрмеген адамнан, дұрыс жазушы шықпайды» дегенің оқып, үйден қашып кеттім. Ақтөбенің детприемнигінен бірақ шықтым. 1 айдай жатып, «Махаббатың азабы» деген әңгімені дүниеге әкелдім. Ақыры мектепті де тәмамдап, 2 жыл әскерге барып келіп, Ленинградтағы мәдени ағарту училищесінің «кинотану» мамандығына оқуға түстім. Киноәлеміне ең алғашқы қадамдарым осылай басталды…

Ең алғашқы түсірген фильміңіз туралы айтып өтсеңіз? Қандай қиыншылықтармен кездестіңіз?

Студенттік шағымда «Тірідей көмілгендер және «Кісен ашқан» деген деректі фильмдер түсірдім. «Кісен ашқаным» Ленинградта гран приді қанжығасына байлады. Алайда әке-шешем: «Ленинградта сегіз жыл жүрдің, орыс болып кететін болдың ғой» деп қоярда-қоймай ауылға шақырып алды. Содан елге келдім. Келуін келіп алып, ауылға сыймай, жанымды қоярға жер таппай, Алматыға кетудің амалын қарастырып жүрдім. Ақыры үйдің үлкендері үйленсең ғана Алматыға баруға рұқсат береміз деп шарт қойды. Үйленіп, ұлым дүниеге келгенде Алматыға тартып тұрдым. Ел арасында Тәушен есімді ақынның ақындығы, айтыскерлігі жайлы жиі сөз болатын. Алматыға келе салып, Таушен ақын туралы 8 ай іздендім. Ол айтысқанда дүйім-жұртты қыран-топан күлкіге қаншалық батырса, өмірі соншалық қайғы-қасіретке толы еді. 15 бауырының 13-ін жер қойнауына тапсырған, ата-ене, күйеуден қысым көретінің, іштегі бұлқынып жатқан өнерін сыртқа шығарайын десе «келін» деген арлы аты кедергі келтіретінің, қазақи салт-дәстүр, тыйым Тәушенге кері әсерін тигізгенің кинода ашып көрсеттім. Киноны түсіру барысында операторды, мені Тәушеннің үй-іші жуан таяқпен қуғаны, кино шыға салысымен дөкейлердің арасында да үлкен резонанс тудырғаны, еш жерден көрсетілмесін деген арыздар түскені түсірлімдегі кедергілер болды. Әйткенмен сол заматтағы мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков пен Фариза Оңғарсынова араға түсуінің нәтижесінде эфирлерде көрсетілді.

Сіз деректі фильмдерді жиі түсіресіз. Жалпы деректі фильмге қандай анықтама берер едіңіз?

Деректі фильм дегеніміз-суреткердің қоғамға деген көзқарасы. Яғни белгілі бір күштердің ықпалынан шыға алмай солардың нұсқауын бейнелеу емес, шындықты ұстанып, халық жағында тұруы. Егер режиссердің таланты, еңбекқорлығы және бағы болса туындылары тарихта қалатыны сөзсіз.

Замануи тақырыптағы қандай фильмдер түсірілуі керек?

Біздің ата-бабамыз жылдар бойы қазақияны найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, жердің асты-үстіндегі байлығын игереміз деген ұлы арманмен ұрпағына қалдырып кеткен. Яғни, қазіргі режиссерлар, қаншалықты біз бақытты өмір сүрудеміз яки ата-бабамыз аманаттап кеткен дүниелердің қаншалықты қадіріне жете алдық деген сұрақтарға жауап беруі тиіс деп ойлаймын. Бір ғана мысал, жақында қазақтың шынашақтай ғана қызымен тілдестім. Білмейтін тілі жоқ, франсуздардың, ағылшындардың ертегілерін, комикс, әңгімелерінің майын шағып, сорпасын сімірген асқан білімді қыз екен. Бірақ өскенде шетел азаматына тұрмысқа шығамын дейді. Неге? Себебі шетелдің білім нәрімен, шығармаларымен, тың туындыларымен сусындап өскен, солардың болмысын бойына сіңірген. Ал қазақта сондай дарынды балаларға арналған кітаптар жоқтың қасы. Міне, документалисттер осы секілді мәселелердің түйінін шешетін фильмдер түсіру керек.

Болашақ түсіретін фильмдеріңізде қандай тақырыптарды қозғағыңыз келеді?

Біздің рухани ауруға айналған, тоқырауға түскен тақырыбымыз дін мәселесі. Біз дәстүрлі ислам дінің қолданған ел едік. Бізден Әл Фараби, Қожа Ахмет Яссауилар шықты. Мешіт, медресселер салынды. Біз әлемге ұлы өркениет әкелдік. Әйтсе де, көп ұзамай діни ошақтар өртеніп, дәстүрлі ислам дініне көп өзгерістер енді. Өзге ағымдар жастардың санасын улай бастады. Бұл біз үшін үлкен қасірет. «Ел болашағы-жастардың қолында» болғандықтан, дін төңірегінде бірнеше жобаларды да дүниеге әкелдім. Міне, осы себептен алда мүмкіндіктер туып жатса, дін тақырыбының жалауын тағы бір мәрте желбіретер едім.

Жас режиссерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

Біріншіден, қазақ ұлтының жанашыры болуы керек. Ұлт жанашыры деген кім? Сол ұлттың тілін, дінін, әдебиетін, мәдениетін оқып, бес саусағындай білу. Және тек біліп қана қоймай жан-дүниесінен өткізіп, сезіну. Екіншіден, біздің жастар өзге ұлттан өзін төмен сезінбеуі керек. Керісінше дамыған елдердің заманауи киноларынан, мультфильмдерінен, қойылымдарынан үлгі алу қажет. Үшіншіден, қорықпау керек. Жазғысы келе ме, жазсың. Айтқысы келе ме, айтсың. Қорқақтық-адам баласының хас жауы.

Сұхбаттасқан: Мөлдір Бектұрсын

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Біз әлі потенциалы ашылмаған халыққа жатамыз

Жалпы, соңғы кезде біз өнер жұлдыздарын қатты қысып жібердік. “Димаш құрлы жоқсыңдар” дедік, “той бизнес ...