Басты бет » Айдарлар » Литература » ӘМИНА АДАЙХАН: Мені қашан сағынады екенсіз?

ӘМИНА АДАЙХАН: Мені қашан сағынады екенсіз?

Әмина Адайхан 198­4 жылы 24 ақпанда Алтай аймағын­да туған. Жазушылар одағының мүшесі. Қазір Талдықорған қаласында жеке кәсіпкер. Бірнеше жыр мүшайраларының жеңімпазы. Маусым айының 21–жұлдызында “Қанатты хаттар” атты жеке жыр жинағының тұсаукесері өтеді. Соған орай өлеңдер топтамасын жариялауды жөн көріп отырмыз.

 

***

Сізден келер хаттар сиреп кеткелі,

Бұл өмірге қойдым мен де өкпені.

Сіз сияқты еркелетіп ешкім де,

Сіз сияқты мейірімін төкпеді…

 

Күтпейтін де болып кеттім сағынып,

Қызғаныштан үміттерден арылып.

Өлең келсе сіз келесіз ойыма,

Қалам сосын жабығып…

 

Көргім келсе көздеріме жас тұнып,

Жұма қоям көрсетпестен тас қылып.

Жүрегімде тыпыршыған сезімге,

Жүрмін іштей қас қылып…

 

Ақталасыз бас сауғалап бәрінен,

Кінәлі мен, мұңға батып қалып ем!

«Қылмысымды» ауырлатып тіпті де,

Өзіңізді сүйіп жүрмін әлі мен…

Ақымақпын…

 

***

Өмір – теңіз, шеті-шегі белгісіз,

Беті тымық, асты – арпалыс сенгісіз.

Мен балықпын ағынымен ойнаған,

Қармақшысыз құр қол қайтқан енді сіз.

 

Қызықтырып жалын шашқан оттар мың,

Әлек салып көңілімде сотқар мұң,

Махаббаттан жем қыстырған қармаққа

Ілінсем деп талай рет оқталдым.

 

Мұң шағасыз тым жылауық күзге ессіз,

Ерлік кеткен менен ұзап із-түзсіз.

Бүгін дауыл тағы сүйреп әкелді,

Қайығыңыз жағада тұр, сіз жоқсыз.

 

Кінә артып ап тағдырыма сор тұнған,

Қызғандырып қайраңдағы із толқыннан.

Кемесінен өзге бақтың қол бұлғап,

Менен ұзап бара жатты өр тұлғаң

***

Бұл бекетке келем сондай асығып,

«Сені көрем» деп ішімнен тасынып.

Тағы сенен айыратын осы жер,

Қуаныштың құтын мүлдем қашырып.

 

Көліктер-ай, асығыссың, тоспайсың,

Жүгім ауыр, жүрегім де тастай тым.

Көтергенім қолдарымды өтірік,

Тоқтамаңдар, тоқтамаңдар ешқайсың!

 

Сен қаласың, мен кетемін мұңға еріп,

«Қайтам, – дегем, – сені әншейін бір көріп».

Жүрмей қойшы, автобустар, мені алып,

«Доңғалағым қалды, – дерсің, – сыр беріп»…

 

Қара жолда жүйткиді арман бұралаң,

Артта қалып қойса да асқақ мұнарам.

«Саған қайтып ап келсін» деп бір күні

Гүл, шөптерді көз жасыммен суарам.

 

Қимай тұрмын, сағынам ғой жырақта,

Жауап берші көзімдегі сұраққа.

Қол бұлғайсың, күлімдейсің жай ғана,

«Қал» демейсің бірақ та…

 

РҰҚСАТ ПА?

Сені көріп менің есім ауысты,

Тәтті қиял тағатымды тауысты.

Керуені кеудеме кеп қонақтап,

Күн мен түнім ауысты…

 

Өз ойына өзі жүрген масайып,

Аптығыңды, жүрек, қалай басайық?

Жүрек сүйсе сүйініңдер, адамдар,

Тақпаңдаршы бос айып.

 

Сұрақ толы жанарлардан жасқана,

Міскін халде дұшпанға да, досқа да.

Бастап кетіп өзің жайлы әңгіме,

Өзімді әрең тоқтатамын, масқара.

«Сүйе алады барлық адам» десек те,

 

Шын махаббат түсер сынға, есепке.

Жетсе саған балдай тәтті сезімім,

Айналып ап өсекке.

 

Онда маған одан өткен қорлық жоқ,

Еңсемді езіп ұят төнер «өлдің» деп.

Сағынуға рұқсат па екен өзіңді,

Тағы тұр ғой көргім кеп…

 

ҚАШАН?

Жанымнан да жақын әрі бөтенсіз,

Мені қашан сағынады екенсіз?

«Сағындырсаң іздеп барам» дегенсіз,

Кеттік біздер неге үнсіз?

 

Түн келгенде тұман бүркеп етегін,

Сіз туралы сан түрлі ойға кетемін.

Тепкілейді жүрек көңіл төрімді,

Менен гөрі ай бақытты көрінді.

 

Кететіндей жанарымнан сізді алып,

Көрмей қойдым оны да іштей қызғанып.

Сізді қайдам, мені ұмытқан шығарсыз,

Мені мазақ етіп алды мұң арсыз.

 

Сезімдерді тұншықтырып сабылған,

Жаныңыздан кетпей тұрып сағынғам.

Биыл келген тым жылауық екен күз,

Мені қашан сағынады екенсіз?

ӘМИНА АДАЙХАН

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ершат Қайболдин. МЕН ҚЫЗ ІЗДЕЙМІН…

  МЕН ҚЫЗ ІЗДЕЙМІН… Үзіліп-ақ тұратын сызылып-ақ, Иманды болу керек жүзі бірақ. Бойынан ойы биік ...