Басты бет » Айдарлар » История » ТАСТЫҢ ТІЛІН ТҮСІНГЕН ҚАЗАҚ НЕМЕСЕ ҚОСЫМ ПІШЕНБАЕВ ДЕГЕН КІМ? 

ТАСТЫҢ ТІЛІН ТҮСІНГЕН ҚАЗАҚ НЕМЕСЕ ҚОСЫМ ПІШЕНБАЕВ ДЕГЕН КІМ? 

ҚОСЫМ ПІШЕНБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 175 ЖЫЛ

Қойнын ашсаң қазынасы қоса ақтарылып жататын Атымтай Жомарт-Арқа даласының ана шетi мен мына шетiндегi кез келген кен ошағының арғы тарихына үңiлер болсаң, орыстың көпесi мен ағылшынның алпауыттарына барып тiреледі. Олардың сол замандарда орасан қаржы салып, кен ошақтарын iске қосқаны рас. Бiрақ қазаққа жаны ашығандықтан емес, өз байлықтарын еселеу үшiн. Бүгiнде береке-байлығымыз кiм көрiнгеннiң аузында жүр деп зар илеймiз. Байқасақ қазақ жерiнiң қазынасын шетке тасу сонау ХIХ ғасырда-ақ басталған екен. Бiрақ сол байлық iздеген орыс пен ағылшындар қазына бар жерге топ етiп түсе қалмағаны тағы белгілі. Оларға жөн сiлтеп, жоба көрсететiн жергiлiктi халық. Әрине, күнкөрiсi үшiн. Сондықтан болар, бүгiнгi кенiштердiң арғы тарихын ауызға алсақ, мiндеттi түрде жергiлiктi қазақтардың аттары да бiрге аталады. Мысалы, қой бағып жүрiп Қарағанды көмiрiн тапқан Аппақ Байжанов, Екiбастұз бен Баянауыл аймағындағы кен көздерiн ашқан Қосым Пiшенбаев деген кiсiлер екен дегендi сонау мектеп қабырғасынан білетінбіз. Осылай айтылғанмен, “әй, сауатсыз адам жерасты байлығын қайдан тапсын, кеңестiк уақытта жергiлiктi халық өкпелемесiн деп, әйтеуiр бiрер қазақтың да аттарын атай салған шығар” деп ойлайтындар да аз емес-тін. Бұндай сөздi елдiң өткен-кеткенiнен хабары шамалы бiреулер айтса мейлi дер едiң, кейде қалам ұстап, баспасөз төңiрегiнде жүрген ағайындар осылай деп жатқанда ерiксiз қынжыласың.
Ана бiр жылы Байтұяқ Жанымбет деген тiлшi “Егемен Қазақстанның” бетiнде жарық көрген “Ақиқат пен аңыз” атты мақаласында: “Жуықта Павлодар облысындағы кеншiлер мен энергетиктер қаласының тұрғындары Екiбастұздың 50 жылдығын дүрiлдетiп атап өттi. Олар осы кен көзiн ашқан Қосым Пiшенбаев екен деген ақиқаттан гөрi аңызға жақын басқа бiр деректi тiлдерiне тиек етiп, айналаға жар салғанда, қарадай қарның ашады екен.
Алдымен айта кетейiн, Кеңес үкiметi кезiнде Екiбастұз жөнiнде жазылған қалың-қалың кiтаптар болды. Олардың авторлары халқымызды тым жабайы етiп көрсету үшiн, қойшы Қосым деген кiсi суырдың iнiнен тапқан қара тастың жанатынына таңғалып, әлгi жердi ұмытып қалмау үшiн суықта үсiп өлген екi малдың бас сүйе¬гiнен белгi жасап кетiптi деп жазған. Ал оған тұз деген сөз қалай қосылған дейтiн сауалға жауап iздегендерге: “Осы маңда тұзды көлдер бар ғой”, – деп оңай сiлтеме жасай салады.
Кезiнде осы пайымдауға көңiлiм толмаған мен көзi ашық, көкiрегi ояу шежiрешi қарияларға жүгiнiп, көңiлге қонымды мынадай бiр дерек тауып, онымды өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында газет-журналдарға жариялап, дау айтушылар болса көрелiк деп қарсы шыққаным бар. Өкiнiшке қарай, ондайлар табылған жоқ”, –деп жазыпты.
Осыны оқығасын, сол уақытта журналист атанып жүрген Б.Жанымбет (қазір ол кісі арамызда жоқ екен, иманды болсын) неге бұл тақырыпты жазбас бұрын зерделеп, зертемеді екен деп ойладық. Себебі оның Қ.Пiшенбаев жайлы ақпараттарға үңiлмей, атүстi пiкiр бiлдiргенi байқалып тұр. Мейлi дейсiң ғой. Бiрақ “Егемен” секiлдi үлкен таралымы бар басылымның бетiне шыққан соң, мақаланы ел оқиды, сосын дүдәмал пiкiрлер туындайды. Және автор өз мақаласында айтқандай, Қосым көмiрдi суырдың iнiнен тауып алмаған және қойшы да болмаған. (Бұл – Апппақ Байжановқа қатысты әңгiме).

Сөйтіп, Қосым деген кім еді дегенге келсек. Қалам ұстап жүргесін, шама келгенше жасы үлкен қариялармен ара-тұра сұхбаттасып, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатамыз. Осындай отырыстардың барысында Қосым Пiшенбаевқа да қатысты сан түрлi әңгiмелер айтылады. Бұның бәрін естiп жүргесiн, өзіміз де осы тақырыпты бiр қозғап, Қосым атын елге қайта танытып, ақиқат пен аңыздың арасын айырсақ деп ойлайтынбыз. Біздің бұл жоспарымызға жоғарыдағы Б.Жанымбеттің мақаласы тағы да бір себеп болды.

Жалпы, Қосым аты ертеден аталып жүргенiмен, оны сонау алпысыншы жылдары барынша зерделеп, тарихи дәлелдер келтiрiп, қайтадан жаңғыртқан майдангер жазушы, марқұм Қалмұқан Исабаев. Ол кiсi өзiнiң 1979 жылы “Простор” журналының 11-санында жарияланған “Вслед за легендой” мақаласында Қосым жөнiнде жан-жақты әңгiмелеп, көптеген деректер келтiредi. Павлодардың облыстық өлкетану мұражайынан Д.П.Багаев деген адамның Қосым жайлы естелiгiн тауып оқиды. Естелiкте Қосымның А. Деров атты көпестiң кеңсесiнде қызметте тұрғанын және оның мiндетi даланы аралап, көмiр, темiр, мыс, тағы басқа да кен көздерiн тауып, кеңсеге хабарлау екенi айтылады. Қалекең бұнымен шектелiп қалмай, ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы осы өңiрге қатысты Ресей құжаттарын ақтарып, “Геологические исследования и разведочные работы по линий Сибирской железной дороги” деген басылымнан осы темiржолдың бас геологы А.Мейстердiң “Экибастузское месторождение” атты мақаласын кездестiредi. Бұнда Мейстер: “…все таки, о наличий в этом месте каменноугольного бассейна заговорил Косум Пшенбаев” деп атап көрсетiптi. Сондай-ақ, осы Мейстердiң 1900 жылы жасаған Екiбастұз кен орындарының сызбасын тауып, онда “Қосым кенiшi”, “Қосым шахтасы”, “Қосым линиясы” деген атаулар бар екенiн анықтайды. Қалкең бұнымен де тынбай, 1974 жылы Павел Сугоняка атты украин журналисiмен танысып, ол жақтағы мұрағаттардан Екiбастұз кенiштерiне қатысты құжаттарды қарастыра жүрудi тапсырған екен. Себебi, жоғарыда аталған Деров көпес 1893 жылы Екiбастұз көмiрiн игеру жөнiнде киевтiк миллионер көпес Бродскийге ұсыныс жасапты. Сөйтiп, Қалекеңнiң өтiнiшiн ұмытпаған Сугоняки 1976 жылы Екiбастұз көмiр кенiшiне қатысты верхотурлық көпес Александр Бенардакидың хабарламасын жiбередi. Оның орысша мәтiнi төмендегiдей: “Отправился в 12 дня июня же месяца по Баянаульскому округу с партией из 5 человек киргиз местных и через день прибыл на место называемое Қарабидаик, где от соленого озера Екибазтуз примерно в 500 сажень на юг. Заложил шурф ширины и глубины 3 аршина, и встретил каменный уголь.
Партию составили местные киргизы: Хосум Пшенбаев, Салгара Баймиканов, Жантеле Мамбетов, Койшикара Наурузов, и Ногайбай Оразов”.

Бұндағы Қарабидайық деген жер қазiр Екiбастұз қаласының дәл түбi, негiзi Қосым аталарының жайлауы екен. Сонымен, бұған дейiн айтылып жүргендей Екiбастұз атауы ел iшiнде көп тараған аттың басындай екi тұзға байланысты аңызда емес, Екiбастұз деген осы жердегi көлдiң атауынан шыққанын байқаймыз.
Сол кездегi кен орындары жайлы еңбектерде семейлiк тау-кен инженерi В. Концовский де: “Честь открытия этого месторождения принадлежит местному киргизу Косуму” дептi.
Өзiнiң ғұмырында Қосым жалғыз Екiбастұз емес, Майкөбе, Найзатас, Жамантұз, Жосалы, Қандықарасу, Көктас, Берiкқара, Қалмақтас, Қарағайлы, Қызылеспе, Бесшоқы, Ақкөл, Шоман, Мойылдыбұлақ, т.б. кен орындарын табады. Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, Орталық мемлекеттiк мұрағатта көпес Деровтың кен орындары жайлы жүзге тарта хабарламасы бар екен. Осының барлығы Қосым бастаған жергiлiктi қазақтардың тапқан кенiштерi.
Қалекең Қосым тарихын зерттей жүрiп, ол туралы повесть жазған Александр Черкашинге жолығады. Ол өз еңбегiнде өнеркәсiпшi көпес С.Поповтың Мойылды мыс кенiшi туралы: “Месторождение сыскал местный житель, киргиз Косум Пшенбаев от рода 22 года, 1866 год, мая 2-го дня” деген дерегiн келтiредi. Одан бөлек 1983 жылы “Қазақстан” баспасынан шыққан “Қазыналы қойнаулар” атты (авторлары геолог-ғалымдар М.Нұралин, Қ. Жәмiнов, Т.Едiресов) кiтапта Қосым жайлы тағы да айтылады.
Осыларды оқып отырып, тау-кен iсi жайлы ешқандай арнаулы бiлiм алмаған жас жiгiттiң соншама кен көздерiн табуы ерiксiз таңғалдырмай қоймады. Табиғаттың өзi ғана берген еркеше қасиет демеске амалың жоқ.

Осыдан кейiн Қосым бабамыз жайлы бiлмек болып, ел iшiндегi өткеннен мағұлматы бар үлкендерге сұрау салдық. Бiздi бiраз жайдан хабардар еткен Күркелi ауылында тұратын Нығмет Жәмiнұлы атты ақсақал. Бұл қарияның өткен-кеткенiнен түйгенi мол, көкiрегi ояу адам.
– Қарағым, өзiң бiлесiң, құдай Құлболды балаларына не берсе де, атап бередi ғой. Кешегi Жанақ әулие, Мәшһүр-Жүсiп, Жүсiпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықов, қайсыбiрiн айта берейiн, бәрi де өз заманының озып туған тұлғалары. Мына Қосым да сол Құлболдының бiр баласы Майлытоннан тарайды. Бұл кiсiнi де жаратушының ерекше назары түскен пендесi деп бiлемiн. Әйтпесе, арнайы бiлiм алмаған адамның қара жердiң астында не жатқанын жазбай айыруы ерекше қасиет емей немене? Ал шындығында, Қосекең елдегi Нұрғали Таушабаев ашқан дiни медресенi ғана тауысқан кiсi,–деп бастаған Нығмет аға әңгімесiн одан әрi жалғады. –Қосым кен тапқыштығынан басқа, аса шебер етiкшi және суда балықша жүзетiн адам болыпты. Өзi палуан денелi, әжептәуiр iрi кiсi болса керек. Бiр алақанының жалпақтығы бiздiң қос алақанымыздай едi деп отыратын көзiн көргендер.
Баянауыл станицасының атаманы петерборлық ақсүйек Иосиф Зонов деген бiреу екен. Қазақтар оны “атаман Өске” деп атаған. Осы Өске мен Қосымның арасында бiр келiспеушiлiк болады. Сол замандардан жеткен әңгiмеге сүйенсек, Өске оған алтыны бар жер тауып бер деп қолқа салған сияқты. Осы келiспеушiлiктiң аяғы Қосымға мал ұрлады деген жалған айып тағуға ұласып, атаман оны ұстауға солдат жiбередi. Ол кезде Қосым Баянның көп жатағының бiрi екен, келiп қалған әскердi көрiп, Сабынды көлдің суына сүңгиді де кетедi. Судың жағасын әрлi-берлi шарлаған әскер, Қосымның қайда кеткенiн бiлмей, суға кетіп өлдіге санап, кейiн қайтыпты. Қосым сол кеткеннен көлдiң екiншi бетiндегi жартастың өзi ғана бiлетiн су астындағы құпия тесiгiнен өтiп, жасырынып қалады. Сабынды көлдiң “Кiшi тас” жағындағы осы жартас әлi күнге дейiн “Қосымның қызыл жартасы” деп аталады.
Дегенмен араға бiраз уақыт салып, Қосым Өскеге өзi барады. Жiгiттiң өнерi мен қайратына тәнтi болған атаман, оны содан кейiн қудалауды қойыпты. Бiр қызығы, Қосымның тiккен етiгiн атаман сән-салтанат кезiнде аяғынан тастамайтын деп Өскенiң жұмыскерi болған Рысбек атам айтып отырушы едi. Тiптi атаманға еуропалық үлгiмен аңға киетiн ұзын қоныш етiк те тiгiп бередi екен.
–Осы Баянның Сарыөлең елiнде Сүйiндiк-Қаржастың Тоқсан атасынан тарайтын Кеңсары деген дәулеттi адам болған, – деп жалғады әңгімесін Нығмет қария. –Ол кiсiнiң қонысы әлi күнге дейiн “Кеңсары” деп аталады. Сол жерден Қосым түйiрлi алтынның қорын тауыпты. Бiрақ Кеңсары жерiнен айырылып қалам деп қауiптенсе керек, Қосымға еш адамға тiсiңнен шығарма деп, ақысына тоғыз еркек қой берген екен. Бұл әңгiменi Қосым менiң әкеме өз аузынан айтып және сол жердi апарып көрсетіпті де. 
Бертiн мен оныншы класты бiтiрiп, бiрер жыл елде әкеме көмектесіп, мал бағысып жүрдiм. Үлкен ағам Қалкен Жәмiнұлы (геология ғылымдарының докторы) Алматыда, Сәтбаев институтында қызмет ететiн. Әкем бiр күнi баяғы Қосым көрсеткен жердiң екi-үш түйiр ақ тасын Алматыдағы ағама посылкамен салып жiбердi. Арада көп уақыт өтпей, бiр күнi ауылдың қотанына тiкұшақ келiп қонып, одан үш-төрт орыс адамы түстi, iшiнде ағай да бар. Шуласып қарсы алып жатырмыз. Басшылары сақал-мұртты еңгезердей орыс жiгiтi екен. Тамақ iшiп, әрi-берi жайланған соң, қонақтарды ауылдан 5-6 шақырым жердегi тас алған жерге ат-арбамен алып бардық. Жаңағылар әр жаққа тарап, тау-тасты кездi де кеттi. Бiр кезде сақалды орыстың “таптым-таптым!” деп қуана айқайлаған дауысы шықты. Жүгiре басып барсақ, қолында жақпар тастан суырып алған, бiр шетi кертiлген жалпақтау көкшiл тас бар. Сақалды орыс жолдастарына соны көрсетiп, бiрдеңенi ежiктеп түсiндiрiп жатыр. Оның мәнiсiн артынан бiлдiк, геология ғылымында “Қосымның белгiсi” (метка Косума) деген ерекше белгi бар екен, жаңағы сақалды соны тауып алыпты. Кейiн жаңағы жерде 20-25 жылдай геологтар партиясы тұрды. Оларда бiздiң шаруамыз шамалы, не iстеп не қойғанын бiр құдай бiледi. Бiрақ артынан естiгенiмiз, сол кезде түйiрлi алтын табылған жерге мәскеулiк “дөкейлер” геологиялық партия деген сылтаумен жалған құжат жасап, экспедиция жiбередi екен. Сосын олар дайын алтынды қаптап ала беретiн сияқты.
–Отызыншы жылдардың ашаршылығы басталғасын, Қосекең өлсем сүйегiм елде қалсын деп, жаяу-жалпылап осы өңiрге жетедi, – дейді Нығмет Жәмінұлы. –Балапан басына дегендей, халық бетi ауған жағына босқындап, қоныс, қыстаулардың иесiз қалып жатқан уақыты. Сол кезде жасы сексеннен асқан Қосым даланы кезiп жүрiп, “Төлтай” деген жерде отырған бiздiң үйге келіптi. Ол кезде қазақшылықтың үзiлмеген уақыты. Қосымды ертеден бiлетiн әкей өздерi әрең деп күнін көріп отырса да, үйдiң бiр бұрышын берiп, қолда бар ырызығын бөлiседi. Үйде үш бала, Қосекеңмен төртеу болады. Әкем мен шешем тұзақ құрып, қоян аулап, оларды қалай асырағандарын кейiн жыр қылып үнемi айтып отыратын. Қосымның әкеме келу себебі, екеуі қазақ жолымен айтқанда, бажа болып келеді. Менің шешем Күлшария Қаржас-Тоқсан Мақаш деген адамның қызы. Мақаш он шақты баласы бар, орта дәулетті кісі екен. Ал, Қосымның бәбішесі Айша деген кісі Мақаштың қарындасы. Жаңағы «Төлтай» деген жердің бір пұшпағы Мақаштың қыстауы деп аталады.
Бала жасынан табиғатпен сырласып, даланы кезiп, тастың тiлiн бiлген Қосым талай құпиясын әкеме де әңгiмелеген екен. Бiрде Қосекең әкейге:
– Ата баладан безiп, ана сәбиiн далаға тастап жатқан мына сұрықсыз заманда сен менi құдай үшiн деп, үш балаңмен қосып асырап отырсың, қайырымы Алладан қайтсын! Бойымда күш-қуатым барда саған бiр жердi көрсетейiн, үрiм-бұтағыңа жететiн алтын бар, – дептi.
Әкей тумысынан ондайдан қорқатын адам едi:
– Қосеке, рақмет, байлық кiмге жолдас болған, байлардың қандай болғанын көрiп отырмыз ғой, мен саған алтын үшiн емес, кешегi құдай көршi едiк, мына балаларыма батасы тисiн деп қайырым жасап отырмын,–деп, оның ұсынысынан бас тартады. Дегенмен, Қосым бiржола жатып қалуға айналғанда әкеме: “Анау дөңнiң астында бiр тасты аударып, белгi қойып кеттiм, кейiннен қажетi болса барып қарарсың”– дептi. Әкей бұл әңгiменi үлкен ағам Хамитқа айтады. Одан кейiн 30-40 жылға жуық уақыт өттi. Әкемiз айтқан жердi кейiн Хамит ағам да ұмытса керек…
–Сөйтiп, 1932 жылы жазға салым Қосым өмiрден өтедi. Жалғыз үй отарған әкем мен шешем ғана, көрші-қолаң, ағайын-туыс деген жоқ. Екеуi мүрденiң ортасынан шымылдық құрып, бас жағын шешем, аяқ жағын әкем жуып, қолдан келгенше кебiндеп, екi аяқ арбаға салып, 3-4 шақырым жердегi “Мақаш” қыстауындағы үлкен қорымға апарады. Ол жерде Қосымға аталас туыс Ыбырайдың Әбдiрахманы деген кiсi жалғыз үй отырса керек. Терең етiп қабiрлеуге әл жоқ, екеуi иiндiкке дейiн қазып, бетiне есiк жауып жерлептi, – деп аяқтады Нықаң ақсақал өзiнiң баянын.

Осындай әңгімелерден соң, Қосым Пішенбаев жайлы дерек іздеп, біз де Алматыдағы мемлекеттік орталық мұрағатқа барып, бірталай құжаттар таптық. Сол уақыттарда Баянаула-екібастұз аймағында кен орындарын ұстаған Попов, Деров деген көпестер кен орындарын тапқан соң, Томск кен басқармасына, Алтай кен басқарамасына ресми мәлімет жібереді екен. Солардың барлығының астында «нашли месторождение с помощью киргиза Косума Пшенбаева» деген анықтама жүреді.
Қосым жайлы бүгінге жеткен азғана әңгiме осындай. Айтқымыз келгенi, Қосымның “кездейсоқ суырдың iнiнен көмiр тауып алған” бiреу емес, Жаратушы иемiз ерекше қасиет сыйлаған бiртуар адам екенiн оқырманға жеткiзу едi. Бiлмегендер біліп жүрсін дедік.

Суретте: Қ.Пішенбаев және Сабынды көліндегі Қосымның Қызыл жартасы (бүйірінен түсірілген).

 

ҚОСЫМ ПІШЕНБАЕВ ТУРАЛЫ МАҚАЛАҒА ҚОСЫМША

Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағат құжаттарынан.

«Дело об открытий месторождений угля, свинца, серебра, меди в Баянауле» және «Записи заявок об открытий меторождений каменного угля и железных руд, золотых приисков» деп аталатын істерден:

1857 жылы Үшқора деген жерден Попов мыс пен темір кенін тапқан.
Осы жылы Тачилов деген Бестөбе деген жерден мыс кенін тапқан.
Осы жылы Ерофеев деген Жаман, Құрақсу, Бала Қоянды деген жерлерден мыс кенін тапқан.
Осы жылы Майқайыңнан Попов мыс кенін тапқан.
1858 жылы Қоржыман деген жерден мыс кені табылған.
1860 жылы Төрткөл, Шатырлы, Қырықадыр деген жерлерден Попов пен Тачилов мыс кенін тапқан.
1862 жылы Ащыкөл деген жерден, Желтау бекетінен Кузнецов, Попов мыс кенін тапқан.
Осы кеніштер жайлы Попов, басқалар Томск, Алтай кен басқармаларына мәліметтер беріп отырған. Солардың барлығының аяғында «с помощью киргиза Косума Пшенбаева» деп анықтама қояды.

Сол кездегі Баянауыл төңірегіндегі көмір кеніштері жайлы мәлімет. 1857 жыл, 3 мамыр.

…по сведению управляющего Благодато-Стефановского завода за 1856 год на Кызылтавском прииске добыто кменного угля 500 000 пудов, из них употреблено на плавку руды и на паровую машину 200 339 пудов.
Көмір кеніштері:
1.Ашикуль – от приказа (Баянауылдан деген сөз – С.Б) на запад, примерно в 50 верстах. Принадлежит чиновнику горного правления Ишкарину. Вблизи дороги нет.
2.Джамантузский прииск – в северной стороне от приказа, в 110 верстах. Принадлежит доверенному от почетных граждан Попову. Недалеко от пикетной дороги.
3.Джаксы-тузский прииск – в северной стороне от приказа, в 175 верстах. Пинадлежит доверенным от поручика «Бендераки и К». Вблизи дороги нет.
4.Кызылтавский – в юго-восточной стороне от приказа в 40 верстах. Принадлежит Попову. От приказа до самого прииска проложена хорошая дорога.
5.Калмак-Кырганский – на юго-востоке от приказа в 75 верстах. Хоз.Попов, вблизи дороги нет.
6.Кудайгульский – на севере от приказа примерно в 175 верстах. Хоз.Попов, дороги нет.
7.Майкуменский (Майкөбе – С.Б.) – на северо-западе от приказа, в 50 верстах. Хоз.Попов.
8.Никольский – при урочище Каражыра, на юго-востоке в 75 верстах. Хоз. Попов, вблизи дороги нет.
9.Сарыкульский – на севере от приказа в 15 верстах, от пикетной дороги в 6 верстах. Хоз. Попов.
10.Сайтанды – от приказа на востоке примерно в 30 верстах. От пикетной дороги в 20 верстах. Хоз. Попов.
11.Талдыкульский – на севере от приказа в 50 верстах. От пикетной дороги в 6 верстах. Хоз. Попов.
12.Чуптукульский ( Шөптікөл – С.Б.) – на севере от приказа в 60 верстах. Хоз. Попов.
Осы кен көздерінің барлығын табуға Қосым бабамыз себепкер болған. Бүгінде аталған кен орындарынан Майкөбе, Сарыкөл, Талдыкөл, Шөптікөл кеніштері жұмыс істеп тұр.

Сайлау Байбосын

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ТАЛАСБЕК ӘСЕМҚҰЛОВ. ӘРІП ТАҒДЫРЫ

Бұл әскер қызметінде жүргенде пайымдай бастаған нәрсем еді. Мурманск облысының Дания, Норвегия жақ шетінде орналасқан ...