Басты бет » Айдарлар » Политика » Қазақстан прокуратурасы заңсыз митингіге шыққандар “қатаң жазаланатынын” ескертті

Қазақстан прокуратурасы заңсыз митингіге шыққандар “қатаң жазаланатынын” ескертті

Қазақстан бас прокуратурасы азаматтарды заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың “қатаң жауапқа тартылатынын” ескертті. Бас прокурор орынбасары Болат Дембаевтің үндеуі прокуратураның ресми сайтында 8 мамыр күні жарияланды.

Прокуратура үндеуінде “Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ертең, 9 мамырда заңсыз митингіге қатысуға үгіттеу жүріп жатқанын” айтады. Бірақ ведомство наразылық білдіруге нақты кімнің шақырып жатқанын көрсетпеген.

“Құқық бұзушылыққа кінәлілер заң алдында қатаң жауап береді. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратура арандатушылыққа ермеуге және мемлекет заңдарын бұзбауға шақырады” деп жазылған үндеуде.

Үндеу Нұр-Сұлтан елде тыйым салған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 9 мамырда азаматтарды бірнеше қалада митингіге шығуға шақырған соң жарияланды.

Прокуратура бұдан бұрын да заңсыз митингіге шықпауға шақырғанын ескерткенін, алайда “кейбір азаматтар органдардың ескертуін елемей, заңсыз митингілерге шығып, әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын” айтады.

Ведомство 1 мамырда наразылыққа шыққандар “азаматтардың демалуына және тыныштығына қауіп төндірді” деп жазады.

6 мамырда Қазақстан ішкі істер министрлігі 6-12 мамырда ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшетінін хабарлаған. Министрлік қоғамдық тәртіпті бұзу, шаралардың өтуіне кедергі келтіру фактілері болса, полиция заңға сай жедел әрекет ететінін ескерткен.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар “Біздің өз таңдауымыз бар!”, “Тоқаев біздің президент емес!”, “Дариға спикер емес!”, “Нұр-Сұлтан астанамыз емес!”, “АЭС-ке қарсымыз!”, “Халық пікірімен санасыңыздар”, “Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!”, “Шындықтан қашып құтылмайсың!”, “Шал, кет!” деп айқайлады.

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан ондаған азамат әкімшілік жазаға тартылды.

“Азаттық” радиосы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Президенту пора взять себя в руки

Я никогда не буду выходить на площадь и не буду сражаться против своего же народа. ...