Олжас Әбіл. Тибет

937

Мен бұрнағы бір жылдары тарихи деректерге үңілгенде осы тибеттіктердің көне тарихында бір сұмдық дәстүрді көріп жағамды ұстаған ем. Тибет халқының бабалары бұрын адам жегіш каннибал болыпты. Бұлар марқұм болған ата - анасын жеп қойып отырған екен, бұны олар "бұл біздің марқұмдарға деген сүйіспеншілігіміздің белгісі, олар үшін біздің асқазанымыздан артық қабір жоқ, біз де олардың әруағынан нәр аламыз" деп түсіндіріпті мыс. Бұлар бұрын о дүниелік болған бабаларының бас сүйегінен ыдыс жасап содан су ішетін көрінеді. Бұны 13 ғасырлардағы саяхатшы Г. Рубрук өз жазбаларында атап өтеді. Оны кейін14 ғасырда Марко Поло да растайды. "Бұлардың осы дәстүрі көршілес халықтардың ашу- ызасын тудырып отыр" дейді Рубрук.
Бүгін осы Тибет Қытайдың құрамында. 1911 жылы Қытайлық Цин империясы күйрегені белгілі. Сол кездегі Қытайдың әлсіздігін пайдаланып бұрын Цин қоластына қараған Моңғолия, Тува, Тибет сынды көптеген елдер өз азаттығын жариялап жіберді. Тува секілді халықтар орыстың қоластына өтіп алды. Ал Тибет 1913 жылы азат болды. Содан бұлар бергі 30- 40 жыл азаттық алған жылдары не істеген дейсіз ғой? Түк те істемеген. Мөлие тоңқаңдап тас құдайларына табынып елтігеннен басқа дәнеңе де істемеген. Лхаса атаулы діни орталықтарын астана қылған, сол қаланы қасиетті қала санап шал- шауқан, бала- шағаларынан бастап емпеңдеп сол қалаға ат шаптырым жерден тоңқаңдап кіретін бопты. Бұл кезде қытайлықтар бұл елге қатысты "ұзын арқан, кең тұсау" саясатын ұстанып, тибет шенеуніктерінің тамырын басып, оларды жағалап керемет сыйлықтар жасап, өз аярлығымен сатып алуға тырысады екен. Бұндайды орыс пен қытай қатырады. (Бұндай біздің де басымыздан өтті, біздегі кейбір мақаулар әлі күнге шейін бабасының орыс империясынан алған награт- сыйлықтарын,шендерін айтып мақтанады.) Қытай өкіметі де өзімен мүдделес, өзіне адал көршілеріне таралғы таратып, кеуделеріне салпыншақ асқанды тәуір көреді.
Хош сонымен, Қытайда 40 жылдар аяғы коммунистер билікке келеді. Келгеннен соң Мао Цзыдун Тибетті Қытайдың территориясы деп танып, артынан көп ұзатпай коммунистер Тибетке басып кіргенде жүз мың мұздай құрсанған қытай әскеріне тибеттіктер асып- сасып 8 мың шиті мылтықпен, садақпен қаруланған әскерін қарсы қойыпты. Қытай әскері оларды шыбын шаққан құрлы көрмей басып өтіп, Тибетке өз өкіметін орнатады. Осы кезде біраз бұрын мұрты майланған тибеттік шенеуніктер елін сатып қытай жағына өтіп кетіпті. Бұл кезде, тибеттің Далай Ламасы боқмұрын бала, билікте ел билеп оның уәзірлері отыр. Бұл уәзірлер сол тұста елдің іргесін бекітіп, қуатты әскер жасақтап, мықты мемлекет құрудың орнына табандары жалтырап Қытай мен Үндістан арасында жүгіріп "многовекторніс" дегеннен басқа түк те істемепті. Ақыры сол олақтығының кесірінен тибет халқы Қытайдан мықтап таяқ жеді.
Сол жылдардан бері Қытай өкіметі тибеттіктерді аяусыз жаныштап келеді. Тибеттік бас көтерген құрбандар саны сол заманнан бері миллиондап саналады. Қытайдың басқыншылық саясатына қарсылық ретінде 2011 жылдан бері 50-60 тибеттік өз - өзін өртеген екен. Бірақ оны қытай өкіметі ұра ма, қысық көз қытай беттері бүлк етпей, өз білгендерін істеп отыр. Тор беттеріндегі бір кадрда өртенген тибеттік шалажансар жатып "тіліміз бен дініміз құрыды, тіліміз қытай тілі араласқан қойыртпақ болды, біздің халқымыз хал үстінде жатыр" деп күбірлеп өліп барады.(Ғаламторда видеосы бар екен, қараңыздар). Ал Тибеттің заңды өкіметі шекара асып қашып, Үндістанды паналады, сыртқа кетіп босқын атанған халқы да көп.
Қытаймен көршілес бір халықтың тағдыры осындай. Ал ана жоңғарлар тіпті жоқ боп кетті. Міне сіздерге тағы бір қытай көршісі. Қытай көршісінің әлсіздігін өзіне оң жарата алатын ел, оны бұл ел сан ғасырлар бойы дәлелдеп келеді.
Енді статистикаға қарап отырсам, соңғы кезде Қытай өкіметі қорғаныс саласына миллиардтаған қаржы шашып жатыр екен.
Олардың қазір қорғаныс саласына бөлінген шығыны азулы АҚШ тан екі есе ғана кем екен. Бұрын он есе, жиырма есе кем еді, қазіргі шамасы сұмдық. АҚШ тың жайы белгілі, ол әлемді билеп отыр, ал Қытайдың түпкі мақсаты қандай?
Мен кейде былай ойлаймын, Тибет тасқа сыйынып, елтіп, мүлгіп, ұйықтап өз тәуелсіздігінен қалай айырылып қалғанын білмейтін халық болса, біз думандатып, тойдан- тойға секеңдегеннен басқа түк те бітірмеген халықпыз.
Біз дозадан дозаға шейін өмір сүретін нашақорлар секілді сенбілік тойдан, сенбілік тойға шейін өмір сүретін шегіртке халықпыз. Өйткені статистикалық қарапайым қазақтың ми қатпарында тойдан басқа түк те жоқ.
Біз "қазақтың тойы бітпесін" деп ұрандап, дарақы ырқыл жырқылмен өзімізге төнген қауіпті де сезбей думандатып жүрген халықпыз, ал қауіп қазір дәл іргеге төнді.(Сол тойларымыз баянды болса бір жөн, қазір біздегі некелердің 40 пайызы ажырасып жатады екен, бұл ажырасу үрдісі ұлттық трагедияға айналды, оны да ойлаған ешкім жоқ).
Біз құдды өзін -өзі сайлап алған Жулиан патшаларын ортаға алып еңкілдеп билеп жүрген Мадагаскар лемурлары сияқтымыз, осы мультитуынды дәл біз туралы туынды.
Меніңше, біз дер кезінде есімізді жиып, ДЕРЕУ қуатты мемлекетімізді, айбынды әскерімізді, озық экономикамызды, жаһандық үздік ғылымды меңгермесек, осы мақсатпен ауырмасақ, күйіп жанбасақ, іске асырмасақ, түбі айтпады демеңіздер, біз осы тибет, жоңғарлардай құрдымға кетеміз.

"Адырна" ұлттық порталы

Комментарии
Выбор редакции