Қазақтың жақын бауыры - сахалар

1260

Осыдан он шақты жыл бұрын маған саха - якуттердің ру - тайпалары жөнінде мәліметтер керек болып олармен тіке байланысқа шығудан басқа амал қалмады. Кітаптағы саха туралы советтік мәліметтер ескірген және оның обьективтілігі де күмән тудырады. Одан соң, "қой,ғаламтор беттерінен саха форумдарын тауып, олармен тіке байланыс орнатайын, олардан сұрайтыным көп" деп шешіп интернетке үңілдім. Ол кезде әр бұрыштан қылтиып түрлі сайт - портал, форумдардың шығып жатқан кезі. Кейін осының бәрінің түбіне жеткен фейсбук тәрізді алпауыттар ол кезде енді - енді туып жатқан. 


Сонымен, таптым іздегенімді, дәл үстінен түстім. "Уа түркі бауырластар хал нешік" деп кіріп бардым бір саха жайлаған желіге, олар қазақты көріп қуанып қалды. Жалпы, менің байқағаным, сахалар қазақтарды өзгелерден артық жақын тартып жақсы көреді екен. Шұрқырасып табыстық. Олар да түркішілдікті айтып "біз бауырмыз" дей берді.
"Бізге көршілес буряттар мен қырғыздар келіп бауырласып жақындай береді, бірақ олардың бізге бауырлығына күмәніміз бар, дәуде болса бізге осы қазақтар ғана бауырлас халық, өйткені біздің түбіміз Арал теңізі маңынан" деді тарихқа жақын біреуі.
"Түркі халықтарының ішінен пішіні ең сұлу түрки халық осы қазақтар болады, ана өзбек, ұйғыр, түрік халықтарыңың реңі парсыланып, араптанып кеткен, мұрындары қоңқиып, түрлері қарақошқылданып тұрады, шіркін менің арманым бір қазақ қызға үйлену, олар қарагөз сұлудың сұлуы ғой пай пай.. бірақ олар бізге қарай қоймас" деп мұңайды екінші жастау біреуі.
"О не дегеніңіз, сіздерде де сұлулар бар ғой, нағыз түркінің көнекөз хас сұлулары сіздерде емес пе" деп қайырма әдеп жасаған маған ол саха жігіті, "біз саха және басқа сібір халықтарының, тіпті ана қырғыздардың кескін келбеті "жалпақ бет сығыр" нәсілді халықтарға жатамыз, ал қазақтардың келбеті жіңішке, жанары үлкен, сүмбіл боп келеді, сіздер көрікті еуразиялық нәсілге жатасыздар" деп дауласып жеңсік бермеді. 


Үшінші бір жасы үлкен саха, совет әскерінде қазақтармен бірге "служить" еткенін есіне алды. "Кезінде ротамызды бір қазақ жігіті ұстады, нағыз богатырь еді, он адам жабылып жыға алмайтын әлгіні, ой сұмдық жігіт еді. Жалпы совет армиясында қазақтар мен нохчи - шешендер мықты жүрді, он бес - жиырма қазақ пен сонша шешен күллі ротаны тік тұрғызатын еді, мені де жұрт қазақпен шатастыратын, жалпы қазақтар ержүрек батыр халық қой" дегенде, сол кезде менің есіме "өй баяғыда армияда қырдық қой, бүйтетінбіз, сөйттік қой" деп ішіп алып бөсетін көкелерім түсті, "алда байғұс көкелерім- ай, сол кезде ақтарылып рас айтқан екенсіңдер ғой" деп оларға іштей риза болдым.
"Қызың сұлу, ұлың батыр" деген мақтан қандай халықтың өкіліне ұнамасын, мен бұл сұхбатта олардан мынадай жақсы әңгімелер естігесін кәдімгідей шалқыдым.Жалпы, бұл сахалардың бізге деген ниеті адал екен, соны түсіндім.
Соңына қарай әңгімеге араласпай сырттап тұрған сахалардың бір үлкені сөз алды, аңдауымша, араларындағы нағыз зиялы, марғасқалары сол болса керек, ол сөйлегенде өзгелері жым болды.
"Сен қазақ бауырым жас бала көрінесің, бірақ сөзіңе қарасам есті адамның сөзі, біз түбі бір түркі халықтарымыз, айтылғанға алып - қосарымыз жоқ, сұхбатқа қосарым біздің қазіргі руһани жағдайымыз мүшкілдеу, оның бәрі мында ыммен айтылады, көп нәрсе айтылмайды да, сіздердей емес біздің басымызда ырық жоқ, ал сіздер еркін халықсыздар, осыны білгейсіздер.
Мұрат Әжіні естіген боларсың, ол "қазақтар түркі дүниесінде түркішілдікті ту етіп түркі байрағын биік көтеріп шыға алатын орыны бөлек халық" деп бағалаған болатын. Өкінішке орай, сіздерден әзірше ондай талпыныстар көрмедік, Түркия елі тым алыс қой, сондықтан бұл тарихи миссия мәңгі сіздердің мойындарыңызда болады, жастар, соны ойлаңдар, Қазақ елінің, халқының ерекше орынын, басқа бауырларының алдындағы жауапкершілігін сезіне біліңдер, сосын кезі келгенде қол соза білсеңдер одан артығы жоқ" деп тоқтады бұл саха зиялысы. Бұл кісінің монологының мазмұнын мен ықшамдап қана салып отырмын, жалпы оның айтқаны көп еді, оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес, бірақ негізгі сөзінің түйіні осыған келеді.

Бұдан кейін мен олардан біраз тарихи мағлұмат алғасын көп айналмай кете бердім, олар қала берді. Бұл сұхбаттан соң бұл қияндағы бауырлас халық туралы менде тек қана жақсы түсінік қалыптасып қалды.

Олжас Әбіл

"Адырна" ұлттық порталы

Комментарии
Выбор редакции