Мемлекет жаңа жолға түсті - Cерік Ақсұңқарұлы

3276
Adyrna.kz Telegram

Ақын Серік Ақсұңқарұлы ҚР-дағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы

– Биыл көптеген оқиғалар мен саяси өзгерістердің куәсі болып жатырмыз. Әлі талайына куә боларымыз анық. Соның бірі – қарашада өткелі тұрған кезектен тыс президент сайлауы. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауда осы жаңалықты жария еткенде көпті таңырқағаны рас. Десек те, президент сайлауының мерзімінен бұрын өтетіні ақылға қонымды дүние. Негізі сайлау 2024 жылы болуы керек екенін білеміз. Бірақ мемлекет билігі бұрынғыдан мүлде басқа, жаңаша соқпаққа түсті. Сондықтан бас бола білетін басшыны ертерек сайлап алып, жүйелі істерді ойластырып, сол жолда жұмыла білген абзал.

Айналамыздағы елдердің тұтастығына сызат түскен мезетте бәрін тереңінен болжаған дұрыс. Біз де сол қателіктерді жібермес үшін саяси реформалар бағытын нығайтудамыз деп ойлаймын. Оның үстіне, алдағы президенттер тек бір мерзімге сайланады. Бұл да жаңаша бір өзгерістің көрінісі. Әлемде президенттің өкілеттігін осылай реттеген елдер аса көп емес. Әйткенмен халық үшін тер төгіп, жанын салып жұмыс істейтін адамға 7 жыл уақыт аздық етпейді. Жолға қойған мақсатын орындап, көп мәселені ретке келтіріп үлгеруі тиіс. Осылайша, әлем саясатында демократияны ұстанатын елдердің қатарын толықтыруға ұмтылыс жасап отырмыз. Мемлекет билігінің жаңа саяси жүйеге көшіп жатқаны өте дұрыс. Соның арқасында халық пен ел аңсаған әділетті кезеңге жете аламыз. Ол үшін осы бастан мемлекет мүддесін ойлайтын әр адам аянбай еңбек еткені жөн, - деді қаламгер.

Комментарии