Фото: REUTERS
Франция президенті Эмманюэль Макрон Украинаны одан әрі қолдауға қарсы шыққандарды сынға алып, егер Ресей Еуропаның бір еліне күшпен өз дегенін орындатса, бұл бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтты. Франция басшысы бұл туралы 14 қараша, сенбі күні X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
«Украинаға көмекті шектеуге шақыратындар, шын мәнінде, оны әділетсіз бейбітшілікке көндіріп, ұзақ мерзімді перспективада осал еткісі келеді. Ал бұл бүкіл Еуропаның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл – жеңіліске мойынсұну психологиясы. Мұндай ұстаным келесі соғысқа апаратын тікелей жол», – деп жазды Макрон.
Оның айтуынша, Украинадағы соғыс 12 қарашада өткен Еуропалық саяси қоғамдастықтың тоғызыншы саммитінде және 13 қарашада Дублинде ұйымдастырылған Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде талқыланған негізгі мәселелердің бірі болды.
Франция президенті көшбасшылар екі басым бағыт бойынша ортақ шешімге келгенін атап өтті. Біріншіден, Украинаға қыс мезгілінен аман шығуға көмектесу қажет. Екіншіден, Киевпен бірге «әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу» бағытындағы жұмысты жалғастыру керек.
«Еуропа бұл үдеріске барынша белсенді қатысуы тиіс. Өйткені құрлықтың қауіпсіздігі осы бейбітшілікке тікелей байланысты», – деп атап өтті ол.
Франция басшысы Украина Еуропадағы ең қуатты кәдімгі қару-жарақпен жабдықталған армиялардың біріне ие екенін айтып, елдің НАТО құрамынан орын алуға лайық екенін мәлімдеді.
Макронның пікірінше, Киев пен Солтүстік Атлантикалық альянс Еуропаның қауіпсіздік архитектурасында маңызды рөл атқарады.
«Енді біз келесі қадамға барып, соғыстан кейінгі тәртіпті қалай елестететінімізді, соның ішінде Ресей тарапына да нақты жеткізуіміз керек. Сонымен қатар Еуропаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мәселесінде АҚШ-тан не күтетінімізді де айқындаған жөн», – деді Франция президенті.
Макронның бұл мәлімдемесіне Польша мен Болгарияның Украинаға әскери көмек көрсетуге арналған қаржылық бағдарламаларға қосымша қаражат бөлуден бас тартуы себеп болды.
13 қарашада Дублинде өткен кездесуде Польша премьер-министрі Дональд Туск елінің Украинаға америкалық қару-жарақ сатып алуға арналған еуропалық PURL бағдарламасына бұдан былай қаржы аудармайтынын мәлімдеді.
Үкімет басшысы мұндай шешімге елдегі бюджет тапшылығы мен қорғаныс саласына жұмсалатын шығындардың жоғары болуы себеп екенін түсіндірді.
«Біз Украинаға көмектестік және оған елеулі қолдау көрсетуді жалғастырып келеміз. Алайда қаржылық мүмкіндіктерімізді ескере отырып, Польша қосымша қаражат бөлмейді. Себебі өзіміздің қорғаныс пен қауіпсіздікке қатысты шығындарымыз бар. Бұл көрсеткіштер бойынша біз Еуропадағы ең жоғары елдердің қатарындамыз», – деді Дональд Туск.
Осыған ұқсас мәлімдемені Дублинде Болгария премьер-министрі Румен Радев те жасады.
Ол Киевке арналған жаңа несие мәселесін талқылау кезінде қазіргі жағдайда Болгарияның Украинаға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Еуропалық одақ Болгарияға қатысты бюджет тапшылығының шамадан тыс болуы жөніндегі рәсімді бастағанын еске салды.
Радевтің сөзінше, Болгария билігі Украинаға гуманитарлық көмек көрсету, энергиямен жабдықтау және медициналық қажеттіліктерге арналған қаржы бөлу мәселесін талқылауға дайын. Алайда қаражатты қару-жарақ сатып алуға бағыттауға қарсы.
Бизнес не должен оставаться в стороне: предприниматели Астаны поддержали масштабную экологическую акцию
