Премьерден – әкімге дейін. Айыпталғандар алқасы

106
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E7Fkns8WSpk7NOzDkWLc1mRUt24SargAUBq7dG7D.jpg

Қазақстанда жемқорлық бабымен айыпталып, сотталған шенеуніктер мен топ-менеджерлердің өзі бір қауым. Кейбірі рақымшылыққа ілігіп, жаза мерзімі қысқарған. Кейбіреулердің тағдырына өзге де процессуалдық шешімдер әсер еткен. Саяси реңкке ие болған оқиғалар да кездеседі.  

Елде жоғары лауазымды шенеуніктер мен топ менеджерлердің ұсталуы күнде болатын оқиға емес. Әсіресе, елдің стратегиялық активтерін басқаратын ұлттық компаниялардың басшыларының қамалуын қоғам айыптады. Оған дейінгі оқиғалар легі қандай болған еді?

2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Орыншиевті және басқа да адамдарды ұстады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іле-шала Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізді. Жиында мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылайтын арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеді. «Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай,- деген ел басшысы. – Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз», - деп жариялады.  

Бұл оқиға Қазақстандағы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты бұрынғы резонансты істерді тағы бір еске салды. Тәуелсіздік жылдарында бұрынғы премьер-министрлер, министрлер, облыс әкімдері, ұлттық компаниялардың басшылары мен ықпалды кәсіпкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу жүріп жатыр.

БҰРЫНҒЫ ПРЕМЬЕРЛЕР НЕ ЖАЗДЫ?

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің ісі тәуелсіздік жылдарындағы ең резонансты жемқорлық істерінің бірі болды.

Ол 2012-2014 жылдары Үкіметті басқарған. Бұған дейін Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды.

2015 жылы Ахметов сыбайлас жемқорлық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану деректері бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін жаза мерзімі қысқартылып, ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Бұл іс Қазақстанда бұрын премьер-министр болған адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тұрғысынан ерекше оқиға болды.

Серік Ахметов – жемқорлық бабымен сотталған алғашқы премьер емес. 1998 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қызметінен кеткен премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бір жылдан кейін Қазақстанның экс-премьер-министріне прокуратура қызметкерлері халықаралық іздеу жариялады. Экс-премьер-министрге қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бопсалаушылықпен айналысты және аса ірі көлемде пара алды, мемлекет қазынасына бірнеше миллион теңге залал келтірді деген айыптар тағылды. 2001 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты Әкежан Қажыгелдинге сырттай 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Сондай-ақ, оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шықты. Сол кезде шетелге шығып кеткен Қажыгелдин кейін АҚШ-қа қоныс аударған.

Қазақстанды Назарбаев басқарған дәуірде Қажыгелдин оның саясатын сынап, қарсыласына  айналды.

УРАН ҮШІН ТҰРЫСҚАН

Қазақстандағы ең көп талқыланған қылмыстық істердің бірі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке қатысты болды.

Ол 1998-2009 жылдары компанияны басқарды. 2009 жылы мамырда тұтқындалып, оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру бойынша айыптар тағылды.

2010 жылы сот Жәкішевті 14 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін жаза мерзімі қысқартылып, 2020 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Жәкішевтің ісі Қазақстанда ғана емес, шетелде де үлкен қоғамдық-саяси пікірталас тудырды. Оның жақтастары істі саяси астары бар деп бағаласа, құқық қорғау органдары тағылған айыптарды экономикалық қылмыстармен байланыстырды.

Бұл оқиға Қазақстанның стратегиялық уран саласындағы активтерді басқару мәселесін де қоғам талқысына шығарды.

НАЗАРБАЕВ ӘУЛЕТІ СОТҚА ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталғаны туралы ақпарат үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

 Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары болған. Сонымен қатар ірі бизнес активтерімен байланысты тұлға ретінде танылды. Сатыбалдыұлы «Қазақтелеком» компаниясына қатысты істерді қоса алғанда, аса ірі көлемдегі қаражатты жымқыру және басқа да экономикалық қылмыстар бойынша жауапқа тартылды.

 2022 жылы сот оны кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды.Тергеу барысында мемлекетке миллиардтаған теңгенің активтері мен мүлкі қайтарылғаны туралы ресми хабарламалар жасалды. Бұл оқиға Қазақстандағы ықпалды әулеттердің өкілдері де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін көрсетті.

МИЛЛИАРДТАҒАН ДОЛЛАРДЫҢ ДАУЫ

Қазақстандағы ең ірі қаржылық даулардың бірі бұрынғы энергетика министрі, кейін БТА Банкінің басшысы болған Мұхтар Әблязовтің ісімен байланысты. Ол 1998 жылы энергетика, индустрия және сауда министрі қызметін атқарды.

Кейін банк секторына ауысып, БТА Банкінің басшылығына келді. 2009 жылы банк қаржылық қиындықтарға тап болғаннан кейін Әблязовке банк қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген айып тағылды. Осы бап бойынша 20 жылдық жазаға кесілді. Тағы бір айыптаулар бойынша өмір бақи түрме жазасын арқалады. Осылайша ол сырттай сотталып, ауыр жаза арқалаған экс-шенеунік болды. БТА Банкіне қатысты дау халықаралық соттарда да қаралды.

Бұл іс Қазақстан тарихындағы ең ірі қаржылық жанжалдардың бірі ретінде есте қалды.

МИНИСТР БОЛҒАН ЭКС-ӘКІМНІҢ АЙЫБЫ

Алматыны 1997-2004 жылдары басқарған Виктор Храпунов та Қазақстандағы ең даулы шенеуніктердің бірі саналады.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған ол кейін шетелге кеткен. Храпунов кезінде Төтенше жағдай министрі болды да.  Қазақстан құқық қорғау органдары оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, мемлекеттік мүлікті заңсыз иемдену және қаржылық қылмыстарға қатысты айыптар тақты.

Қазақстан соты Храпуновты сырттай 17 жылға соттады.

Оның ісі мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, жер телімдерін бөлу және шетелге шығарылған активтер мәселесімен байланысты болғандықтан, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН КӨРСЕТКЕН ІС

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев те бір кездері сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптар бойынша тергеуге алынған. 2010 жылы ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және парақорлыққа қатысты айыптар бойынша ұсталды. Кейін 7 жылға сотталды.

Оның ісі сол кезеңдегі ең резонансты қылмыстық процестердің бірі болды. Кейін сот процесінде бірқатар шешімдер өзгертілді. Досқалиевтің ісі мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселесін қоғам талқысына шығарды.

Тағы бір Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртановтың ісі де елдегі ең шулы қылмыстық процестердің біріне айналды. 2020 жылы ол өзінің орынбасары Олжас Әбішевпен бірге ұсталды. Оларға денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін әзірлеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану айыптары тағылды.

Тергеу нұсқасы бойынша, мемлекеттік қаражатты пайдалану кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген.

2022 жылы сот Біртановты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда оны аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру айыбы бойынша ақтады.

Бұл іс мемлекеттік ақпараттық жүйелерді әзірлеуге бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты мәселелерді қоғам талқысына шығарды.

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІНЕ СЫН

Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да жемқорлыққа қатысты ең резонансты істердің бірінде фигурант болды.

2022 жылы ол ұсталды. Оған халықаралық көрмеге бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға қатысты айып тағылды.

Әңгіме 2017 жылы Астанада өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған «Шелковый путь в искусстве» көрмесіне бөлінген қаражат туралы болды.

2023 жылы сот Мұхамедиұлын осы айыппен кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Бұрынғы министрдің сотталуы мәдениет саласындағы мемлекеттік жобаларды қаржыландыру мен бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты үлкен сұрақтар туғызды.

ЖЕМҚОРЛЫҚТАН АҚТАЛЫП, КЕЙІН ТАҒЫ СОТТАЛҒАН МИНИСТР

Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың есімі қоғамға екі ірі қылмыстық іспен белгілі.

2017 жылы министр қызметінен кеткеннен кейін көп ұзамай ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеуге ілікті. 2018 жылы сот оны пара алу және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін ол рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды.

Алайда Бишімбаевтың есімі 2024 жылы тағы да ел назарында болды. Бұл жолы ол жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталды. Сот оны 24 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Осылайша, бұрынғы министрдің аты Қазақстандағы ең резонансты екі қылмыстық істің тарихында қалды.

20 ЖЫЛ АРАЛЫҚПЕН ЕКІ РЕТ СОТТАЛҒАН

Экс-шенеунік Абылай Мырзахметов екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған. Алғашқы іс 2002 жылы ол Көлік және коммуникация министрлігін басқарған кезде темір жол саласындағы былыққа айыпталып, мемлекеттік мүлікті жымқыру деректеріне байланысты қозғалды. 2003 жылы сот оны 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.

Арада 20 жыл өткен соң, 2023 жылғы мамырда Мырзахметов «Атамекен» ұлттық палатасын басқарған кезде қайта ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол кәсіпкер Талғат Боранбаевтан 13,9 млрд теңге алып, оның ағасы Қайрат Боранбаевты қамаудан босатуға көмектесуге уәде берген. 2024 жылғы мамырда сот оны аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырды. Мемлекет кірісіне 5,8 млрд теңге тәркілеу туралы шешім қабылданды.

2026 жылғы шілдеде сот жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырғаннан кейін Мырзахметов бостандыққа шықты.

2 МИНИСТРЛІКТІ БАСҚАРҒАННАН КЕЙІНГІ ҚТЖ

Қазақстанның бұрынғы экономика және сауда министрі, білім және ғылым министрі Жақсылық Күлекеев 2008 жылы  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті кезінде істі болды.

2008 жылғы 1 сәуірде ол 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды. Алайда 2008 жылғы 13 қарашада сот оны пара алу айыбы бойынша ақтады. Сонымен бірге қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, компанияға тиесілі автокөлікті қымбат бағаға сату, жеке күзет қызметін компания есебінен төлеу және мемлекеттік сатып алуға қатысты үш эпизод бойынша кінәлі деп таныды.

Сот Күлекеевті үш жылға бас бостандығынан айырды. 2009 жылғы қаңтарда апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды. Алайда сол жылдың қазан айында ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

ӘКІМ ӘРКІМ ЕМЕС

2020 жылы Павлодар облысының сол кездегі әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол өңірді 2016 жылдан бастап басқарған.

Бақауов қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Кейін сот оны кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ісі қоғамда үлкен дауға айналды. Өңірді 2006-2012 жылы басқарған оны сот сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 17 жылға соттады.

Бұл оқиғалар өңір басшыларының қызметтік шешімдері мен бизнес мүдделерінің арақатынасы мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Назарбаев тұсында әкім болып, кейін оны шетелде сынаушыға айналған Рысқалиевтің жағдайында мәселенің саяси реңкі басым болды. 

Қазақстандағы жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты істердің ауқымы мен сипаты әртүрлі. Бірінде мемлекеттік сатып алу мәселесі көтерілсе, екіншісінде ұлттық компаниялардың активтері, банктердің қаражаты немесе мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселесі қозғалды.

Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ мәселе бар: мемлекеттік ресурстар мен лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалану мәселесі.

2026 жылғы қарашада «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына қатысты оқиға бұл тақырыпты қайтадан күн тәртібіне шығарды. Өйткені әңгіме жай ғана екі лауазымды тұлға туралы емес. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» – ел экономикасының стратегиялық маңызы бар құрылымдары. Олардың қызметіне қатысты кез келген тергеу мемлекеттік активтерді басқару, қаржының ашықтығы және қоғамдық бақылау мәселелерін алға шығарады.

Гүлбаршын Нұрхан

«Адырна»

Комментарии