Фото: Павлодар облысының прокуратурасы
Павлодар облысында кейінгі үш жылда салынған 30 нысан тексеріліп, құрылыс кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды “Адырна”.
Соның салдарынан мемлекет бюджетіне 484 млн теңгеден астам шығын келген. Бұл туралы облыстық прокуратура ақпарат таратты.
Тексеру барысында құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары орындалмаған жұмыстарды қабылдап, олардың ақысын төлегені белгілі болды. Сондай-ақ мердігерлерден келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін өсімпұл өндірілмеген.
Бұдан бөлек, мердігерлер құрылыс материалдары мен жабдықтарды жоба талаптарына сай келмейтін арзан өнімдерге алмастырған. Мәселен, жобада металл шатыр жабындысының қалыңдығы 0,7 миллиметр болуы керек болса, іс жүзінде 0,5 миллиметрлік материал қолданылған. Ал қабырғаларды пеноплекс материалымен қаптаудың орнына кәдімгі пенопласт пайдаланылған.
Амбулаторияларда сертификатталған медициналық шамдардың орнына кеңселерге арналған қарапайым LED-шамдар орнатылған.
Сонымен қатар №1 Павлодар қалалық ауруханада монтаждалмаған және іске қосылмаған жабдықтар қабылданған. Операциялық блоктардың бір бөлігі пайдалануға дайын болмаған. Қымбат медициналық жабдықтар қаптамасынан шығарылмай, өндірістік лифтілер мен желдету жүйесі де іске қосуға әзірленбеген.
Қазір анықталған деректер бойынша әкімшілік және қылмыстық істер қозғалған. Әрбір заңбұзушылық жеке қаралып жатыр.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаев барлық ескерту қабылданып, оларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, кепілдік міндеттемелерін орындату мақсатында сот талқылауы басталған. Нысандар бойынша кепілдік мерзімі – 10 жыл.
В Павлодаре стартовал Республиканский молодежный форум: акцент на рабочие профессии и будущее Казахстана
