Министр ЖИ-ді қалай қолданатынын айтты

151
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BqXU3818eRG60JH1zFrF9dW4bUL2AOwgCricSDES.jpg

Фото ЖИ-мен жасалған

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллектіні күнделікті жұмысында қалай пайдаланатынын және күрделі ақпаратты қарапайым тілмен түсінуге көмектесетін сұраныс үлгісін көрсетті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект адамның жұмысын алмастырмай, оқу мен ізденіс барысында көмекші құрал ретінде қолданылуы керек.

«Мен қазір оны күнделікті қызметімде де пайдаланамын. Бір нәрсені жылдам түсіну қажет болса, мынадай сұраныс беремін: “Маған бұл мәселені он жастағы балаға түсіндіргендей, барынша қарапайым, дәйекті әрі көрнекі түрде түсіндіріп берші”. Осылайша күрделі сұрақтың мәнін түсіну жеңілдейді», – деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ министр студенттердің дипломдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазу кезінде жасанды интеллектіні пайдалануына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан білім беру жүйесінде бұл технологияға толық тыйым салмай, оны белгілі бір талаптар мен шектеулер аясында қолдануға мүмкіндік беруді таңдаған.

Атап айтқанда, студенттерге зерттеу жұмыстарының талдау бөлімдерін, тұжырымдары мен қорытындыларын жасанды интеллект көмегімен жазуға болмайды. Өйткені бұл бөлімдер білім алушының жеке ізденісі мен өзіндік пікірін көрсетуі тиіс. Ал ЖИ қолданылған жағдайда, жұмыста қандай құрал пайдаланылғанын және оның ақпаратты өңдеуге немесе деректерді жинауға қалай көмектескенін көрсету қажет.

Саясат Нұрбек жасанды интеллект білім алуды алмастырмай, керісінше, оны толықтыруы керек екенін атап өтті.

Министр мысал ретінде зерттеу нәтижелерін келтірді. Оған сәйкес, тапсырмаларды өз бетінше орындаудың орнына жасанды интеллектіге сүйенген студенттер емтихандарда төмен нәтиже көрсеткен. Ал оны көмекші, тәлімгер және білімін тексеру құралы ретінде пайдаланған білім алушылардың көрсеткіші жоғары болған.

Бұдан бөлек, министр АҚШ-тың ETS (Educational Testing Service) компаниясымен бірлесіп жаңа тест әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Ол білім деңгейімен қатар, логикалық ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылықты және жасанды интеллектіні қолдану дағдыларын бағалауға бағытталған. Тестті келесі жылы пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.

Комментарии